«Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы – қазақ руханиятының өзегі» – ғалыммен сұхбат

5 қыркүйек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

 ©BAQ.KZ/ Жасанды интеллект 5 Қыркүйек 2026, 09:25
5 Қыркүйек 2026, 09:25
142
Фото: ©BAQ.KZ/ Жасанды интеллект

5 қыркүйек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ахаңның тіл біліміндегі реформалары, терминологиядағы ұстанымдары, эстетикалық көзқарастары мен Алаш қозғалысындағы тарихи рөлі бүгінгі ұрпаққа қандай тағылым береді? Болашақ филологтар мен ұстаздар бойына Ұлт ұстазының қандай азаматтық қасиеттерін сіңіруі тиіс? Осы және басқа да іргелі мәселелер төңірегінде BAQ.KZ тілшісі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлмен сұхбаттасты.

Кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Ахмет Байтұрсынұлы – ғалым, ағартушы, публицист, саясаткер. Осының қайсысы Ахаңның басты феномені деп санайсыз? Біз Ахметті ең алдымен кім ретінде тануымыз керек?

– Алаш алыптар тобының шоғырында Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасы ерекше аталады. Шын мәнінде, Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ топырағындағы феноменалды тұлға. Оның бойында бірнеше ерекше сипаттар мен қасиеттердің тоғысуы – заңдылық. Біз оны реформатор ғалым, ағартушы тұлға, публицист және саясаткер ретінде ерекше қастерлейміз. Бұл қасиеттер бірін-бірі толықтырады. Ахмет Байтұрсынұлы – ең алдымен, қазақ ұлтының рухани көсемі, «ұлт ұстазы» атанған тұлға. Сондықтан оны бірінші кезекте ағартушы ретінде ерекше қадірлейміз. Оған қоса, қазақ классикалық филологиясын негіздеген ғалым, ұлттық әдебиеттанудағы ғылыми мектептің бастауында тұрған тұлға ретінде де айрықша бағалаймыз.

Ояну дәуірінде қазақ ұлтын ояту жолында, саяси теңдігіне жеткізу мақсатында қолға алынған «Қазақ» газетіндегі публицистикалық еңбектерінің маңызы орасан зор. Ал саясаткер ретінде Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш автономиясы, Алашорда үкіметіндегі қажырлы қызметімен танылады. Ұлттық автономия, қазақ жерінің тұтастығы, шекаралық межеленуіне сол арқылы қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруде тарихи қызмет атқарған мемлекет қайраткерінің коммунистік жүйенің қиястығы мен озбырлығын сынға алған парасат-пайымы, саяси сарабдалдығына «Революция и киргизы», «В.И.Ленин жолдасқа», «Еще о голоде в Киргизии», «Қостанай үйезі» және тағы да басқа мақалалары дәлел. Қазақ жерінің тұтастығы мен шекаралық межеленуіне қосқан үлесінің өзі неге тұрады?! Мәселен, қазіргі Қостанай облысының қазақ жері ретінде шегенделіп, бекітілуіне қатысты атқарған тарихи еңбегі саясаи қайраткерлігін жарқырата көрсетеді. Өзіне дейінгі сан ұрпақтың қордаланған әлеуметтік жүгін арқалап, қоғамдық парызын атқаруда жанкештілік танытқан Ахмет Байтұрсынұлы феномені ХХ ғасыр басындағы Алаш ренессансын зерделеуге мүмкіндік береді.

