Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мектептердің қауіпсіздігі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талаптарға сәйкес барлық мектепте турникеттер болуы керек. Алайда Түркістанда 34 мектептің бірінде ғана орнатылған. Оралда 56 мектептің 8-інде, Алматыда 270 мектептің 28-інде мұндай турникеттер бар. Былтыр ішкі істер органдарының бастамасы бойынша күзет ұйымдарына қойылатын талап қатаңдатылды. Енді оларда радиобайланыс, кемінде 2 жедел топ пен атыс-қарулары міндетті түрде болуы керек, - деді ол.
Ахметжанов атағандай, Қостанай, Рудный, Петропавл қалаларындағы мектептер лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілмеген.
Ал Түркістанда бір ғана мектеп күзетпен қамтылған. Балалардың құқығын тиімді қорғау мақсатында жергілікті атқарушы және Оқу-ағарту министрлігіне мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етуді сұраймыз, - деді Марат Ахметжанов.