Әдепті мемқызметшінің үлгісі

22 Сәуір 2022, 17:44
3658
Бөлісу:
Әдепті мемқызметшінің үлгісі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әдепті болу - адамды басқалармен жақсы қарым-қатынас жасауға, олардың сөзін тыңдай білуге, өзара сыйластыққа қол жеткізуге және үлкендерге құрмет, кішілерге ілтипат көрсетуге негіз болады. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Ж.Ағыбаев айтып берді.

Әдеп пен әдет

Әдеп, әдет, мінез деген де әркімнің өз қолында. Әдептілікке адамның ізеттілігі, сыпайылығы сияқты көркем мінездері мен өнегелігі, қарапайымдылығы, тәрбиелілігі, инабаттылығы жатады. Әдепті болу - адамды басқалармен жақсы қарым-қатынас жасауға, олардың сөзін тыңдай білуге, өзара сыйластыққа қол жеткізуге және үлкендерге құрмет, кішілерге ілтипат көрсетуге негіз болады. Әдепті кісі өз абыройына кір келтіретін әрекеттерден аулақ жүреді. Кездейсоқ, білместік салдарынан бір жағымсыз іс істеп қойса өкініп, ұялып, жүзі қызарып істеген ісіне қиналады және түзетуге тырысады, - деді ол.

Адамға қойылатын басты талап - асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты.

 Адамгершілік - адамның рухани арқауы. Әдепті адам деп адамгершілігі жетілген адамды айтамыз. 

Жанның әдептілігі -  адамның әділеттілігінен, ержүректігінен, саналылығынан, яғни барлық ізгілікке ие мінездерінен көрінеді. Біз өз қызметімізде іскерлік этикеттің негізгі қағидаларын ұстануымыз, қызметте тәртіптікке бағыныштылықты көрсетуіміз, киімде іскерлік үлгіні сақтауымыз, жақсы мінез-құлық көрсетуіміз, әріптестер мен азаматтарға ізгі ниетпен және сый-құрметпен қарауымыз қажет. Азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынас жасау кезінде сыпайлылық және әдептілік танытып, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру керек. Бұл ретте кез келген ұжымда лайықты қарым-қатынас жасау, адамның абыройы, оның мәртебесі, әрекеттер мен қылықтары сыпайлылықтың маңызды критерийлері, - деп ойын айтты Әдеп жөніндегі уәкіл.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді.

Мемлекеттік қызмет қоғам мүдделеріне адалдық танытуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тіл мен басқа тілдерге, Қазақстан халқының дәстүрлері мен ғұрыптарына құрметпен қарауға міндеттейді.

Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс.

Оның сөзінше, қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес барлық адал ниетімен құзыретті және тиімді түрде орындайды деп есептейді.

Мемлекеттік қызмет атқару - қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды. 

Жарлықта мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлануға негізделген  6 қағидаттардан тұрады. Оның ішіндегі «Жаңа Қазақстан»  талабына сай  енгізілген клиентке бағдарлану - мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұранысына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттіктік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезінде төрешілдік көріністеріне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау, - деп есептейді ол.

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары:

1) қарапайым болу, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау;

2) мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру;

3) заңда белгіленген шектеулерді сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау;

4) азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмау;

5) іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу;

6) лауазымдық міндеттерді атқаруға байланысты кез келген сипатта құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеу және құқыққа сыйымсыз міндеттемелерді алмау;

7) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін қызметтік жағдайын, сондай-ақ онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделерінде, оның ішінде оларға өзінің көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбау;

8) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсаты бойынша, лауазымдық міндеттерін және рұқсат етілген қызмет түрлерін орындау үшін пайдалану;

9) қызметтік міндеттерді адал орындауға кедергі келтіретін құқыққа сыйымсыз қаржылық және мүліктік мүдделерді қудаламау жөніндегі талаптар қойылады.

Мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі сырт келбеті мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, ресмилікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпыға бірдей қабылданған іскерлік стиліне сай болуға тиіс.

Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынаста:

1) ұжымда іскерлік және жанашыр өзара қарым-қатынас пен сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал етуге;

2) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге не оған жол бермеу жөнінде өзге де шараларды қабылдауға;

3) ұжымда әріптестерінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жеке және кәсіби қасиеттерін талқылаудан тартынуға;

4) өзінің мінез-құлқымен бейтараптықтың, әділдіктің, риясыздықтың, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрметпен қараудың үлгісі болуға;

5) қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітушіліктің және оған қолсұғушылықтың кез келген нысандарын болдырмайтын қолайлы моральдық-психологиялық ахуал жасауға бағытталған шаралар қабылдауға;

6) жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларға үйлеспейтін әрекеттер жасауға мәжбүрлемеуге;

7) әріптестеріне қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге;

8) әріптестеріне өзінің діни нанымдарын таңбауға, қол астындағы қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлемеуге тиіс.

Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келмесе, жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса және мемлекеттің лауазымды адамдарының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепсіз сөздерді қамтитын болса, көпшілік алдында білдірмеуге тиіс.

Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның осыған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады. Мемлекеттік қызметшілер пікірталастарды мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірместен, дұрыс нысанда жүргізуге тиіс. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, кішіпейілділік танытуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға және қоғамдық имандылыққа қолсұғумен ұштасқан қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс, - деді ол.

Уәкілдің айтуынша, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Әдеп жөніндегі уәкіл туралы Ережеге сәйкес жұмыстар жүргізеді.

Министрліктің ресми интернет-ресурсында Әдеп жөніндегі уәкіл, оның функционалдық міндеттері және мемлекеттік қызметкерлер мен өзге де адамдарды қабылдау күндері туралы ақпарат жарияланды.

Министрліктің 5 комитеті мен олардың 17 облыстық (қалалық) Экология департаменттерінде, 14 Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі облыстық аумақтық инспекциялары, 8 Балық шаруашылығы облысаралық бассейндік инспекциялары, 8 Су ресурстары бассейндік      инспекциялары мен  5 өңіраралық Геология департаменттерінде Әдеп жөніндегі уәкіл қызметін қоса атқару              57 қызметкерлерге бекітілген. Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талаптарына сәйкес, Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары басшылық қызмет атқаратын, сондай-ақ ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшілерге жүктеледі, - деді Ағыбаев.

Министрліктің аумақтық бөлімшелерінде Әдеп жөніндегі уәкіл қызметін қоса атқару 48 ер және 9 әйел бекітілген.

Министрліктің барлық комитеттерінде және аумақтық бөлімшелеріндегі бекітілген Әдеп жөніндегі уәкілдің міндетін қоса атқару жүктелген қызметкерлермен, әр комитет өз алдына WhatsАpp желісінде топ құрылып, аптаның әр дүйсенбі күні ұжымдағы моральдік-психологиялық жағдай, Әдеп кодекстерінің талаптарын сақталуы, әкімшілік құқық бұзушылық орын алғаны немесе алмағаны, жалпы тәртіп бұзушылық  туралы қысқаша мәлімет жіберу міндеттелді. Сонымен қатар бұл чатта қосымша ұсыныстар мен қосымша мәліметтер де талқылануда.

Осылайша тұрақты байланыс арқылы профилактикалық алдын алу жұмыстары жолға қойылды.

Министрліктің сенім телефоны Әдеп жөніндегі уәкіл телефонына (8-7172-75-09-36) жалғау нәтижесінде азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің анонимді немесе нақты өзі туралы мәліметті айта отырып ұжымдағы жалпы тәртіп бұзушылық пен арыз шағымдарды мониторг жасауға мүмкіндік туғызып отыр. Мемлекеттік қызметкерлерді және азаматтарды қабылдау кестеге сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы және Әдеп кодексінің талптарын түсіндіру мәселелері бойынша мемлекеттік қызметшілерге және өзге де тұлғаларға тұрақты негізде кеңес беру жүргізіледі, - деп түсіндірді маман.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкерлерге қатысты жағымсыз жарияланымдарды және мемлекеттік қызметкерлердің жеке аккаунттарында фото, бейне материалдар мен пікірлерді, мемлекеттік қызметтің имиджіне нұқсан келтіретін пікірлерді орналастыру фактілерін анықтау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал әлеуметтік желілер жарияланымдарының тұрақты мониторингі маңызды рөл атқарады.

Кадр жұмысы департаментімен келісу арқылы орталық аппарат тәртіптік комиссиялар отырысына Министрліктің Әдеп жөніндегі уәкілі қадағалаушы (бақылаушы) ретінде қатысу енгізілді.  

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтамауы әр түрлі құқықбұзушылықтар мен теріс пайдаланушылыққа әкеліп соқтырады. Сондықтан әдеп нормаларын мінсіз сақтау - әрбір мемлекеттік қызметшінің негізгі міндеті. Комитеттер мен аумақтық органдардың басшылары тәртіпті бақылауды өздеріне сеніп тапсырылған учаскеде заңдылықты қамтамасыз етуге міндетті. Этикалық нормаларды бұзу және анықтау бойынша Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасау сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға ықпал ететін бұзушылықтар, - деді ол.

Осыған байланысты басшылар бақылауды күшейтіп, қызметкерлер тарапынан бұзушылық фактілеріне жол бермеуі қажет. 

Азаматтар мен қызметшілермен кездесу кезінде көп қойылатын «Мемлекеттік қызметшілерге шектеулер мөлшерден тым көп емес пе? Бұл заманауи талантты жастарды мемлекеттік қызметке деген ынтасын төмендетпей ме?» деген сұрақтар қойылады. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөздері әрбір мемлекеттік қызметшінің басты қағидаты ретінде қалыптасуы тиіс. Осы қағидатты өз өмірінің басты заңы ретінде ұстанатын мемлекеттік қызметшінің атқарған қызмет сапасы да жоғары болуына сенімдімін, - дейді уәкіл.

Өзгелердің жаңалығы