Әкімдер жаяу жүрсін: Президент елдегі қалалардың келбетін сынға алды

19 Сәуір 2023, 10:46
946
Бөлісу:
Әкімдер жаяу жүрсін: Президент елдегі қалалардың келбетін сынға алды
Фото: kaz.tengrinews.kz

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметте өтіп жатқан еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бізге барлық қаланың және астананың абаттандырылуына баса назар аудару қажет. Қалаларымыздың келбеті онша еместігін мойындағанымыз жөн. Балалар ойнайтын алаңдар жабдықталмаған, - деді Мемлекет басшысы Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің баяндамасынан кейін.

Сонымен қатар Президент адамдардың өздері мекендейтін жерге ұқыпты қарамайтынын да алға тартты.

Шетелге сапармен барғанда, әсіресе Шығыс Еуропа  қалаларында, Балқандағы шаһарлар бюджеті аз болса да, бірақ келбеті өте әдемі. Бұл бір жағынан мунициалдық биліктің жұмысы болса, екінші жағынан азаматтардың өздерінің тұратын жерлеріне деген қарым-қатынасының белгісі. Бізде бұл жағы жетпей жатады. Өз үйімізге, көшемізге салғырт қараймыз. Бұл еліміздің беделінің төмендеуіне де әсер етеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айтуынша, бұл мәселе Астананы да айналып өтпеген.

Астананың биік мәртебесіне қала орталығы ғана емес, оның шеткері жерлері де сай болуы тиіс. Әзірге елорда болсын, мәртебесі әлдеқайда төмен басқа қалалар болсын, көркі өте нашар. Мұны мойындау керек. Осы жерде барлық әкім отыр. Осыны назарға алыңыздар. Жақында теледидардан бір сюжет көрсетті. Семейдегі балалар алаңы оны қолдану өте қауіпті. Әкімдер өз қалаларында, елді мекендерде жаяу жүрулері керек. Бұл Астанаға да қатысты. Қалаларды жақсылап абаттандыру керек. Ол – мәдениеттің белгісі, - деді Президент.

Еске сала кетейік, Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтуде. Кеңес барысында Мемлекет басшысы еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы