Экоакция шеңберінде күзде 1 миллионға жуық ағаш отырғызылады

2 Қазан 2019, 22:46
2839
Бөлісу:
Экоакция шеңберінде күзде 1 миллионға жуық ағаш отырғызылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейсенбіде министрлер мен әкімдер республикалық акцияға қатысады. Оның аясында еліміздің мектептерінде алғашқы экологиялық сағат өткізіліп, мектептерде ағаш отырғызылады. 

Бұл туралы Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.  

"3 қазанда еліміздің барлық мектептерінде алғашқы экологиялық сағат өткізу жоспарлануда. Оған барлық министрлер кабинетінің мүшелері, өңір әкімдері қатысады», - деді Мағзұм Мырзағалиев журналистерге.

 Оның айтуынша, экологиялық сағат бірінші кезекте өскелең ұрпақты табиғатты аялауға үйретіп, экологиялық білім беруге арналған.

"Экологиялық сағаттан кейін мектептерде ағаш отырғызылады. Біз 3 қазанда еліміз бойынша 200 мың ағаш отырғызылады деп жоспарлап отырмыз», - деді министр.  

Акция мұнымен аяқталмайды. 12 қазанда еліміздің барлық тұрғындары акцияны жалғастырады.

"12 қазанда біз ағаш егу бойынша жалпы республикалық акция өткізгіміз келеді. Тұтастай алғанда, күздің соңында елімізде 1 миллионға дейін ағаш отырғызылады деп ойлаймыз", - деді Қазақстанның экология министрі.

Бұл Қазақстанның жаңа Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігінің бастама көтеріп отырған бірінші акциясы емес.  

Осы жазда министр Мағзұм Мырзағалиев барлық министрлер кабинетін "Бірге – Таза Қазақстан" акциясына қатысуға шақырған еді. 

Еліміздің премьер-министрі мен министрлер кабинеті Экология министрлігі басшысының бастамасын қолдап, әр сенбіде тұрғындармен, қоғам белсенділерімен, еріктілермен бірге өзен жағалауларын, табиғат аясында адамдар демалатын жерлерді қоқыстан тазартуға шыққан болатын. 

"Бірге – Таза Қазақстан" Қазақстанда өткізілген ең ауқымды экологиялық акцияға айналды.

Өзгелердің жаңалығы