Аида Балаева қандай мәселе басты назарда болатынын атады

Бөлісу:
Аида Балаева қандай мәселе басты назарда болатынын атады

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бурабайда IV Ұлттық құрылтайдың отырысы аясында өткен "Мәдениет. Өнер. Руханият" секциясында отбасылық құндылықтар мәселесі назарда болатынын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отбасы институтын нығайту, отбасы құндылықтарын дәріптеудің маңызы зор. Отбасы – қоғамның тірегі, мемлекеттің іргетасы. Ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды сақтауда отбасының атқарар рөлі зор. Сондықтан мемлекет отбасы институтын нығайтуға ерекше мән береді, - деді министр.

Балаева атағандай, былтыр "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданды. Заңға сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі Отбасын қолдау орталықтарының қызметін үйлестіреді және әдістемелік басшылықты жүзеге асырады.

Бүгінде отбасыларға әртүрлі өмірлік жағдайларды шешуде жан-жақты қолдау шараларын көрсету үшін 103 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олардың негізгі функциясы – мемлекеттің отбасылық саясат шараларын іске асыру, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау бойынша жұмысты үйлестіру, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға қолдау көрсету және мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру. Қазіргі кезде ақпараттық-түсіндіру жұмысын арттыру үшін 2025 жылға арналған Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеу жөніндегі медиажоспар әзірленіп, бекітілді, - деді Аида Балаева жиында.

Ақпараттық жұмысқа отбасылық саясат саласындағы сарапшылар, психологтар, қоғамдық пікір көшбасшылары қатысады.

Отбасылық өмірге дайындық, отбасылық құндылықтар, әке мен ананың рөлі, балаларды тәрбиелеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және репродуктивті денсаулық тақырыптары басты назарда болады. Сондай-ақ 2023 жылы отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында екі жаңа мереке – Аналар күні мен Әкелер күні бекітілгенін де атап өткім келеді, - деп баяндады министр.

Еске сала кетейік, аталған жиын барысында министр сондай-ақ, Түркістандағы кесене жағдайы жайлы айтты.

Өзгелердің жаңалығы