Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Аға инспектор: Қазір алып қашу – дәстүр емес, қылмыс

Жансая ҚАМБАР
29 Шілде 2025, 11:00
1126
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Ішкі істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Талғат Жұманов қазір қыз алып қашу – дәстүр емес, керісінше қылмыс екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қылмыстық кодекстің 125-бабында көрсетілген "некеге мәжбүрлеу" дегеніміз – зорлық-зомбылық көрсету, мүлікті жоюмен қорқыту, бопсалау, жәбірленуші немесе оның туыстары жайлы намысына тиетін немесе жеке ақпаратты тарату арқылы қысым көрсету. Бұл әрекеттер жәбірленушінің мүддесіне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін, - деді Талғат Жұманов.

Ол бұрын бұл әрекеттер көбінесе "адам ұрлау" бабымен қаралса, қазір "некеге мәжбүрлеу" дербес қылмыс ретінде қаралатынын атады. Сондай-ақ инспектор бұрын Қылмыстық кодекстің 125-бабында егер ұрлаған адам жәбірленушіні өз еркімен босатса, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады деген ескертпе болғанын атап өтті. Жаңа заң жобасында бұл ескертпе алынып тасталды.

Қазіргі заңнамада алып қашу – дәстүр емес, керісінше адамның құқығын бұзу, оның еркін шектеу әрекеті ретінде қарастырылады. Егер жәбірленуші немесе оның туыстары шағымданса, міндетті түрде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталады. Бұрын егер екі тарап келісіп, материалдық шешімге келсе, қылмыстық жауапкершілік болмауы мүмкін еді. Қазіргі заң бойынша, мұндай келісім болғанның өзінде, егер шағым түссе, жауапкершіліктен құтылмайды. Тіпті "дәстүр" деп ақталуға тырысқан күннің өзінде, заң алдында бұл әрекет қылмыс болып саналады, - деді Жұманов.

Жаза түрлері:

1-бөлім: 2000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе түзеу жұмыстары, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру;

2-бөлім: 5000 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе түзеу жұмыстары, 1200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру;

3-бөлім: 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру (егер әрекеттер абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соқтырса).

Өзгелердің жаңалығы