2026 жылғы 1 қазаннан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 2027 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға өтінім бере алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мәліметінше, аграршылар үшін несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайызды құрайды.
Ерте қаржыландыру тетігі алғаш рет 2024 жылдың соңында іске қосылған. Бұл механизм шаруаларға жаңа маусым басталмай тұрып қажетті ресурстарды сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және алдағы шығындарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Корпорация дерегіне сәйкес, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. 2025 жылдың қорытындысында бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 501,5 млрд теңге берілген.
Ал 2026 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша биылғы маусымға бөлінген қаржы көлемі 664,4 млрд теңгеге жетті.
Бағдарлама қаражатын алу мүмкіндігі де кеңейтілген. Аграршылар қаржыландыруды екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы, сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясының» филиалдарына тікелей жүгіну арқылы ала алады.
2027 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға өтінім қабылдау 2026 жылғы 1 қазанда басталады.