Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №2 мекемеде Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара аясында жазасын өтеп жатқан әкелермен кездесуге олардың балалары келді. Аршалы ауданы прокуратурасының қолдауымен кішкентай қонақтарға арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, сыйлықтар табысталды.
Кездесудің ең әсерлі сәттері әкелер мен балалардың қауышуы болды. Ұзақ уақыттан кейін бір-бірін құшақтап, тілдесіп, бірге уақыт өткізу мүмкіндігіне ие болған олар қуаныштарын жасыра алмады. Жазасын өтеушілер үшін мұндай кездесулер ерекше маңызға ие болса, балаларға да ата-анасының қамқорлығы мен жылуын сезінуге мүмкіндік береді.
Бұл күні түзеу мекемесінің қызметкерлері де балаларға ерекше көңіл бөлді. Олар бүлдіршіндермен әңгімелесіп, түрлі ойын-сауық ұйымдастырды. Сондай-ақ балаларға қызметтік рацияны пайдаланып көруге мүмкіндік берілді. Бұл олардың есінде ұзақ сақталатын ерекше әсер сыйлады, - деп хабарлады ведомство.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер отбасы байланысын сақтауға, сотталған азаматтарға моральдық қолдау көрсетуге және ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың кез келген жағдайда үзілмеуіне ықпал етеді.