«Ұлттық езгі ұлттық сезім туғызбай тұра алмайды» («В.И.Ленин жолдасқа»). Міне, жері жатқа кеткен жұртының қайғы-қасіретіне ем іздеген күрескер «Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл – қазақтың тірі иа өлі болу мәселесі» («Аңдаспаған мәселе» турасында») ұстанымымен қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудегі Алаш ұлт-азаттық қозғалысының өмірлік мақсатын «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Қазақтың өкпесі», «Тағы да жер жайынан», «5 десятина жер», «Көшпелі һәм отырықшы норма», «Жер жалдау жайынан», «Аңдаспаған мәселе» турасында» және тағы басқа мақалаларымен үстеп отырды. Халқының отаршылдықтағы мүшкіл халін, қоғамдық дамуындағы кем-кетігін көзімен көріп, жан-тәнімен сезінген оның семсер сөзі ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту идеясына қуат дарытты. Ояну дәуірінің жетекші күшіне, ұйыстырар өзегіне айналды. Бодандық бұғауындағы, ұлттық езгідегі елінің «Ноқталанғанша һәм ноқталанғаннан кейінгі істелетін істер басқа-басқа» («Жауап хат») екенін әлеумет санасына сіңірумен болды.

– Мектеп оқулығы ретінде жазылған «Тіл-құрал» оқулығының ғылыми құндылығы мен тереңдігі қандай?

– Қазақ тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы – «Оқу құралы», «Тіл – құрал», «Әліп-би», «Жаңа әліппе», «Баяншы», «Сауат ашқыш», «Тіл жұмсар» атты ана тілімізде алғашқы оқулықтар, «Оқу құралы» (Т.Шонанұлымен бірге) әдістемелік оқу құралын жазған ғалым. Ұлттық жазу реформаторының тіл оқытудың әдістемелік мәселелері, әліпби тұғырнамасы туралы ой-толғамдары – қазіргі отандық білім беру қағидаттарын ұштауда өміршең. Оқу комиссиясындағы, сонымен қатар, Қазақ АКСР Халық ағарту халық комиссары, Академиялық орталықтың тұңғыш төрағасы қызметтеріндегі істері қайраткерліктің, сондай-ақ, Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі мен Бүкілодақтық түркология құрылтайындағы баяндамалары классикалық филологияның озық үлгісі болып қалуда. Бұл іргелі еңбектердің ғылыми маңызы мен шығармашылық мұрасы зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде ерекше атап көрсетілген. 1920 жылдардың өзінде Ахмет Байтұрсынұлының тіл біліміндегі еңбегін орыс зерттеушілері Евгений Поливанов, Николай Яковлев ерекше бағалаған. «Математическая формула построения алфавита Байтурсынова» деген еңбегін сөзімізге дәлел етуге болады. «Математическая формула построения алфавита» деп бағалаған.

– Ахмет жасаған «Тіл-құрал» мен «Әдебиет танытқыштағы» терминдердің жүз жылдан астам уақыт бойы өзгермей, өміршең болып қалуының сыры неде? Оның терминжасамдағы ең басты ережесі қандай еді?

«Тіл-құрал» мен «Әдебиет танытқыштағы» терминдердің уақыт сүзгісінен өтіп, өміршеңдігін сақтауы – заңдылық. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы терминологияның ғылыми негіздеріне, ұстанымдары мен методологиялық мәселелеріне терең бойлаған тұлға. Бұл терминдер барынша шынайы әрі өмірдің өзінен туындады. Ахмет Байтұрсынұлы педагогикалық, ағартушылық және публицистикалық қызметінде ғалым ретінде теория мен практиканы қатар ұштастырды. Мәселен, ол «Әдебиет танытқыш» еңбегінде: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі дайын сөздерді алғыштап, ана тіл мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден сөз табуымыз керек», – дейді. Одан бөлек: «Сөз шығару өнерді қорек қылса, өнер ғылымды қорек қылады», – деп атап көрсетеді. Ахмет Байтұрсынұлы терминология мәселесіне әрқашан тілдің ішкі заңдылығы, ерекшелігі мен ұлттық болмысы тұрғысынан келген. Қазақ классикалық филологиясын «Әдебиеттанытқыш» атты тұңғыш ғылыми-теориялық еңбегімен жаңа биікке көтерген зерттеушінің асыл сөз, шығармашылық психологиясы, өнер эстетикасы, жанр, қаламгер болмысын бажайлаған нақылдары өнертанудағы тың бастама, соны ізденіс болуымен оқшау тұрады.

– Түркі дүниесі мен әлемдік лингвистикада Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми орны қалай бағаланады?

Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі көзі тірісінде-ақ әлемдік лингвистика мен түркі дүниесінде ерекше бағаланды. Оған Е.Поливановтың «Новая казахско-киргизская Байтурсыновская орфография» және Н.Яковлевтің «Математическая формула построения алфавита» еңбектері дәлел. А.Байтұрсынұлының Бакуде өткен Бірінші түркітанушылар құрылтайында жасаған баяндамасында тіл білімі саласындағы ірі тұлға екенін мойындатты. Ұлттық бірегейлік, әділдік, мәдениет, рухани ықпалдастық мәселелерін сын тезіне салған кемел ойлары – даналық кенішіндей әсерлі, мірдің оғындай өткір: «Современная культура не есть создание одной какой-нибудь нации или расы, а результат совокупных усилий и навыков всего человечества». «Назначение науки, знания – это облегчение человеческих страданий, увеличение жизненных благ и удобств». «Пройденные нами пути тернисты, нам незачем оглядываться назад. Назад могут оглядываться только те, у которых было светлое прошлое, а у нас этого светлого прошлого не было, и мы естественно должны стремиться вперед». «Наш лозунг вперед, а не назад. Нашими идеалами должны быть не вороны, слетающиеся на готовую добычу, а нашими идеалами должны быть соколы, совместными усилиями добывающие себе добычу». «Справедливость создается только людьми, как всякое человеческое создание. Справедливость не знает уважения к чужому праву, а в природе господствует сила. Где господствует сила, там справедливости нет, но есть другая сила, которая умеряет, регулирует до некоторой степени природную силу, это сила есть сила культуры». «Человек может добиться справедливости только уравнением в культуре. Равенство культуры это не покупается и не получается в подарок, а собирается своими усилиями. Жизнь милостыни не дает и жизнь не подбирает и не дожидается отстающих».

Қазақтың саяси теңдігіне, рухани кемелдігіне ғұмырын арнаған ағартушының оқу-ағарту, өнер-білім, ғылым хақындағы «Жазу тәртібі», «Бастауыш мектеп», «Оқу жайы», «Білім жарысы», «Орысша оқушылар», «Оқыту жайынан», «Баулу мектебі», тағы да басқа мақалаларында ұстаз, тәлімгер, әдіскер, ғалым, ағартушы Байтұрсынұлының уақыт талабына сай ілгерілеу, озғандарға жету, өркениетке ұмтылу хақындағы саф ойлары көрініс тапты.

Байтұрсынұлының сөз өнеріне берген анықтамалары мен әдебиет эстетикасын ұғынудағы тереңдігі туралы не айтар едіңіз?

«Әдебиет танытқыш» еңбегі – ұлттық әдебиеттанудағы тұңғыш теориялық еңбек. Бұл еңбектің тереңдігі – Ахмет Байтұрсынұлының сөз өнерін ерекше байыптауымен, бойындағы ақындық қасиетімен, тіл білімі мен әдебиеттануға қатысты ерекше дарынымен сабақтас. Сөз өнерін сөз еткенде Ахмет Байтұрсынұлы оның сұлулық әлемін, эстетикалық сипатын басты орынға қояды. Ол өнердің түрлерін сипаттай келе, сөз өнеріне ерекше назар аударады. Әсіресе халықтық эстетиканы, эстетикалық категорияларды: сұлулық, әсемдік, жарасым, үйлесім, катарсис, қаһармандық, сондай-ақ трагедиялық, ұсқынсыздық, бейберекеттік сипаттарды тереңнен тұшындырады. Көшпелі елдің перзенті болып, табиғатпен етене үйлесімде өскендіктен, бұл эстетикалық категорияларды өте терең пайымдайды. Бұл категориялар – өмірдің жарасымы мен табиғаттың үйлесімінен туындайтын ұғымдар. Алайда отаршылдық дәуірде қазақ қоғамында осы үйлесімге сызат түсіп, ұсқынсыздық, трагедиялық, бейберекеттік орын ала бастады. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлы ұлттың жасампаздығы мен мәңгілігі сөз өнерінде екенін ерекше ұғынды. Ол: «Ұлттан жоқ рух ақын сөзінде болмайды», – деп, әдебиет пен өнерді ұлттық рухтың өзегі деп білді. Эстетикалық тұрғыдан алғанда, ол қазақ халқының ғасырлар бойғы сұлулықты, әсемдікті, өнерді тұшынуын «Әдебиет танытқышта» жан-жақты ұштастыра отырып, ғылыми негізде байыптады. Мәселен, еңбекте: «Ертегі – халықтың ескіден қалған жұрнақтарының қорыдасы», – дейді. Сонымен бірге «Асыл тас, асыл темір, асыл бұйым немен асыл болатынын білмеген адам тастың, темірдің, бұйымның жақсысын тауып алуды білмейді. Асыл сөздің сипаттарын білумен адам ақын болмайды, бірақ ақын адам сөздің асыл болатын сипаттарын білсе, сөзін таза, мінсіз шығарады. Асыл сөздің сипаттарын білу – тыңдаушыларға да қажет», – деп атап көрсетеді.

