Ағаш шебері: Адам үнемі ізденісте жүруі керек

18 Тамыз 2023, 16:24
3055
Бөлісу:
Ағаш шебері: Адам үнемі ізденісте жүруі керек
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағаты

Еpeкшe қoлөнep iсмepлердiң бiрi, ақмолалық ағаш шебері Еркебұлан Жанболат өз ісі туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз  болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі. 

Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.

Осыған орай «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.

Ағaштaн бұйым жacауды жaңғыpтып, қaзaқтың ocы бip өнepiн дaмытып, бaбaлapдың өнегелi жoлын жaлғaғaн қoлөнep шeбepлepi қaзipгi күндe aз eмeс. Coлардың epeкшe қoлөнep iсмepлердiң бiрi, ақмолалық ағаш шебері Еркебұлан Жанболатпен сұхбаттасқан едік. 

Кейіпкеріміз Еркебұлан Жанболат 28 жаста. Екі баланың әкесі. Отбасында бес бала, үйінің үлкені. 2005 жылы  Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан көшіп келген. Қандасымыз 2011 жылға дейін Алматы қаласында тұрған. Кейін Ақмола облысының Шортанды ауданына қарасты Мықтыкөл ауылына көшіп келген.

Ағаш шебері: Адам үнемі ізденісте жүруі керек

- Еркебұлан, ісмерлікпен қашаннан бастап айналысасыз?

Бала кезімнен осы салаға қызығушылық таныттым. Оған әкем себепкер болды. Ол үйде ағаштан түрлі заттарды жасайтын. Сол кісіге қолғабыс бола жүріп, істің қыр-сырын меңгере бастадым. Кейін есейе келе ағаш өңдеу мамандығы бойынша білім алдым. Ал кәсіби түрде 2015 жылдан бері шұғылданамын. Бұл сала өзіме қатты ұнайды. 

- Қажетті құрал-жабдықтар мен ағашты сатып алуда не нәрсеге мән бересіз?

Бастысы құрал-саймандар сапалы әрі ұзақ уақыт пайдалануға жарамды болуы қажет. Ағаштың да сапалы әрі сұрыпты өніміне мән беремін. Өйткені оларды ұзақ уақыт пайдалануға болады. Мәселен, 2015 жылы сатып алған құрал-жабдықтарды бүгінгі күнге дейін жұмыс барысында қолданамын. Әлбетте, арасында кейбір заттарды жаңартып тұрамын. Заманауи бұйымдарды жасау барысында жаңадан сатылымға шыққан құралдармен де жұмыс істейміз. Бастысы біз заман талабына сай ілесіп жұмыс істеуге тырысамыз.

- Ал бұйымдарды қандай ағаштардан жасайсыз және оларды қайдан сатып аласыз?

Қазіргі кезде емен (дуб), шамшат (бук), шаған ағаш (ясень) секілді ағаштың түрі өте көп. Алайда шебер оларды дұрыс таңдай білуі қажет. Емен және шамшат ағашы қымбат әрі жұмсақ болғандықтан, бұйымды бұл түр ағаштардан жасамаймыз. Сондай-ақ олардың өзіндік түсі бар, бояуды қажет етпейді. Сондықтан бұл ағаштарды сатып алмаймын. Біз халыққа қолжетімді бағада бұйымдарды ұсынғымыз келеді. Жұмыс барысында мен балқарағай (кедр) және қарағай (сосна) ағаштарын қолданамын. Бұларға халық тарапынан сұраныс бар. Кәдімгі қарағай жеңілдеу, балқарағай ауырлау әрі майлы болады. Бұл екі ағаштың да өзіне тән иістері бар. Сонымен қатар олардың бедерлері де әртүрлі. Кәдімгі қарағай түзуіне сызық-сызық келсе, балқарағай ою секілді түрлі деңгейде болады. Ал оларды Астана қаласынан арнайы тапсырыспен алдыртамын. Бұл ағаштар елімізге көбінесе Ресейден әкелінеді. 

- Елімізде ағаш шеберлерімен тəжірибе алмасып тұрасыз ба?

Әлбетте, осы саладағы әріптестермен жиі тәжірибе алмасып тұрамын. Мысалы, домбыра жасаумен айналысатын шебер Айбат Кәрібаймен хабарласып тұрамын. Мақтағаным емес, шебердің қолынан шыққан домбыралар қазіргі кезде жоғары сұранысқа ие. Тіпті, шетелде тұратын бауырларымыз да ол кісіден тапсырыспен домбыра алдыртады. Әңгіме барысында шебер ағаш таңдау, оған ою-өрнектер салу бойынша білгенін бөлісіп, пайдалы ақыл-кеңестерін айтып отырады. Жалпы еліміздің түкпір-түкпіріндегі шеберлермен тығыз байланыстамын. Оның берер пайдасы мол. Бұл жұмыс барысында алға жылжуға септігін тигізеді.

-Дайын өнімдерді қалай және қандай жолмен өткізесіз?

Көбінесе таныстарым және әлеуметтік желі арқылы сатамын. Ара-тұра жарнама да беріп тұрамын. Алайда оны көп бермейміз. Өйткені қазіргі кезде шеберханада әкем екеуіміз ғана жұмыс істейміз. Сондықтан көп тапсырысты орындауға үлгермейміз. Кейбір заттарды жасап шығуға біраз уақыт кетеді. Алдағы уақытта Астанада жеке шеберханамды ашып, көп жұмысшы алу ойымда бар.  

