«Ақ жол» газетіне – 100 жыл. Басылым материалдарының жинағы жарық көрді

7 Желтоқсан 2020, 15:00
4069
Бөлісу:
«Ақ жол» газетіне – 100 жыл. Басылым материалдарының жинағы жарық көрді
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ақ жол» Демократиялық партиясы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты және «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен бірлесе «Ақ жол» газетінің жарық көргеніне 100 жыл толуына орай «Алаштың Түркістан кезеңі» атты халықаралық онлайн конференциясын өткізді. Іс-шараға «Ақ жол» партиясының төрағасы А.Перуашев, алаштанушылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Шарада «Ақ жол» газеті материалдары жинағының тұсауын Алаш қайраткері, «Ақ жол» газетінің негізін қалаушы және бірінші редакторы С.Қожановтың ұрпағы, филология ғылымдарының кандидаты Светлана Қожанова мен Алаш арысы, «Ақ жол» газетінің қызметкері Хайретдин Болғанбаевтың ұрпағы, Хайретдин Болғанбаев атындағы қайырымдылық қорының төрағасы Жамбыл Камелов кесті. 

«Ақ жол» газетіне – 100 жыл. Басылым материалдарының жинағы жарық көрді

Жинақ қоғам қайраткері, ақын, «Ақ жол» партиясының мүшесі Ханбибі Есенқарағызының жеке бастамасы бойынша құрастырылған. Ол Ташкент, Шымкент, Алматы, Мәскеу кітапханалары мен мұрағаттарында газет материалдарын жинау бойынша үлкен жұмыс істеді. 

«Ақ жол» - 1920–26 жылдары басылып шыққан және Алаш белсенділері құрған қоғамдық-саяси газет. Бірінші редакторы - Сұлтанбек Қожанов. Газетте Н.Төреқұлов, М.Дулатов, X. Досмұхамедов, И. Жансүгіров, А. Байтұрсынов және басқа да көптеген қазақ зиялысының Түркістан, Қазақ Автономиялық ССР өмірі мен оқиғалары туралы материалдары жарияланды.   

«Ақ жол» газетіне – 100 жыл. Басылым материалдарының жинағы жарық көрді

Өздеріңіз білетіндей, «Ақ жол» партиясы Алаш қозғалысының идеялық мұрасын зерттеу және насихаттау бойынша үнемі жұмыстар жүргізеді. Жыл сайын ғылыми жұмыстар конкурстары, ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, жарияланымдар жарық көреді. 

Жиындағы құттықтау сөзінде Азат Перуашев жинақтың жарыққа шығуы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы және ақын Ханбибі Есенқарақызының еңбегінің арқасында жүзеге асқанын атап өтті. 

Ұрпақтардың рухани және мәдени тәжірибесінің сабақтастығы - Тәуелсіздікті нығайтудың басты негіздерінің бірі. Мұндай материалдарды басып шығару ұлттық тарихты түсіну үшін, оның бұрмалануына қарсы тұру үшін өте маңызды, - деді Перуашев.   
Сондай-ақ, Мимар Синан университетінің профессоры, түркітанушы Әбдіуақап Қара «Алаш, түркі дүниесі және баспасөз», тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов «Ақ жол» газеті – Алаш тарихын зерттеу бағытында құнды тарихи дерек», филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы «Түркістан және ұлт жоғары мектебінің іргетасы» тақырыбында баяндама оқыды. 

       


Өзгелердің жаңалығы