Мен еліміздің саяси, әлеуметтік, құқықтық, және басқа да маңызды жүйелерін түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жүргіздім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл реформалар халықтың тұрмысын түзеуге, әр адамның құқығын толық қорғауға, демократиялық үдерістерді жедел жүргізуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, барлығы тек халық үшін жасалып жатыр. Сондай-ақ, мемлекеттілігімізді нығайтуға арналды. Жалпы, көп жұмыс атқарылды деп айтуға болады. Бірақ, бұл – күрделі жолдың басы ғана. Сондықтан біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып, әділ қоғам құруға кірістік. Саяси реформаның төрт топтамасын жүзеге асырдық, - деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент еліміздің жаңа саяси дәуірге қадам басқанын атап өтті.
20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл – болашақ даму бағдарымызды айқындайтын аса маңызды науқан. Түрлі қоғамдық ұйымдары маған өздерінің атынан сайлауға түсу туралы ұсыныс білдірді. Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстанымым өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Коалицияда басты саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың болуы өте маңызды. Себебі, онда барлық әлеуметтік топ қамтылған, - деді Президент халықтық коалиция форумында.