АЭС, жасыл энергия: Қазақстан электр тапшылығын қалай шешпек?

30 Қазан 2026, 17:38
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 30 Қазан 2026, 17:38
30 Қазан 2026, 17:38
176
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев юиылғы Жолдауында Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығы, жаңа генерация көздерін іске қосу және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін де көтерді. Мемлекет басшысы қыс мезгілінде көрші елдерден қымбат бағаға электр энергиясын сатып алып, жазда оны төмен бағамен қайтару тәжірибесін сынға алды. Сондай-ақ Балқаштағы жылу электр орталығы құрылысының тоқтап қалуы мен Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларындағы жаңа қуаттарды іске қосу мерзімдерінің кешігуіне назар аударды.

Осы мәселелерге қатысты кәсіби энергетик әрі экономист Әсет Наурызбаев пен Энергетика министрлігі BAQ.KZ тілшісіне пікір білдірді.

Президент энергетика саласындағы қандай мәселелерді көтерді?

Мемлекет басшысы электр энергиясымен қамтамасыз етілу қазіргі уақытта кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық егемендігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналғанын айтты.

Қазіргі жағдайда кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне, тіпті экономикалық егемендігіне әсер ететін шешуші фактор - электр энергиясымен қамтамасыз етілуі. Қазір, шын мәнінде, электр энергиясының дәуірі басталды. Қазақстан үшін шикізаттық артықшылығын тұрақты энергетикалық және технологиялық прогреске айналдыру аса маңызды. Шынын айтқанда, бұл бағытта мәселе жеткілікті. Бізде кәсіби энергетиктер саусақпен санарлық, ал энергетика мәселесіне арналған форумдар мен пікірталастар жиі әрі ауқымды түрде өткізіледі, - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан энергетикасы жыл сайын елеулі тапшылыққа тап болады. Соның салдарынан қыс мезгілінде электр энергиясына сұраныс артқан кезде көрші мемлекеттерден қымбат бағаға электр қуаты сатып алынады. Ал жазда сол энергия керісінше төмен бағамен қайтарылады.

Маған мұны энергетика саласындағы қалыпты тәжірибе деп түсіндіреді. Сондықтан кезінде Балқашта басталып кеткен жылу электр орталығының құрылысын тоқтатып тастағанымызға таңғалудың қажеті жоқ. Қазір Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа генерация қуаттарын іске қосу мерзімі де кейінге шегеріліп жатыр, - деді Мемлекет басшысы.

Электр тапшылығына нарықтық қатынастардың қалыптаспауы әсер етіп отыр

Кәсіби энергетик әрі экономист Әсет Наурызбаевтың пікірінше, Қазақстанның энергетикалық әлеуетін толық пайдалануға кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелердің бірі - нарықтық қатынастардың дұрыс қалыптаспауы.

Сарапшының айтуынша, елімізде электр энергиясы нарығы бар деп есептелгенімен, іс жүзінде 60 тарифті Энергетика министрлігі белгілейді. Оның пікірінше, тарифтерді мемлекет емес, нарықтағы сұраныс пен ұсыныс айқындауы керек.

Менің ойымша, энергетикалық әлеуетті жүзеге асыруға нарықтық емес жағдайлар кедергі келтіріп отыр. Яғни бізде нарық бар сияқты көрінеді, бірақ шын мәнінде 60 тарифті Энергетика министрлігі белгілейді. Бұл дұрыс емес. Тарифтерді нарық анықтауы керек, - дейді Әсет Наурызбаев.

Оның айтуынша, электр энергиясы нарығында дәстүрлі энергия көздері мен жаңартылатын энергия көздері үшін екі бөлек бағыт қалыптасқан. Жаңартылатын энергетика саласында аукциондар өткізіледі. Дегенмен сарапшы олардың ұйымдастырылуына қатысты да сұрақтар бар екенін айтады.

Егер аукциондардың көлемін нарықтағы сұраныс анықтайтын болса, олардың саны әлдеқайда көп болар еді. Электр энергиясының тапшылығын да әлдеқашан жоюға мүмкіндік туар еді. Сондықтан нарықтық қатынастарды енгізіп, аукциондар санын көбейту қажет. Сонда сұраныс ұсынысты қалыптастырады. Нәтижесінде электр энергиясының тапшылығы жаңа электр станцияларын салу арқылы шешілер еді, - дейді сарапшы.

Әсет Наурызбаев қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту мәселесіне де экономикалық тұрғыдан қарау қажеттігін атап өтті. Өйткені кейбір станцияларды жаңарту жаңадан электр станциясын салудан да қымбатқа түсуі мүмкін.

Қолданыстағы станцияларды жаңғырту қаншалықты тиімді екенін ескеру керек. Себебі кейбір жаңғырту жұмыстары жаңа станция салудан да қымбатқа түседі. Бұл да қайтадан нарықтық қатынастар мәселесіне келіп тіреледі. Егер электр станцияларының иелері электр энергиясын қандай бағамен сататыны бойынша бәсекеге түссе, экономикалық тұрғыдан тиімсіз жаңғырту жұмыстары жүргізілмес еді, - деп түсіндірді ол.

Қазақстанның электр желілері де жеткілікті дамымаған

Сарапшы электр энергиясын өндірумен қатар, оны тұтынушыларға жеткізетін инфрақұрылымды дамыту да маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, Қазақстандағы электр желілері жеткілікті деңгейде дамымаған. Әсіресе елдің шығысы мен батысын байланыстыратын электр желілерінің қуаты әлсіз.

Электр желілерінің дамуы жағынан да жағдайымыз мәз емес. Ірі электр желілерін алып қарасақ, Қазақстанның шығысы мен батысы арасындағы байланыс әлсіз екені анық. Қазір бір желі салынып жатыр, бірақ бұл жеткіліксіз. Қуаты жоғары желілер салу қажет, - дейді ол.

Әсет Наурызбаевтың сөзінше, электр желілерін салу кезінде де тек құрылыс шығынын емес, оның тұтынушы үшін беретін жалпы экономикалық тиімділігін есептеу керек. Яғни электр энергиясын өндіру көздері мен оны жеткізетін желілерге жұмсалатын шығынды бірге қарастырған жөн.

Электр желісі мен генерация көздерінің тұтынушыға беретін жалпы әсерін есептеу қажет. Соңғы тұтынушы үшін бір киловатт-сағат электр энергиясы қанша тұратынын анықтап, ең арзан шешімді таңдау керек, - деп есептейді сарапшы.

Жаңа электр станцияларының құрылысы неге кешігіп жатыр?

Президент Жолдауда Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа генерация қуаттарын іске қосу мерзімдерінің бұзылып жатқанын да сынға алды.

Әсет Наурызбаев бұл жағдайды жауапты мекемелердің басқаруындағы олқылықпен байланыстырады. Оның пікірінше, жобалардың мердігерлері жеткілікті деңгейде болғанымен, құрылыстың уақытында аяқталмауы басқару мәселелерінің бар екенін көрсетеді.

Мерзімдердің бұзылуы - ұят әрі масқара жағдай. Негізінде, келісімшарттар жасалған, барлық жерде мердігерлер де жаман емес. Соған қарамастан, жұмыстардың кешігуі тек басқару мәселесіне байланысты. Демек, келісімшарттарда санкциялар дұрыс қарастырылмаған немесе оларды қолдану талап етілмейді, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарының уақытында аяқталуы үшін келісімшарт талаптары қатаң сақталып, міндеттемелерін орындамаған мердігерлерге қатысты жауапкершілік күшейтілуі керек.

Сонымен қатар, Әсет Наурызбаев Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығын жою үшін жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық беру қажет деп санайды.

Оның айтуынша, мұндай станцияларды салуға көп уақыт кетпейді және оларды шамамен бір жылдың ішінде іске қосуға болады. Сарапшы жаңартылатын энергетиканың әлемде қарқынды дамып келе жатқанын, әсіресе Қытай мен Үндістан сияқты ірі мемлекеттер бұл бағытқа басымдық беріп отырғанын атап өтті.

Жаңартылатын энергетика нысандары бір жылдың ішінде салынады. Егер біз дамуымызда жаңартылатын энергия көздеріне сүйенген болсақ, электр энергиясының тапшылығынан бір жылдың ішінде арылуға болар еді. Бұл – әлемдегі негізгі үрдістердің бірі. Қытай мен Үндістан сияқты ірі мемлекеттерде бұл сала қарқынды дамып жатыр, - дейді Әсет Наурызбаев.

