Адвокат азапталған азаматты босатуға кедергі келтірген лауазымды тұлғалар туралы айтты

5 Қаңтар 2023, 13:42
815
Бөлісу:
Адвокат азапталған азаматты босатуға кедергі келтірген лауазымды тұлғалар туралы айтты

Мәжілістің жалпы отырысында адвокат Абзал Құспан азапталған азаматты босатуға кедергі келтірген лауазымды тұлғалар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бейбіт митингіден жаппай тәртіпсіздікке ұласқан Қаңтар оқиғасының соңы мемлекеттік төңкеріске айнала жаздады. Арада бір жыл уақыт өткенде мүдделі топтың осындай қылмыстық мақсаты болғаны анық әрі айқын көрініс тауып жатыр. Ең сорақысы сол - осында әрекеттердің кейін де жалғасын тауып жатқандығы. Оған біз комиссия құрамында қаңтар оқиғасымен айналысқан бір жыл мерзім ішінде көзіміз жетті, - деді Абзал Құспан.

Адвокат оған бірнеше мысал келтірді. Оның бірі - кейбір өңірлерде Мемлекет басшысының қаңтар оқиғасына қатысты істердің әділ тергелуі, азаматтардың конституциялық құқықтарының қатаң сақталуы туралы берген тапсырмасына қарсы диверсиялық сипаттағы іс-әрекеттер болды.

Оңтүстік облыстардың бірінде ҚР Қылмыстық кодесінің 272-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін азаматты азаптап, ұрып-соғу, арқасына үтік басып, тырнақ астына ине тығу туралы ақпаратты комиссия тексеріп, толық анықтады. Нәтижесінде облыстық ішкі істер органдары басшылығына ол азаматты босату, яғни бас шарасын өзгерту туралы талап қойдық. Алайда олар біздің ұсынысымызбен келіспей, азаптауға ұшыраған азамат ауыр қылмыс жасады деген желеумен оны босатуға, тиісті ем-дом алуына кедергі келтірді, - деді адвокат Мәжілісте. 

Құспан атағандай, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, адам қандай қылмыс жасады деп айыпталса да, оған қарсы күш қолдануға қатаң тыйым салынған. 

Біздің жағдайда ұзақ уақытқа созылған азаптау фактісі басқа емес, сол құқық қорғау органы қызметкерлері тарапынан болған. Ал басшылық құрам осыған көз жұма қараған. Ол туралы Президент Әкімшілігіне хабарлауға мәжбүр болдық. Нәтижесінде облыстық полиция департаменті басшылығы жұмысынан босатылып, бірнеше қызметкердің үстінен азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда істер сотта қаралып жатыр, - деді Абзал Құспан Мәжілісте айтқан сөзінде.

Сөзінше, азаптауға ұшыраған азаматқа сот шешімі шығып, рақымшылық қолданылып, бостандыққа шықты. Қазір тиісті ем-домын алып жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы