Сенатор «Адай» қазақ жылқысын жеке тұқым ретінде танып, оған ресми мәртебе беруді сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы сенатор Бекбол Орынбасаров Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, «Адай» жылқысы – қатал климаттық жағдайларға тез бейімделетін, жүріске шыдамды әрі төзімділігімен ерекшеленетін мықты тұқымдардың бірі. Сонымен бірге «Адай» жылқысын дербес тұқым ретінде мойындауға кедергі келтіретін бірнеше себептерді алға тартты.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-2-бабына сәйкес еліміздің жылқы шаруашылығы саласында тек екі палата жұмыс істеуге міндетті. Біріншісі - спорттық бағыттағы зауыттық тұқымдар бойынша болса, екіншісі - өнім бағытындағы (ет, сүт) жылқылардың жергілікті тұқымы болуы тиіс. Алайда, қазіргі таңда өнім бағытындағы жылқылардың жергілікті тұқымы бойынша 4 палата жұмыс істейді. Осындай палаталардың көп болуының салдарынан жылқы тұқымдарына берілген «тайпалық мәртебелер» мен «куәліктер» жарамсыз деп есептелінеді. Сондықтан, «дара тұқым» деп тануға ұсынылған жылқылар пайдалану деңгейіндегі (асыл тұқымды емес) жылқылар болып қала беруде, - деді Бекбол Орынбасаров депутаттық сауалында.
Белгілі болғандай, бұл жылқыларды дербес тұқымды жеке сынақтан өткізу үшін Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары үш өнімді зауыттан тұратын желі құрған. Алайда қаржылық жағы тағы бар. Селекциялық шараларды тиімді ұйымдастыруға кемінде 300 млн теңге қажет.
Қазақтың «Адай» жылқысын өз алдына дара тұқым деп танып, ресми «тұқым» мәртебесін беруді сұраймын. Жылқы шаруашылығы жөніндегі республикалық палатаның қызметін ретке келтіру керек. Әділет министрлігі халықтық селекция жолымен дүниеге келген «Қазақ бактриан» түйесі, «Еділбай» қойы сынды тарихи мал тұқымдары сияқты, Қазақтың «Адай» жылқысын еш кедергісіз оның таралу аймағын белгілеу керек. Қазақтың «Адай» жылқысы тұқымының асыл тұқымдық өнімдік және спорттық қасиеттерін жетілдіруге және халықаралық нарыққа шығаруға бағытталған пәрменді ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеу және іске асыру керек, - деді депутат.