Сарапшының пікірінше, әлемде көмір энергетикасының үлесі біртіндеп азайып келеді. Сонымен қатар атом электр станцияларының үлесі де төмендеп жатқанын айтты. Дегенмен соңғы уақытта атом энергетикасына қызығушылық қайта арта бастаған. Ол мұны деректер орталықтарының электр энергиясына деген жоғары сұранысымен байланыстырады.

АЭС-тен өндірілген электр энергиясын кім сатып алуы керек?

Әсет Наурызбаев атом электр станциялары салынған жағдайда өндірілетін қымбат электр энергиясын қарапайым халыққа емес, оны жоғары бағамен сатып алуға дайын ірі тұтынушыларға, соның ішінде деректер орталықтарына бағыттау қажет деген пікір білдірді.

Оның айтуынша, әлемдік нарықта жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясының құны бір киловатт-сағат үшін шамамен 3 цент болса, атом электр станцияларынан өндірілетін электр қуатының бағасы 12-16 центке дейін жетуі мүмкін.

Қазір атом энергетикасына белгілі бір қызығушылық қайта оралып жатыр. Бұған дата-орталықтардың электр энергиясына деген сұранысы әсер етуде. Егер атом электр станциялары салынса, онда өндірілген энергияны дата-орталықтарға бағыттау керек. Олар электр энергиясын бір киловатт-сағаты үшін 12-16 цент төлеп сатып ала алады. Ал халық жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр қуатын шамамен 3 центтен тұтынуы керек. Әлемдік нарықтағы баға деңгейі шамамен осындай, - дейді сарапшы.

Ол Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының бағасы да осы деңгейге жақын екенін жеткізді. Әсіресе аукциондарда бір киловатт-сағат электр энергиясының бағасы шамамен 13-15 теңге көлемінде қалыптасып отыр.

Ал атом электр станциясының құны бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Қазақстандағы жаңартылатын энергетиканың бағасы да шамамен 3 цент. Қазір аукциондарда бір киловатт-сағат электр энергиясы 13-15 теңге көлемінде белгіленіп жүр. Ал атом электр станциясынан өндірілетін электр энергиясының құны 12 центтен асады. Бізде де Түркиядағы Аккую станциясына ұқсас станция салынуы мүмкін. Бірақ Қазақстан жағдайында оған әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне тағы 2 миллиард доллар жұмсалады. Соның нәтижесінде электр энергиясының бір киловатт-сағаты шамамен 16 центке дейін қымбаттауы ықтимал. Бұл жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясынан бес есе қымбат, - деп түсіндірді Әсет Наурызбаев.

Сарапшының пікірінше, сондықтан атом электр станциясынан өндірілетін энергияны жоғары баға төлеуге дайын дата-орталықтарға сату тиімді болуы мүмкін. Ал халық үшін арзанырақ жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық берген жөн.

Сондықтан АЭС-тен өндірілетін энергияны дата-орталықтар сатып алуы керек деген ойға қайта ораламын. Қалай болғанда да, біз тұтынушылар ретінде бұған тікелей мүдделіміз, - деп түйіндеді Әсет Наурызбаев.

Энергетика министрлігі: 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа қуат іске қосылады

Ал Энергетика министрлігі Қазақстандағы энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жаңа генерация қуаттарын іске қосу жоспарланғанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, бүгінде Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде 254 энергия көзі бар. Оның ішінде 172 нысан жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Елдегі электр станцияларының жалпы белгіленген қуаты – 27,1 ГВт.

Министрліктің хабарлауынша, өткен жылдың қорытындысында Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі тарихи рекордқа жетіп, 123,1 млрд кВт·сағ болған. Ал электр энергиясын тұтыну көлемі 124,6 млрд кВт·сағ құраған.

Мұндай жағдайда негізгі міндет – генерация қуаттарын уақытылы дамыту және экономика мен халықты электр энергиясымен сенімді қамтамасыз ету. Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеу мақсатында жаңа генерация қуаттарын іске қосу көзделген, - дейді министрлік өкілдері.

