Адвокат айналысқан істе бәрі құпия болуы шарт – Эльнура Кішкенебаева

5 Желтоқсан 2024, 10:03
2539
Бөлісу:
Адвокат айналысқан істе бәрі құпия болуы шарт – Эльнура Кішкенебаева
PHOTO
Фото: BAQ.KZ

Бүгін, яғни 5 желтоқсан – Қазақстан Республикасы адвокаттарының кәсіби мерекесі. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Эльнура Кішкенебаевамен еліміздегі адвокаттардың кәсібилігі мен халықтың жиі жапа шегіп, заңгерлерге жүгінетін мәселесі жөнінде сұхбаттасты.

Адвокат айналысқан істе бәрі құпия болуы шарт – Эльнура Кішкенебаева
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Халық арасында заңгерлерге көбірек жүгінетін қызмет түрі қандай?

– Жалпы, заңгер – заң саласындағы, заңгерлік қызметтегі, заңдық істерді құқықтық нормаларға сәйкес қарастырады және шешім қабылдауды талап ететін қылмыстық істер мен азаматтық дауларды қарастырады. Ал қорғаушы – азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерді жүзеге асыратын маман. Көбінесе қарапайым халық заңгерлерге және қорғаушыларға әртүрлі мәселелермен келіп жатады, соның ішінде, азаматтық істер бойынша, отбасылық мәселелер, ажырасу, алимент, мүліктік даулар және несие мәселелері. Ал қылмыс бойынша – алаяқтық, ұрлық, тонау, қарақшылық және зорлық-зомбылық мәселелері көптеп кездеседі. 

– Заңды жетік білмейтін адамдар көп, кейде өзінің құқығын қорғай алмай жатқан жандар бар. Әрбір адамның есінде болатын қарапайым заңдарды айтып өтсеңіз.

– Қазақстанда туған әрбір азамат пен азаматшаның өз құқығы бар. Конституцияға сәйкес, әрбір адамның құқығы заңмен қорғалған. Алайда өз құқықтарын білмей жататын жандар көптеп кездеседі. Соның ішінде, алаяқтарға алданып қалып жатқан жандар саны күннен күнге артып келеді. Мәселен, күнделікті пайдаланып жүрген WhatsApp желісі арқылы алаяқтар, WhatsApp желісінде тізімде тұрған адамдарға ұялы нөмірдегі адамның атынан қарызға ақша сұрап, SMS жазбалар жіберіп жатады. Таныстары соған алданып, сұраған қаржысын аударып жібереді. Кейіннен анықталғандай, бұл іс-әрекет алаяқтардың айласы екенін біліп, өкініп, құзырлы органдарға шағым түсіріп, соның дауымен бастары қатып жүреді. Сонымен қатар, "Сіздің атыңыздан несие рәсімдеп жатыр, тез арада несиені тоқтату үшін сізге SMS келеді, сол SMS-тің кодын айтыңыз" деп, атынан несие алып, үй-жайын алаяқтар өздерінің атына аударып алып жатады.

Сол себепті қандай да бір адамға төлем жасар алдында, сол SMS-ті жазған адамға хабарға шығып, сол адам екеніне көз жеткізу керек және ешкімге ешқандай ақпарат бермеу керек. Дәл осындай жағдаймен менен көмек сұрап келетін жандар бар. Ондай кезде тез арада құзырлы органдарға арыз, шағым түсіріп көмегімді көрсетемін.

Менің тәжірибемде көптеп кездесетін мәселелердің бірі – банктен немесе микро қаржылық ұйымдардан несие немесе ақша алып, оны дер кезінде төлей алмай қалған кезде коллекторлар мазалап, қорқытып, "несиені бүгін төлемесеңіз, қамаққа аламыз" деп хабарласып жатады.

Қиындыққа тап болған, өз құқықтарын білмейтін қарапайым халық қамаққа алынып кетеміз деп ойлап, қайта несие алып немесе қарызға батып, коллекторларға берешек қарызын екі есе пайызымен қайтарып жатады. Алайда мұндай жағдайда коллекторлардың қарапайым тұлғаға хабарласып, қорқытып, "дәл бүгін төлем жасамасаңыз, қамаққа аламыз" деп айтуының өзі құқық бұзушылық. Себебі олардың ондай құзыреті жоқ. Егер де осындай жағдай орын алып жатса, тез арада осы істі білетін маманға, яғни заңгердің немесе қорғаушының көмегіне жүгінгендері дұрыс.

