Ағылшын және қытай тілдерін білетін жігіт өрт сөндіруші болып қызмет етеді

7 Қараша 2024, 10:51
1479
Бөлісу:
Ағылшын және қытай тілдерін білетін жігіт өрт сөндіруші болып қызмет етеді
PHOTO
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгін біз қоғам қауіпсіздігі мен адам өмірін сақтауда маңызды рөл атқаратын батыр жандардың бірі – өрт сөндірушімен сұқбаттасамыз. Өрт сөндірушілер қауіпті жағдайларда бірінші болып көмекке келіп, адам өміріне араша болатын мамандардың бірі. Олар тек физикалық күшпен ғана емес, батылдық пен шыдамдылықты қажет ететін жауапты қызметті атқарады. Бүгінгі кейіпкеріміз бұл кәсіптің қыр-сыры, қиындықтары мен қызықтары жайлы айтып береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

№23 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты Қанат Суменов 1998 жылы Ақмола облысы Жақсы ауданы Қима ауылында туып-өскен. Ол Астана қаласына 2016 жылы келген. Сөйтіп осы жылы А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтына оқуға түседі.

Ағылшын және қытай тілдерін білетін жігіт өрт сөндіруші болып қызмет етеді

Ол шет ел тілдері факультетінде білім алған. Мамандығы – аудармашы. Оқуды 2020 жылы бітіріп, әртүрлі мекемелерде мамандығы бойынша жұмыс істейді. Тіпті волонтер де болған.

Полиглот өрт сөндіруші

Оқуды аяқтағаннан кейін Хоккей федерациясында да жұмыс істедім. Федерацияда жүргенде көптеген халықаралық турнирді ұйымдастыруға қатыстым. Осында жұмыс істеп жүргенімде өрт сөндірушілерден құралған хоккей командасының ойыншыларымен таныстым. Жалпы өрт сөндіру бөліміне келуіме осы сәт себепші болды деп ойлаймын. Алдымен 2022 жылы әскерге қысқа мерзімді қызметімді өтеуге бардым. Кейін әскери билет алған соң 2023 жылы өрт сөндіру қызметіне жұмысқа орналастым. Осылайша 2023 жылдан азаматтық қорғау саласында қызмет етіп келемін, - дейді Қанат Суменов.

Қанаттың өрт сөндіруші бойынша ЖОО-да оқыған арнайы білімі жоқ. Бірақ ол жұмысқа тұрғанда біліктілігін шыңдаған.

Өрт сөндіруші боламын деп арнайы оқу орнында оқымадым. Жұмысқа орналасқан соң қызметтің қыр-сыры жайлы білу үшін бөлімде оқудан өттім. Қазір де қашықтан оқып жүрмін. Бірінші білімім шетел тілдері болғандықтан бірнеше тілді білемін. Енді қазір техникалық білім алып, азаматтық қорғау саласының дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Мен орыс, ағылшын және қытай тілдерін білемін. Университетте екінші тіл ретінде қытай тілін оқыдым. Осы білімім өзім жұмыс істеп жатқан салаға пайдалы боларына сенімім бар. “Бұл салада не істеп жүрсің?” деп айтатындар да бар. Бұған дейін аудармашы болып жұмыс істеп жүргенімде қызметім өзіме соншалықты табысты болды деп айта алмаймын. Аудармашы болсам да, жалпы қай салада жүрсем де, бәрібір адамдарға қызмет ететінімді түсіндім. Сөйтіп өрт сөндіруші болуға шешім қабылдадым. Адамдарды қиын жағдайдан құтқаруға саналы түрде, жүрек қалауыммен келдім. Адамдарды құтқару – ол тәуекелге баратын жұмыс. Бұл қызметтің де қызығы мен шыжығы бар. Жігіттермен бірге адамдардың өміріне араша болу абыройлы міндет деп санаймын, - деп айтты жас құтқарушы.

“Құтқарушы атына лайық болу керексің”

Алғашқы шақыртуға шыққанымда қорқыныш болды. Бірақ қасымдағы әріптестерім мені барынша қолдап, мотивация беріп, өзіме деген сенімімді арттыруға көмектескені есімде. Кез келген өрт сөндіру бөліміне барсаңыз, барлық жерде ұжым бірдей. Әрдайым бір-біріне қол ұшын созуға дайын тұрады. Себебі сен - құтқарушысың. Осы атқа лайық болу керексің, - деді Қанат Суменов.

Оның жұмысқа орналасқанына 1,5 жылдай уақыт болған.

Ағылшын және қытай тілдерін білетін жігіт өрт сөндіруші болып қызмет етеді

Ең алғашқы ауыр өртім былтыр болды. Әріптестеріммен бірге жанып жатқан кафені сөндіруге шықтым. Күздің алғашқы айы болатын. Дабыл қағылғанда өрт болып жатқан жерге шықтық. Жеткен соң бөлім командирі өртті қай жақтан сөндіріп бастайтынымызға команда берді. Кафе иесі асханада 2 газ баллоны бар екенін айтты. Сөйтіп өрт болып жатқан ғимаратқа кіріп, бөлім командирі екеуіміз газ баллондарды сыртқа шығардық. Осы кезде өрт қатты болғандықтан газ баллон жарылып кетпесе екен деп уайымдадым. Бірақ бәрі ойдағыдай өтті, - деп айтты құтқарушы.