– Ахметтің публицистикасы мен «Қазақ» газетіндегі мақалалары халықтың санасын қалай оятты? Оның журналистік және редакторлық стилінің басты ерекшелігі неде еді?

– Ахмет Байтұрсынұлының елдік мәселелердегі мақалалары жалпы өмірдің өзінен туындап жатты. Журналистік және редакторлық стилінің ерекшелігі де сол – әлеумет тіршілігін, қоғам қайшылығын, дәуірдің болмыс-бітімін терең сезініп, баяндады.  Мәселен, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» –  дейді «Құрметті оқыушылар» мақаласында. Ал «Орынбор, 2-нші февраль» мақаласында «Газет қызметі – халыққа бас-көз, құлақ, тіл болып, ұлтының ар-абыройын күзетіп, жұртты жақсылыққа бастау, жаманшылықтан сақтандыру», – дейді. «Әдебиет танытқыш» еңбегінде де осы көсемсөзге тоқтала келіп: «Көсемсөз әлеуметке басшылық есебінде айтылатын сөз болғандықтан, жұрт үстіне мәні зор болады. Басшылығы дұрыс болса, әлеуметті түзейді, тиіс басшылық қылса, әлеуметті адастырады. Солай болған соң, көсемсөз жазып, әлеуметке басшылық ететін адам көпті көрген көсем, білімді адам боларға керек», – деп атап көрсетеді. Қазақ кәсіби публицистикасын, журналистикасын қалыптастыруға тарихи еңбек еткен қалам қайраткерінің газет, көсемсөз табиғатын байыптаған толғамдары тереңдігімен тәнті етеді. «Қазақ» газеті патша цензурасына алынып, А.Байтұрсынұлы «Закон жобасының баяндамасы» мақаласы үшін қудаланғанымен, қайраткер қазақ қоғамын елшілдік ой аңсарымен нәрлендіріп, озбыр империяның ұлтсыздандыру саясатын сынаудағы принциптілігінен тайған жоқ.

- Ғалым-әдебиеттанушы ретінде Ахаң қалдырған іргелі ғылыми мұраның қазақ руханияты тарихында алатын орны мен ұлылығын қалай түйіндеген болар едіңіз?

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Бесстрашный пророк своих убеждений» деп бағалаған санаткердің әдеби мұрасы, іргелі еңбектері қазақ рухани әлемін жаңғыртудағы тарихи қызметін атқарып келеді. Патша абақтысы, Кеңес түрмесі қысымын өткере жүріп, елге қызмет етудегі иман күшін «Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады» («Бас қосу турасында») деп әдіптеген тектінің нақылдары – қазақ топырағындағы рухани және саяси күрескерліктің тағылымды мектебі болуымен қастерлі. Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы – қазақ руханияты жасампаздығының өзегі. Оның тіл білімі, әдебиеттану, ағартушылық, аудармашылық, ұстаздық қызметі – қай жағынан алсақ та өміршең. Осы себепті оның қазақ ұлтының рухани көсемі ретіндегі тұғыры уақыт өткен сайын асқақтай береді.

Бүгінде біз Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық қызметін, энциклопедист тұлғасын, феноменалды қасиетін, сондай-ақ қазақ тіл білімі мен классикалық филологиясын негіздеудегі тарихи еңбегін әлі де толық әрі терең сезіне алмай жүргендейміз. Өйткені оның ғылыми еңбектерін насихаттау жұмысы бұдан да жоғары өреде болуы қажет. Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіштер қойылып, оның тұлғасын айрықша қадірлеп-қастерлеуіміз тиіс. Сонда ғана Ахмет Байтұрсынұлының ұлт руханиятындағы орны барынша биіктей түседі. Себебі ол – ұлтымыздың ұстазы, рухани көсемі, тіл білімі, әдебиеттану және отандық ғылым салаларының бастауында тұрған дара тұлға.

Бүгінгі филология факультетінде оқып жатқан болашақ ұстаздардың бойында, ең алдымен, Ахаң өнеге еткен қандай азаматтық пен кәсіби қасиеттер болуы керек деп есептейсіз?

Бүгінгі филология факультетінде білім алып жатқан болашақ ұстаздардың бойында, ең алдымен, өзінің халқына, еліне, жеріне деген шексіз сүйіспеншілік болуы керек. Сондай-ақ өз ісіне деген кәсіби адалдық, қажыр-қайрат, алға қойған мақсаттарына ұмтылу және кез келген қиындықты жеңе білу сияқты қасиеттер өте маңызды. Сол үшін Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын оқып, сан тарапты еңбектерінен үлгі-өнеге алуымыз қажет. Қазіргі әрбір буын оның тұлғалық қасиетінің сан қырлы арнасынан ерекше рух алатыны сөзсіз. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы сияқты қазақ топырағында туған феноменалды тұлғалар біздің де сол өрелі биікте болуымызды міндеттейді.

Ахмет Байтұрсынұлының бойындағы басты қасиет – өзінің мұратына, ұстанымына, алға қойған мақсатына деген ерекше адалдығы, кіршіксіз тазалығы және өз ұлтын, қазағын шексіз сүюі. Сондықтан оның бойындағы бұл ерекше тұлғалық қасиеттерден тек филолог қана емес, жалпы кез келген қазақ азаматының алар өнегесі мен тағылымы өте терең деп білемін.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ топырағында бағзы дәуірлерден бастау алатын әл-Фараби кейінгі Шоқан, Абай, Әлихан дәстүріндегі энциклопедиялық кемел білім иесі бола отырып, өзінің жасампаздық ғұмырындағы жиған-терген ілім-білімін туған халқының өркениет өрінен табылуына арнады. «Адамнан туып, адам ісін етпей, ұялмай не бетіммен көрге барам». Бұл Алаш азаттығы үшін жүрек майын шам қылған ұлт көсемінің азаматтық асқақ ұстанымындағы өмірлік заңғар мұраты болатын. 1895 жылдан бастап ағартушылықпен айналысқан ұлт ұстазының барша өмірі, қоғамдық қызметі ел мүддесіне арналды. Алаш санаткерінің атқарған кемел істер қазақ руханиятында мәңгілік өшпес ізін қалдырды. Сан қырлы дарынның шығармашылық тұлғасында тоғысқан ілкі қасиеттер даналық мәйегіндегі даралық болмысын даралайды. Арда Алаштың ұлттық рухын көтеріп, отаншылдық сезіміне бұла күш дарытқан тау тұлға қайраткерлік және шығармашылық қызметімен елге шексіз сүйіспеншілікпен ерен еңбек етудің өшпес үлгі-өнегесін қалдырды.

– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз!

Наверх