Тоқаев: Әкемнің бала кезінен тағдыры қиын болды

1 Мамыр 2020, 21:22
2847
Бөлісу:
Тоқаев: Әкемнің бала кезінен тағдыры қиын болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Мир" арнасына берген сұхбатында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әкесі туралы айтып берді.

Әкемнің бала кезінен тағдыры қиын болды. Ерте жетім қалды. Балалар үйінде, содан кейін интернатта тәрбиеленді. Көп уақыт өтпей соғыс басталды. Соғыс ол үшін тағы да батылдық пен төзімділіктің сынағы болды. Ол соғыста көп қиындықты басынан өткерді, оның үрейлі сынағынан өтті. Қорқыныш пен қайғы-қасіретті жеңе білді. Әйтсе де әкем басқа майдангерлер сияқты соғыс туралы, әсіресе өзінің ерлігі мен марапаттары туралы айтуды ұнатпайтын. Өзінің сезімі, жаумен алғаш бетпе-бет келуі, жауынгерлердің ерлігі, батырлығы және Жеңіспен үйге оралуы жайлы өзінің "Солдат соғысқа кетті" атты өмірбаяндық кітабында айтып берді, - деп еске алды әкесін Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы әкесінің бала кезінен білімге құштар адам болғанын айтып өтті. 

Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиетке ерекше құмар еді. Соғыстан кейін ол әскери форма киген күйі балдақпен келіп, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің бірінші курсына түседі. Содан кейін ол журналист болып жұмысқа кетті. Жазушылықпен айналысты, жылдар өткеннен кейін лайықты марапат пен атаққа ие болды. Ол қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы болып саналады. Мен жақында әкемнің 1945 жылдың ақпан-маусым айларында ауыр жарақат алғаннан кейін емделген Омбыдағы соғыс ардагерлері ауруханасының қасбетіне әкеме арналған ескерткіш тақта орнатылғаны туралы білдім. Мен әкемді және жалпы соғыс ардагерлерін еске алып, ұмытпай жүрген Омбы облысы мен қала басшылығына ризамын, - деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар мемлекет басшысы өзі білім алған Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты туралы пікір білдірді.

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (ММХҚИ) - шынында да бірегей оқу орны. Ол Ресейде ғана емес, көптеген посткеңестік елдерде, соның ішінде Қазақстанда да танымал. Батыс та бұл институттан хабардар, себебі оның түлектері Біріккен Ұлттар Ұйымы мен өзге де халықаралық ұйымдарда жұмыс істеп жүр. Оның ректоры, академик Анатолий Торкуновтың күш-жігерімен бұл ЖОО студенттердің костюм мен галстукте жүруі сынды дәстүрлі және консервативті қағидаларын ұстануды үйлестіре алды. Бірақ, мұның бәрі артта қалды, қазіргі студенттер галстук тақпайтын да шығар. Біз оқыған жылдары галстукпен жүру міндетті еді, - деп еске алды Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен бірге, Президент 2017 жылы ММХҚИ түлектерінің кезекті форумын Қазақстан астанасында өткізуді ұйымдастыруға көмектескенін айтты. 

Сол кезде бізге институттың түлектері - танымал саяси, қоғам қайраткерлері, дипломаттар келген еді. Сондықтан, мұндай форумдарды өткізу өте маңызды. Менің білуімше, форум өткізу дәстүрі әлі де жалғасын табады және мен де бұл дәстүрді қолдаймын, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы