Агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажет - Президент

12 Желтоқсан 2023, 11:11
514
Бөлісу:
Агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажет - Президент
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді индустрияландыру ісін одан әрі жалғастыру керек екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент бұл бағытта нақты шаралар қолға алынып жатқанын айтты.

Екі жыл бұрын «Өнеркәсіп саясаты» туралы арнаулы заң қабылданды. Өңдеу кәсіпорындарын арзан шикізатпен қамтамасыз ету өте маңызды. Бүгінде ірі шикізат өндірушілермен 25 келісім жасалды. Бұдан бөлек, шикізат бағасын арзандату үшін қосымша шаралар қолға алынды. Келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндетті болады. Олар Қазақстандағы өңдеу мекемелерінің қажеттілігін толық өтесе ғана, шикізатты экспорттай алады. Бұл шешім дайын өнім өндіруге және оны сыртқы нарыққа көбірек шығаруға ықпал етеді. Сондай-ақ мыңдаған жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді,-деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еліміз үшін тағы бір маңызды міндетке тоқталды. Ол– азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет бизнес өкілдерімен бірлесіп атқаруға тиіс. Осы саланың импортқа тәуелділігін азайту үшін ірі инвестициялық жобалар қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма салынады. Олар жыл сайын 600 мың тоннаға дейін өнім беретін болады. Сондай-ақ 15 ірі құс фабрикасы іске қосылады. Бұл кәсіпорындар жылына 120 мың тонна ет өндіреді. Мұның бәрі жалаң цифр емес, бұл – нақты міндеттер. Әрбір ірі жоба ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Аймақтарды дамытуға мол мүмкіндік береді. Мен бұл мәселеге әрдайым баса мән беретінімді білесіздер,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы