Әдемі лента қиюмен емес, нақты іспен айналысу керек – Аймағамбетов

29 Наурыз 2022, 17:02
2354
Бөлісу:
Әдемі лента қиюмен емес, нақты іспен айналысу керек – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің кезекті аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов университеттер нақты, мазмұнды іспен айналысуы керегін айтты.

Асхат Аймағамбетов ынтымақтастық жөніндегі келісімдер жасасу шеңберінде ҒЗИ мен ЖОО-лардың атқарған жұмыстары туралы әріптестерінің есебін тыңдады.

Бизнеспен ынтымақтастық жолдарын қарастыру керек. Тиісті жол картасын дайындауды тапсырамын. Әр ЖОО мен ҒЗИ-лар бизнестің өкілдерімен жұмыс жүргізулері керек, - деп тапсырма берді министр.

Аймағамбетов әдемі лента қиюмен емес, нақты іспен айналысу керегін басып айтты.

Қызыл, әдемі ленталарды қиюды жақсы үйреніп алдық. Сондай-ақ әртүрлі атақты адамдардың атынан кабинеттер ашып, тақтайшасын ілу жұмысы да белсенді жүргізіледі. Әрине, мен мұны «ирониямен» айтып отырмын. Осындай жұмыстармен айналысқанша, университеттердің алдында тұрған нақты, маңызды мәселелермен айналысқан дұрыс. Ақпараттарды қарап отырамыз. Мереке, салтанатты рәсімдерді өткізу керек болса, онда алдыңғы қатарда жүреді. Ал нақты мазмұнды жұмыспен айналысатындардың қатары өте аз. Ащы болса да, шындықты айту керек, - деп айтты университет басшыларына министр.

Бас ұстаз институттардың ғалымдары университеттерде дәріс беруі керек екенін еске сала кетті.

Білім және ғылым министрінің сөзінше, ғалымдарды дәріс беру жұмысына кеңінен тарту керек. Институттардың базасында диссертациялық кеңестерді ашу мәселесін де қарастыруға болады. Заңнама бұған қайшы келмейді.

Өзгелердің жаңалығы