Әділетті Қазақстан идеясы – елдің әрбір азаматының бақытты және табысты болуына жағдай жасау

7 Қазан 2022, 07:26
2133
Бөлісу:
Әділетті Қазақстан идеясы – елдің әрбір азаматының бақытты және табысты болуына жағдай жасау

Елдегі белгілі меценат, кәсіпкер Исламбек Салжанов қоғамда болып жатқан өзгерістерге пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ. Ол қазіргі әрекеттің бәрі – азаматтық қоғамның үні деп айтты.

«AMANAT» партиясының кезектен тыс съезіне қатыстым. Онда партияның жаңа Саяси тұжырымдамасы қабылданып, алдағы сайлауға үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы ұсынылды.

Кешеден бері көптеген қоғамдық бірлестіктердің Президентті үміткер ретінде ұсынып, мәлімдеме жасап жатқанын білесіздер. Бұл – азаматтық қоғамның үні. Президенттің Әділетті Қазақстан құру туралы тұжырымдамасы халықтың көңілінен шығатынының айқын көрінісі.

Жаңа ғана Қ.Тоқаевты қолдайтын саяси күштерді біріктірген Халықтық коалиция жиналысынан шықтым.

Форумға 2000-нан аса адам қатысты. 20-дан аса қоғамдық бірлестік өкілдері келіпті. Көптен бері қоғамда мұндай азаматтық белсенділік байқалмап еді.

Қазақтың арда ұлы, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ортақ үміткерге «біз 30 жыл күткен реформаны аз уақытта жүзеге асырды» деп баға берді. Бұл сөздердің жаны бар. 

Исламбек Салжанов Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан идеясы жолында талмай еңбек етіп келетінін айтты.

Әділетті Қазақстан идеясы – Тәуелсіздікті сақтап қалу және мемлекетті дамыған елдер қатарына қосу ғана емес, осы елдің әрбір азаматының бақытты және табысты болуына жағдай жасау, баршаға бірдей заң үстемдігін орнату, еңбекқор, талантты, талапты адамдардың жолы ашық болатын әділетті қоғам орнату. Үш жылдан бері Қ.Кемелұлы осы бағытта жұмыс істеп келеді. 

Президенттің өзі «біз жаңа дәуір табалдырығында тұрмыз» деп заман талабы мен өзгерістер кезеңін еске салды. «Сіздердің аттарыңыздан ортақ үміткер ретінде сайлауға түсу мен үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік» деген сөздері бәрімізді толқытты. 

Ендеше, қазір ырысымызды шайқамай, барымызды жоғалтпай, Президент айтқан Әділетті қоғам орнатып, Әділетті ел құру маңызды. Бұл – Асан Қайғы бабамыз аңсап кеткен Жерұйық пен эпостарда айтылатын Жиделі Байсын идеяларымен үндес. Әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қаланың тұрғындары» трактатында ізгі қоғамды суреттейді.

Бабалар аманатын орындап, Жерұйыққа бергісіз Әділетті ел болуды жазсын бізге, - деп жазды Салжанов.

Өзгелердің жаңалығы