«Әділет» партиясы Президент Тоқаевтың саяси қағидаттарын ілгерілетуді қолдайды

Партия өкілдерінің айтуынша, жаңа саяси ұйым қарсыластыққа емес, әділдік, заң мен жауапкершілік қағидаттарына сүйеніп жұмыс істеуге басымдық береді.

 "Әділет" партиясы Бүгiн 2026, 14:01
Бүгiн 2026, 14:01
114
Фото: "Әділет" партиясы

Қазақстанда жаңадан құрылған «Әділет» партиясы Мемлекет басшысы Тоқаевтың саяси қағидаттарын ілгерілетуді қолдайтындарын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы партияның құрылтай съезінен кейін кулуарда «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы, саяси партияның жетекші тобының мүшесі Ренат Бектұров айтты.

Бектұровтың сөзінше, «Әділет» партиясы өзін саяси текетірестің құралы ретінде қарастырмайды және басты назарды өз бағдарламалық мақсаттары мен идеологиясына аудармақ.

Әрине, біз жаңа партия ретінде ең алдымен өзіміз туралы айтқымыз келеді. Біз пікір алуандығы мен көппартиялылықты әрдайым жақсы құбылыс деп есептейміз. Сондықтан өзгелерге пікір білдіруден гөрі, «Әділет» партиясы, біздің құндылықтарымыз бен бағыттарымыз туралы айтуды жөн көреміз. Бұған дейін де айттым, біз қарсыластықты қаламаймыз және ешкімді бәсекелес ретінде қарастырмаймыз, – деді Ренат Бектұров.

Ол партияның ерекшелігі ең алдымен оның бастамашылары мен қолдаушыларының буынымен байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, олардың дүниетанымы тәуелсіз Қазақстан кезеңінде қалыптасқан.

Көпшілігіміздің көзқарасымыз тәуелсіз Қазақстанда қалыптасты. Біз осы құндылықтармен өмір сүріп келеміз және Әділетті Қазақстанның жаңа даму кезеңіне өткіміз келеді. Бүгін еңбек бағалануы керек, меритократия жұмыс істеуі тиіс, ал жүйенің негізінде заң мен тәртіп тұруы қажет екені көп айтылды. Әр адам әділдікке қол жеткізе алуы керек. Біздің партияның басты ерекшелігін дәл осыдан көреміз, – деді Бектұров.

Пайымдауынша, партия әділдік, жауапкершілік және даму қағидаттарына сүйене отырып жұмыс істемек. Сондай-ақ құқық қорғау жүйесін қоса алғанда, реформаларды жалғастыру қажеттігін қолдайды.

Еске салайық, бұған дейін елордада «Әділет» партиясының құрылтай съезі өтті.

Наверх