Ағаш шебері: Адам үнемі ізденісте жүруі керек



- Осы кәсібіңізге қызығушылық танытқан демеушілер бар ма?

Ағаш өңдеу саласына қызығушылық танытқандар көп. Тіпті, инвестор болуға ниетті адамдар да болды. Алайда, бүгінде ірі тапсырыстармен жұмыс істей алмаймыз. Себебі, әзірге станоктарымыздың жұмыс істеу күші аз. Жалпы ағаш өңдеу саласы күрделі іс болғандықтан жылдам даму қиынырақ.

- Мемлекет тарапынан қолдау болды ма?

2019 жылы «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы бизнес-жобамды ұсынып, қайтарымсыз 505 мың теңге көлемінде қаржылай грант ұтып  алдым. Ол қаржыға ағаш өңдейтін токарь станогы мен қыл аралы білдек (лобзик) сатып алдым. Бұл кәсібімді дөңгелетуге септігін тигізді.

- Жұмыс барысында қандай қиындықтар болады?

Кез келген жұмыстың өз қиындығы болады емес пе?! Ағаш өңдеу саласында, әсіресе, ағашты дұрыс кептіру өте маңызды. Осы тұсы аздап қиынға соғады. Өйткені ылғал ағашты ыстықта күнге қойып кептірсе, жарылып кетеді. Ал көлеңкеге қойса, майысып қалады. Сол үшін ағашты қоңыр салқын жерде кептіреміз. Сондай-ақ, кейде жасап қойған өнімің майысып, орнынан жылжып кетуі мүмкін. Кейде есіктер де керіліп кетеді. Өнімнің сапасына тікелей әсер ететіндіктен, негізінен ылғал ағаштарды қолданбаймыз...

- Қандай жетістіктеріңіз бар?

Осы күнге дейін 1000-нан аса дана терезе әзірледік. Оған қоса, ағаштан есіктер, үстелдер мен орындықтар, сондай-ақ балкон терезелері мен баспалдақтар да жасадық. Бастысы халықтың алғысын алдық. Бұл адамға жақсы эмоция сыйлайды. Сондай-ақ біз көрмелерге де қатысып тұрамыз. Сапа кепілдігін береміз. Мысалы, терезелерге 1 жыл. Өнімдеріміз табиғи ағаштан болғандықтан сатып алушылар қызығады. Өйткені ағаш материал ауа өткізеді. Бүгінге дейін тауарларымыз Алматы, Астана, Павлодар, Көкшетау, Тараз және басқа да ауылдық елдімекендерге жөнелтілді. Өңірлерден тапсырыстар алып тұрамыз, тұрақты клиенттеріміз де бар. Олар самалжай (беседка) және басқа өнімдерге де тапсырыс беріп тұрады. Әлі де көптеген жетістікке жетеміз деп үміттенемін. Алдағы уақытта «Zerek» атты балаларға арналған ағаш ойыншықтарды сатылымға шығарсам деймін... 

Ағаш шебері: Адам үнемі ізденісте жүруі керек

- Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп хәкім Абай айтқандай, не сатсам да халыққа пайдалы болу мақсатымен жұмыс істеймін. Адал аста – береке бар.  Адамды алдап, ақысын жеуге болмайды. Мысалы, ол да еңбек етіп, табыс тауып бізге келіп, тапсырыс береді. Олардың басты қалауы – сапалы тауар сатып алу. Сол себепті адалдық және сапалылық ұранын қатты ұстанамын. Сондай-ақ әркімнің баға ұсынысы бойынша жұмыс істейміз. Бірақ, сапалы өнім жасап беруге әрекет етеміз.

- Еркебұлан, ісмерлікпен айналысам деушілерге қандай кеңес берер едіңіз?

Ағаш өңдеу – оңай сала емес. Сондықтан бұл іспен айналыспас бұрын бұл саланы зерттеп, осы бағытта жұмыс істеп жүрген табысты адамдардан ақыл-кеңесін алған дұрыс. Сондай-ақ, бұл саладағы кәсіби адамдардың тәжірибесін де қаперде ұстаған жөн. Өйткені, тәжіибелер ісіңіздің тезірек дамуы мен алда болатын кедергілерден оңай өтуге септігін тигізеді. Ағаш өңдеу саласында тез байып кету мүмкін бола бермейді. Бұл үлкен процесті талап ететін болғандықтан, сабырлылықты қажет етеді. Адамның бір істе шебер әрі сабырлы болуы өте маңызды! Сол кезде табысқа жетесіз деп өз тәжірибемнен кеңес берер едім... 

- Алда қандай жоспарларыңыз бар?

Жалпы, бұл салада бес жылға жоспар құрдым. Әуелі, қазіргі кәсібімнің ауқымын кеңейту, екіншіден, ағаштан балаларға арналған ойыншықтар жасау. «Zerek» атты балаларға арналған үздіксіз даму конструкторы ойыншықтарын өндіріп, оны кең көлемде өндіру. Бұл зияткерлік ойынның мақсаты – түрлі тапсырмалар мен сұрақтарды орындау арқылы ата-ана мен балалар арасында байланыс орнатуға себепкер болу, олардың арасында мейірімділік қасиетін арттыру және балалардың зеректігін шыңдау. 
Сондай-ақ, мен түрлі байқау ұйымдастырып, мектептер ашып, ауылымның дамуына өз үлесімді қоссам деймін...

-Әңгімеңізге рақмет! Игі істеріңізге толағай табыс тілейміз!

Қазақстандық қоғамдық даму институты

Өзгелердің жаңалығы