ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өмірден өткен әйгілі актер Асанәлі Әшімовтің қазасына байланысты көңіл айтып, актер туралы жантебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлт руханиятының абыз ақсақалы, қазақ мәдениетінің алып тұлғасы Асанәлі Әшімов ағамыз келместің кемесіне мініп, бақиға аттанды. Барша алаш жұртына, ағамыздың әулеті мен ағайын-бауырларына, шәкірттеріне қайғыра көңіл айтамын. Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған Асанәлі ағамызбен бірге тұтас бір дәуір өткендей. Ерек талантымен, кәсіби шеберлігімен қазақ өнерін бір биікке көтеріп, қалың қазақтың қадірлісіне айналды. Көпжылдық еселі еңбегі үшін Президентіміздің қолдауымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды, - деді Аида Балаева.
Сонымен қатар ол өнер қайраткерінің жарқын бейнесі халқының жадында мәңгі сақталатынын айтты.
Мен де ағамызбен етене жақын араласып, сыйлас-сырлас болдым. Әкемнің көзін көріп, дәмдес болғанын жиі айтып отыратын. Айналасына қамқор, кісілігі мен кішілігін сақтаған, жүрегі кең жан еді. Бар ғұмырын қазақ театры мен кино өнерінің өсіп-өркендеуіне арнап, соңында соны соқпақ, өшпес із қалдырды. Көптеген талантты жасқа қолдау көрсетіп, үлгі-өнеге болды. Асылдардың көзіндей, алыптардың сөзіндей болған өнер қайраткерінің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз. Ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Рухы пейіште шалқысын! – деді вице-премьер.