"Әке, көмектесші" – палестиналық жантүршігерлік оқиғаны баяндады

8 Сәуір 2025, 16:17
1584
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Баласын Израиль әскері атып өлтірген палестиналық фельдшер жантүршігерлік оқиғаны баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Палестиналық фельдшер Хассан Хосни Әл-Хила бір түнгі кезекшілікте өзін жайсыз сезініп, орнына 21 жастағы ұлы Мұхаммедті жібереді. Бірақ бұл оның соңғы сапары болады.

Сол түні Мұхаммед Рафах қаласы маңында жоғалған жедел жәрдем қызметкерлерін іздеп шыққан топпен бірге жолға аттанады. Арада біраз уақыт өткенде ол әкесіне соңғы рет қоңырау шалып, көмек сұрайды.

Кел, әке, көмектесші… Бізді израильдіктер атып жатыр, – дейді ол. 

«Бұл – біздің соңғы әңгімеміз болды», – деп еске алады әкесі.

Осы оқиғадан кейін ұлының тағдыры бір аптадан астам уақыт бойы белгісіз болды. Тек Израиль тарапы құтқарушыларға оқиға орнына баруға рұқсат бергеннен кейін, жер астынан 15 фельдшердің мәйіті табылды. Олардың денелері көліктерімен бірге жерленген.

Израильдің алғашқы мәлімдемесі күмән туғызды

Бастапқыда Израиль Қорғаныс күштері (IDF) фельдшерлердің көліктері жарықсыз қозғалып, күмәнді әрекет жасағанын айтқан. Тіпті олардың арасында содырлар болды деген болжам айтылды. Алайда CNN жариялаған бейнежазбалар мен куәгерлердің әңгімесі бұл нұсқаны теріске шығарады.

Бейнежазбаларда жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндіру техникасы жарық шамдарын жағып, белгіленген жолмен жүріп келе жатқаны анық көрінеді. Бұл мәліметтерді The New York Times пен Палестина Қызыл Жарты Айы да растады.

Кейін IDF бұл жағдайды қайта тексеретінін хабарлады.

Егер мен сол түні жұмысқа шыққанымда, баламмен бірге болар едім, – дейді Хассан Хила. Мен оған: «Кешір мені, балам, соңғы сәттеріңде қасында бола алмадым» дедім.

Фельдшер Мунтер Абед көліктің ішінде болған. Оның айтуынша, көлік кенеттен ауыр оққа ұшыраған.

Мен тек өлімнің тынысын естідім, – дейді ол.

Көлік тоқтаған соң, Израиль сарбаздары артқы есікті ашып, оны сыртқа шығарып, іш киімге дейін шешіндіріп, тұтқындаған.

Израиль тарапы бұл көлік жедел жәрдем болмағанын, ал ішіндегі адамдар ХАМАС мүшелері екенін мәлімдеген. Алайда куәгерлер мұны жоққа шығарып отыр.

Жаппай қабір мен дәлелдер

Бір аптадан кейін Қызыл Жарты Ай, БҰҰ және Азаматтық қорғаныс қызметі іздеу жұмыстарын жүргізіп, жер астынан 15 адамның денесін тапты. Олардың ішінде 8 фельдшер, 6 азаматтық қорғаныс қызметкері және 1 БҰҰ қызметкері бар.

Көпшілігі фельдшер формасын киіп, резеңке қолғап тағып жүрген. Бұл олардың нақты қызметте болғанын көрсетеді.

Олар өмірді құтқаруға дайын еді. Бірақ өздері жаппай қабірден табылды, – деді БҰҰ өкілі Джонатан Уиттолл.

Сарапшылар мәйіттердің денесінен оқ іздерін тапқан. Бұл жағдай халықаралық сынға себеп болды.

Израиль әскерилері шабуыл кезінде колоннадағы көліктер күмән туғызды деп түсіндірген. Дрон операторлары көліктер жолға тоқтап, ішіндегі адамдар тез шыға бастағанын хабарлаған. Бірақ олар униформа киген фельдшерлер екенін көрсе де, шабуылды жалғастырған.

Тәуелсіз тергеу қажет

Қызыл Жарты Ай ұйымының басшысы Аль-Хатиб:

Біз Израиль армиясының ішкі тергеулеріне сенбейміз. Сондықтан бұл істі тәуелсіз зерттеу қажет, – деді.

Еске сала кетейік, әскерилер 15 дәрігерді өлтіріп, бульдозермен қазылған зиратқа жерлеп кеткені туралы осыған дейін жазғанбыз.

Өзгелердің жаңалығы