«Әділет» партиясы БҚО тұрғындарымен кездесуде энергетика, баспана және жастар мәселесін талқылады

5 Тамыз 2026, 17:39
АВТОР
 5 Тамыз 2026, 17:39
5 Тамыз 2026, 17:39
135

Партияның республикалық сайлауалды штабы Оралда тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен, мәдениет өкілдерімен және жастармен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды.

«Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Батыс Қазақстан облысындағы сайлауалды кездесулерін жалғастырды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, шығармашылық зиялы қауыммен және жастармен жүздесті.

Жұмыс сапары Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында өткен кездесуден басталды. Тұрғындар энергетика, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдарды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғын үйдің қолжетімділігіне қатысты сауалдарын қойды.

Республикалық сайлауалды штабтың мүшесі Ренат Бектұров партия бағдарламасында энергетика және коммуналдық секторды кешенді жаңғыртуға басымдық берілгенін айтты. Оның сөзінше, ұлттық жоба аясында 2030 жылға дейін 86 мың шақырым инженерлік желіні салу және жаңғырту көзделген.

Кандидаттар кейін Орал трансформатор зауыты мен «QAZAQGAZФ AIMAQ» компаниясының филиалында еңбек ұжымдарымен кездесті. Мұнда өндірісті жаңғырту, қазақстандық өндірушілерді қолдау және инженерлік желілердің сенімділігін арттыру мәселелері көтерілді. Кәсіпорын қызметкерлері жас мамандар мен отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігіне назар аударды. Партия өкілдері бағдарламада жалға алу арқылы сатып алу тетіктерін кеңейту, тұрғын үй бағдарламаларын жетілдіру және жұмыс берушілердің қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз етуге қатысуы қарастырылғанын айтты.

Сапар «Атамекен» өнер сарайында мәдениет және креативті индустрия өкілдерімен, кейін «Жайық Аренада» жастармен кездесумен жалғасты. Пікір алмасу барысында волонтерлік бастамаларды гранттық қаржыландыруды кеңейту, жұмыс істейтін жастарға арналған өңірлік ипотекалық бағдарламаларды іске қосу, жастарды жұмыспен қамту және «Дипломмен – ауылға» жобасын қолдау мәселелері сөз болды.

Республикалық сайлауалды штабтың мүшесі Юлия Кучинская мұндай кездесулер өңір тұрғындарының ұсыныстарын тыңдап, оларды партия бағдарламасын іске асыру барысында ескеруге мүмкіндік беретінін айтты.

Партия мәліметінше, бұған дейін республикалық штаб Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе және Ұлытау облыстарының тұрғындарымен де кездесулер өткізген.

Наверх