Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек ғылым туралы заң жобасын сынға алып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шіркін, біздің министрлеріміз сіз (Саясат Нұрбек – ред.) сияқты қызыл тіл, суырып салма шешен болса, барлық сұраққа жауап болатын еді. Әдемі өлең сияқты сізді қазір тыңдап отырмыз. Дүйсенбі күні (4 наурыз – ред.) Алматыда жер сілкінді. Күні кеше Алматыда Сейсмология институтының ғылыми қызметкерлерімен кездестім. Сіз қазір осы жерде Үкіметтен қолдау көрсетіліп жатқанын айтып отырсыз. Іс жүзінде Сейсмология институтының қызметкерлері бейшараның күнін кешіп отыр. Ешқандай ғылыми жобалары қабылданбады. Ғылыми жобаларын министрлікке жіберсе, оны қайтарып жіберіп жатыр. Бүкіл қаржыландыруды кесіп тастады. Керек десеңіз, олар айлығын да алмайды. Міне сондай дәрежеге жетіп отыр, - деп шағымданды депутат.
Базарбектің сөзінше, сейсмостанциялардың өзі қаңылтыр-темір. Оны музейге де қабылдамайды. Депутат сейсмоқауіпсіздіктің дәрежесі нашар екенін айтты.
Сейсмология институты қазір Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында. Сейсмолог-ғалымдардың пікірінше, бұл қате. Оны Ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтару керек. Екіншіден, заң жобасын қарап отырмын. Көп нәрсе жазылған, бірақ түйін өте аз. Басқаша айтқанда, экономикалық ынталандыру тетіктері өте аз. Заң шикілеу сияқты. Неге заң жобасының өзінде ғылыми қызметкерлерді және ғылым институттарын қолдаудың экономикалық тетіктері көрсетілмеген? – деп сұрады депутат министрден.
Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек депутаттың сұрағына жауап берді.
Бірталай институттарымыз салалық министрліктерге берілген. Ауыл шаруашылығында да көптеген мәселе жиналып қалған. Мамандар басқа салаға кетіп қалған. Оның ішінде сейсмология институты Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретінде. Өкінішке қарай, мұны айту дұрыс емес. Онда толыққанды қаржыландыру жоқ. Біз де оларға кіріп, ішкі процедураларын қолдауға мүмкіндігіміз жоқ. Қайтарылса, біз қарсы болмаймыз. Бірақ биыл үлкен нысаналы грант беріп отырмыз. Сейсмология институтына 3,5 млрд теңге көлемінде грант бекітілді, - деді ведомство басшысы Мәжілісте.
Саясат Нұрбектің айтуына қарағанда, қазір олардың бүкіл өтініші пысықталып, Үкімет жанындағы жоғары техникалық комиссияның отырысында қаралып жатыр.
Менің жеке пікірім, институттың берілгені дұрыс болады. Қазір екінші сұраққа тоқталайын. Осында біз Салық кодексін талқылаймыз. Онда нақты механизмдер көрсетілген. Заң ішінен шығарылып, басқа кодекстің ішінде болғаны дұрыс деп шешім қабылданды. Оны екінші сұрақта талқылаймыз, - деп түсіндірді министр.
Қазақстанда ғылым мен ғалымдарға қандай қолдау көрсетілетіні туралы осыған дейін жазғанбыз.
Ал Оқу-ағарту министрлігі рұқсатсыз олимпиада өткізген мекемеге қатысты мәлімдеме жасады.