«Әділет» партиясы азаматтармен өзара байланысты күшейтуге арналған цифрлық сервистерді дамытуды жалғастырып жатыр. Бұл туралы партияның III кезектен тыс съезінде Саяси кеңесі бюросының мүшесі Рауан Кенжеханұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, партия азаматтармен кері байланысты күшейту үшін заманауи цифрлық құралдарды енгізіп келеді. QR-сервистер арқылы партия қатарына мүшелікке өтуге өтініш беруге, сондай-ақ ұсыныстар, өтініштер мен бастамаларды жолдауға болады.
Рауан Кенжеханұлының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін цифрлық сервистер арқылы 765 мың өтініш пен өтінім келіп түскен. Олардың барлығы тіркеліп, сараланып, партияның алдағы жұмысында ескеріледі.
Сондай-ақ III кезектен тыс съездің жұмысын жасанды интеллект негізінде әзірленген Adilet365 цифрлық көмекшісі сүйемелдеуде. Спикердің сөзінше, жүйе съезге қатысушылардың идеялары, ұсыныстары мен пікірлерін тіркеп, оларды жүйелеп, материалдарды кейінгі өңдеуге көмектеседі.
Рауан Кенжеханұлы цифрлық сервистерді дамыту партияның азаматтармен өзара іс-қимылды жетілдіруге бағытталған негізгі жұмыстарының бірі болып қала беретінін атап өтті.