Қанат тағы бір өртті есіне алды.

Биыл наурыз айындағы өрт те әлі есімде. Ол кезде су тасқыны болып жатқан. Қаланың шетінде үйдің қасында монша жанған. Бұл шақыртуға әзер жетіп едік. Өйткені жан-жақтың бәрін су басып жатты, лай, саз, жол жоқ. Сөйтіп біз өрт сөндіру көлігін тастап, үйдегі суды тартып, сонымен өртті сөндірген кезіміз болып еді. Ол кезде қателеспесем жолға 15 минуттай уақыт кеткен болатын. Көбіне түтінге байланысты шақырту болады. Мұндай шақырту болған кезде лифт жұмыс істемейді, жоғары қабаттарға баспалдақпен көтерілесің. Тіпті 10 қабатқа дейін жаяу көтерілуің мүмкін. Бұған да физикалық тұрғыда дайын болуымыз керек. Сол себепті үнемі шынығып, физикалық жаттығулар жасаймыз. Қарауылға түскен күні таңертең сағат 9.00-мен 10.00 аралығында арнайы сабақ өткізіледі. Ал сағат 11.00-ден 13.00-ге дейін норматив тапсырамыз. Сондай-ақ әр қарауылдың өзінің бағыты болады. Мысалы, біз №1 қарауылмыз. Біз өрт сөндіру құрал-жабдықтарымен жұмыс істейміз, оларды жөндеп, шақыртуларға сақадай сай етіп дайындаймыз, - деп айтты ол.

“Құтқарушы болғанымызды мақтан тұтамыз”

Егер физикалық және психологиялық тұрғыдан мықты, төзімді болсаң, құтқарушы болу оңай. Бірақ бастысы өзің дайын болу керексің. Мысалы, мен үнемі роликтер қарап, бастықтардан көмек сұрап, өзімді өртке алдын ала дайындаймын. Өйткені бізге әр секунд маңызды. Сондықтан әр сәтті жіберіп алмай, қадағалауға тырысамыз. Құтқарушы – ол өте жауапты қызмет. Өйткені адам өмірі әрдайым бірінші орында тұрады. Сол себепті адам өмірін арашалап қалу үшін барымызды саламыз. Адамды құтқаратын кезде батыл болу керексің, дүрбелеңге жол бермей, дайын болу керексің. Құтқарушының абыройы – ол оның атқарған қызметі. Қазір біздің жұмысымыз жақсы бағаланып, абыройымыз артып келеді. Бұл құтқарушылар қызметін жақсы атқарып жүргенінің белгісі деп білемін. Біз құтқарушы болғанымызды мақтан тұтамыз, - дейді құтқарушы Қанат.

Ол кейде өртке шақырту болғанда кептеліс салдарынан кешігетінін де айтты.

Кейде шақыртуға бара жатқанда көлік кептелісі болып, уақытында діттеген жерімізге дер кезінде жете алмай жатамыз. Себебі жолда көлік көп болса, оған ештеңе істей алмайсың. Ал кей кездері көлік жүргізушілері жол бермей жатады. Өйткені олар жан-жағына қарамайды. Осы ретте көлік жүргізушілеріне мұқият болып, өрт сөндірушілеріне жол беруге шақырамын, - деп атап өтті Қанат Суменов.

Ағылшын және қытай тілдерін білетін жігіт өрт сөндіруші болып қызмет етеді

24 сағат қызмет

Біз бір күн, яғни 24 сағат бойы қызметте жүреміз. Кейін 3 күн демаламыз. Бірақ 3 күннің ішінде де қызметке шақыруы мүмкін. Мысалы, үлкен өрт болған жағдайда. Мысалы, Хан шатыр маңайындағы ғимарат жанғанын білесіздер. Сол кезде біздің қарауыл қызметте болып, шақыртуға дайын тұрды. Өйткені ол өртке қаладағы өрт сөндірушілер жұмылдырылып, біз олардың орнын жабуға сақадай сай болдық. Мысалы, басқа ауданда тағы өрт болса, біз сол құтқарушылардың орнына баруымыз керек болды. Хан шатыр маңайында болған өртке көп өрт сөндіруші жіберілген еді, - деп есіне алды ол.

Ағылшын және қытай тілдерін білетін жігіт өрт сөндіруші болып қызмет етеді

Құтқарушылардың әлеуметтік мәселесі

Қазір саламызда тұрғын үй мәселесі тұр. Бұл бірнеше жылдан бері шешімін таппаған сұрақ. Бірақ алдағы жылы құтқарушыларға баспана мәселесін шешуге қолдау көрсетілмек. Ал құтқарушылардың айлығы 2023 жылы көтерілді. Қалай жұмыс істегеніңе қалай жалақы аласың. Мысалы, бізде арнайы санаттар бар. Соны ескеріп, жалақы да төленеді. Өз міндеттіңді дұрыс атқарсаң, айлығың да соған лайық болады. Енді баспана мәселесі шешілсе, жағдай керемет болар еді, - дейді Қанат Суменов.

Еске сала кетсек, қазіргі күні елімізде азаматтық қорғау саласында 27 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. 19 қазан күні құтқарушылар кәсіби мерекесін атап өткен болатын. 

Өзгелердің жаңалығы