Ведомствоның мәліметінше, 2029 жылға дейін жалпы қуаты 13,3 ГВт болатын жаңа генерация нысандарын іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 7,4 ГВт базалық генерация қуатына тиесілі. Осы көлемнің 4,3 ГВт-ы газ генерациясы болса, 5,9 ГВт-ы жаңартылатын энергия көздері есебінен қамтамасыз етілмек.

Министрлік ұсынған мәліметке сәйкес, жаңа қуаттарды іске қосу жоспары мынадай:

  • 2026 жылы – 1,27 ГВт;

  • 2027 жылы – 1,035 ГВт;

  • 2028 жылы – 3,96 ГВт;

  • 2029 жылы – 5,7 ГВт.

Энергетика министрлігінің пайымынша, аталған жобаларды жүзеге асыру елдің электр энергиясына деген қажеттілігін өтеуге, генерация қуаттарының 20 пайыздық резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өнеркәсіпті дамытуға, экономиканы цифрландыруға, жасанды интеллект технологияларын енгізуге және ірі деректер орталықтарын орналастыруға жағдай жасайды.

Қазақстан 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансты жаңартады

Президент Жолдауда Үкіметке 2035 жылға дейінгі елдің бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық балансын өзектендіруді тапсырған болатын. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, осы тапсырманы орындау аясында ведомство елдің 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансын жаңарту жұмысын бастаған.

Сонымен қатар биылдан бастап электр энергиясы мен қуатының жеті жылдық болжамды балансын қалыптастыру кезінде ірі жобалар ескерілмек. Олардың қатарында «Дата-орталықтар алқабы» жобасы және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту бастамалары бар.

Министрліктің болжамына сәйкес, жоспарланған генерация қуаттары уақытында іске қосылған жағдайда, 2027 жылы Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі 134,1 млрд кВт·сағ болады. Ал тұтыну көлемі 132,8 млрд кВт·сағ деңгейінде болжанып отыр. Осылайша, 2027 жылы 1,3 млрд кВт·сағ көлемінде профицит қалыптасуы мүмкін.

2028 жылы электр энергиясын өндіру көлемі 143,4 млрд кВт·сағ-қа дейін өседі деп күтілуде. Ал тұтыну 138,5 млрд кВт·сағ болады. Нәтижесінде 4,8 млрд кВт·сағ көлемінде профицит қалыптасуы ықтимал.

Осылайша, жоспарланған жобалар уақытында жүзеге асқан жағдайда, 2027 жылдан бастап электр энергиясының профицитіне көшу болжанып отыр. Кейінгі жылдары оның көлемі арта түседі, - деп хабарлады министрлік.

Көрші елдерден электр энергиясын сатып алу жалғаса ма?

Президент Жолдауда Қазақстанның қыс мезгілінде көрші мемлекеттерден қымбат бағаға электр энергиясын сатып алып, жазда төмен бағамен қайтаратынын сынға алған еді.

Ал Энергетика министрлігі қазіргі уақытта Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде тапшылық тек тұтыну шарықтайтын сағаттарда, яғни кешкі уақытта байқалатынын мәлімдеді.

Ведомствоның жауабынша, мұндай тапшылық көрші мемлекеттердің энергетикалық жүйелерінен электр энергиясын жоспарлы түрде импорттау арқылы өтеледі.

Сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайту үшін өзіміздің электр энергиясын өндіру көлемін арттыру көзделген. Бұл базалық генерация қуаттарын іске қосу мен жаңартылатын энергетиканы дамытуды қамтиды. Мұнда жоспарланған инвестициялық жобаларды уақытында жүзеге асыру маңызды. Болжамды балансқа сәйкес, көзделген қуаттар іске қосылған жағдайда, 2027 жылдан бастап ішкі қажеттілікті электр энергиясымен толық қамтамасыз ету және кейінгі жылдары профицит қалыптастыру күтіледі, - дейді министрлік мамандары.

Осылайша, Энергетика министрлігі 2027 жылдан бастап электр энергиясының профицитіне шығуды жоспарлап отыр. Ал сарапшы тапшылықты азайту үшін нарықтық тетіктерді жетілдіріп, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және жаңа генерация нысандарын экономикалық тиімділікке қарай салуға басымдық беру қажет деп есептейді.

Наверх