Бұл туралы қазақ ғалымы, нутрициолог, ҚР ҰҒА мен РМҒА академигі, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді шарманов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа Қазақстан бәрін қайтадан құру емес, бұрынғы қателіктерді түзетіп, әрі сол кемшіліктерден сабақ алу. Жетістіктеріміз болса жетілдіріп, табыстарымызды жемісті жалғастыру. Бәлкім, жаңа емес, жаңарған Қазақстан дегеніміз дұрыс болар. Ең әуелі біздің санамызға сілкініс керек. Қоғам рухани тұрғыдан жаңғырып, білімділер алға шығуға тиіс. Адами құндылықтарды сақтап тұратын ең қуатты күш – әділет. Бәрі содан басталады. Ал әділдік жоқ жерде, мың жерден талпынсаң да сауатты, көзі ашық қоғам қалыптастыра алмайсың, - деді ол.
Ол баланың тәрбиесіне мән берген абзал екенін айтады.
Ең әуелі әрбір қазақ патриот болса, ұлтын, мемлекетін сүйсе, қолында билігі барлар мойнына жүктелген аманатқа адалдық танытса, сапалы мамандардың саны артса, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарса, рухани мәдениетіміз биіктесе, өнеркәсібіміз өрге басса мемлекетіміздің келешегі келісті болмақ. Осы айтылғандардың бәрін кемеліне жеткізу үшін халықтың жан-дүниесі, дүниеге көзқарасы, таным-түсінігі терең болғаны жөн. Айналып келгенде мұның бір ұшы ұрпақ тәрбиесі дейтін ұлы іспен сабақтасып жатыр. Қым-қуыт тірліктің соңына ілесіп осы нәрседен ажырап қалмауымыз керек. Баланы бағумен, тамақтандырумен шектелмей, оның тәрбиесіне мән бергеніміз абзал, - деді шарманов.