Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Алжир» мұражай-мемориалдық кешенінде «Тарихи сана- тәуелсіздіктің рухани тұғыры» тақырыбында жас тарихшылармен кездесті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтудің тұжырымдамасы мен іс-шаралар жоспарына сәйкес мамыр айы «Ұлттық бірлік, бейбітшілік және тұрақтылық» тақырыбымен өтуде. Бұл биыл, 31 мамыр, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне ерекше мән береді, – деді Аида Балаева.
Министр ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен 1997 жылдан бастап жыл сайын Қазақстанда 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтілетінін еске салды.
Сондай-ақ министр Қазақстанда тарихымыздың жекелеген кезеңдерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік бар екенін атап өтті және тарихшылардың жас буынын осы бағытта академиялық жұмыстар жасауға шақырды.
Қазақ халқының 20-30-жылдардағы тарихының қаралы беттерін зерделеу, большевиктердің қылмыстары туралы ақиқатты ашу қандай да бір басқа халыққа қарсы бағытталған іс-әрекет ретінде қарастырылмауы тиіс. Алайда тарих барлық халықты өткеннің қайғылы қателіктерін қайталамауға үйретіп, ескертуі керек. Әсіресе, өскелең ұрпақты тарихымыздың ақиқатына қаншалықты ащы болса да үйретуіміз қажет. Сондықтан Президенттің тапсырмасы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Енді тарихи құжаттарды зерделеп, нақты деректерге негізделген сенімді зерттеу жүргізілетініне сенімдімін, – деп атап өтті ол.
Кездесуге жас тарихшылар мен ғалымдар, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссияның өкілдері, ғылыми-зерттеу орталықтарының, мұрағаттар мен музейлердің қызметкерлері қатысты.
Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихты объективті зерттеуге, нақты фактілерді білуге және оларды қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндік туындағанын атап өтті. Іс-шара барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Е.Бейсенбаев, тарихшы ғалымдар М. Қозыбаева, К. Батталов, М.Жылгелдинов, Х.Маслов сөз сөйледі.
Еске салсақ, «АЛЖИР» мемориалды мұражай-кешені Ақмола облысы, Целиноград ауданы Ақмол елді мекенінде орналасқан. «АЛЖИР» (Акмолинский лагерь жён изменников Родины) мемориалды-мұражай кешені 2007 жылы 31 мамырда бұрынғы Ақмола «Отанын сатқандар» әйелдерінің лагері аумағында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылды.
КСРО НКВД-ның 1937 жылғы 15 тамыздағы 486-бұйрығы негізінде Қарағанды лагерінің («Карлаг») 26-бөлімшесі ретінде ашылған лагерде «халық жауы» атанған күйеулері мен туыстарынан бас тартпаған 20 мыңнан астам әйел «жазаларын өтеді».