Адвокат айналысқан істе бәрі құпия болуы шарт – Эльнура Кішкенебаева

– Елімізде адвокаттар мектебінің жай-күйі, деңгейі қандай?

– ҚР Конституциясының 13-бабы 3-тармағына сәйкес әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Қазақстандық адвокатура азаматтық қоғамның ең маңызды институты бола отырып, өзінің конституциялық миссиясын атқарып келеді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мықты және тәуелсіз адвокатураны құру бойынша нұсқаулар, сондай-ақ адвокаттардың жұмысына кедергі келтіретін заңсыз әрекеттердің жолын кесу қажеттігін бірнеше рет айтқан болатын. Адвокат айналысқан істе бәрі құпия болуы шарт. Тиісті норма бар. Сондықтан олардың жүріп-тұруына, ақпарат пен дәлел жинауына ешқандай кедергі болмауы қажет. Адвокат қылмыстық істің материалдарымен танысуға құқығы бар. Процессуалдық кодексте "Адвокат іс материалымен танысуға құқылы" деп жазылып тұр, бірақ ол оның копиясын жасап ала алмайды. Сонда кейбір қылмыстық істерде 100-ден астам том құжаттар бар. Оның бәрін фотоаппарат сияқты, көзбен түсіріп, бәрін жаттау мүмкін емес. Осындай және басқа да кедергілер жойылса, адвокаттардың деңгейі әлдеқайда өсер еді.

– Адвокаттардың еңбекақысының мөл­шері қандай? Қымбат па? Көмек сұраған адамның қалтасы қалың болмаса, адво­каттың көмегіне сүйене алмай ма?

– Адвокаттардың еңбекақысы туралы нақты заң нормалары, ереже жоқ. Бұл мәселе нарықтық заңдармен реттеледі. 5 жарым мың адвокаттың ішінен клиент адвокатты өзі таңдайды. Әр іс бойынша еңбекақыны адвокат пен клиент өзара ке­ліседі, келісімшарт жасайды. Әдетте істің күрделілігі, ауыр-жеңілдігіне қарай адво­каттың біліктілігі мен тәжірибесіне қарай еңбекақысы белгіленеді. Сонымен қатар "про-боно" деген бар. Ол – тегін құқықтық көмек көрсету. Бізден көмек сұрап, хабарласатын адам­дар өте көп. Қиындыққа тап болған адам­дар­ға уақыт тауып, құқықтық кеңес беруге, жол сілтеуге, бағыт беруге ты­рысамыз. Ол үшін адвокаттар ақы алады деп ойла­маймын. Бұдан бөлек, шарасыз жандарға, жағ­дайы төмен азаматтарға өз қызметімізді те­гін ұсынатын жағдайлар да жиі болады.

Адвокат айналысқан істе бәрі құпия болуы шарт – Эльнура Кішкенебаева
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Заман ағымына қарай заңгерлердің де жұмысы өзгеріске ұшырады ма?

– Қазіргі таңда көп істеріміз онлайн тәртіпке көшіп, уақытымызды үнемдеп отырмыз. Арыз, шағымдарымызды, сотқа электронды түрде жіберіп, басқа қалада қылмыстық істермен жүрген кезде немесе іс-сапармен жолда болған жағдайда, сот процесіне онлайн тәртіпте қатысып отырамыз. Бұл заман ағымына қарай болып жатқан өзгерістер бізге тиімді болды.

– Онлайн соттың ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз.

– Ашық сот отырысы қоғам көзқарасын өзгертеді. Себебі сот процестерді тікелей эфирде көрсетуі және сот отырысына алқабилердің қатысуы – бұл халықтың демократияға араласуы. Біріншіден, қарапайым халық сот процесін және сот билігіне алқабилердің төрелік ететінін көрді. Ол жерде судья, прокурор, адвокат деген кім екенін білді. Қорғайтын жақтарын және жамандайтын жақтарын көрді. Екіншіден, халық пен өскелең ұрпаққа теріс ой-пікірлер қалыптаса ма деген ой туындайды. Өйткені ол жерде қылмыстық істің қалай болып жатқанын көрген жастардың ойы өзгеріп кете ме деген күмән бар. Сонымен қатар, қаншама қарапайым халық жұмыстарын ысыра отырып, билікке араласып отыруы және оны талқылауы дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені әр саланың өз маманы бар.

 – Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы