Адамзат Жерді тастап кете ала ма? - Астрофизикпен сұхбат

4 Наурыз 2024, 17:17
3386
Бөлісу:
Адамзат Жерді тастап кете ала ма? - Астрофизикпен сұхбат
Фото: BAQ.KZ

Адамзаттың Жер планетасынан көшетін кезі бола ма? Әлемде мұндай фильм мен туындылар көп таралған. Бұл сапарға жаңа технологиялардың қауқары жете ме? Адамзат дайын ба? Өзге ғаламшарлықтар бар ма? Астрофизик Бекдәулет Шүкірғалиев сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 - Айды екінші үйге айналдыру туралы мақалалар мен зерттеулер жетерлік. Жалпы, бұл қаншалықты мүмкін?

Иә, бәрі мүмкін. Бірақ ең ауыр жұмыс - ол жаққа қажетті заттарды тасымалдау және қаражат мәселесі болуы мүмкін. Адамзат басқа планетаға барсада, ауасы, суы мен азығын алып баруға тиіс. Онсыз сапар мүмкін емес. Мәселен, адамдар айға барып қоныстануды жоспарлап отыр делік, алайда айда ауа да, су да жоқ. Одан гөрі Марсқа сапарлаған оңайырақ деуге болады. Себебі Марста мұз күйіндегі суы бар және оттегісі жоқ болса да, жердікіне ұқсарлықтай, улы емес және мөлдір атмосферасы қоршаған. Айдың бетінде атмосферасы жоқ, яғни ол күннің радиациясынан да қорғалмаған. Сондықтан айдың бетінде өмір сүру өте қиын.

 -  Әлемге аты танымал кәсіпкер Илон Маск Марсты бағындыру жайлы жиі айтады. Бұл қазіргі технологиямен мүмкін бе?

Марс жерге ең жақын келгенінде шамамен 75 миллион шақырым қашықтықта болады. Ең алыс болғанда 375 миллион шақырымға дейін кетеді. Қызыл планетада адам демалатын оттегі жоқ. Қазіргі таңда Марстан оттегі өндіретін технологияның өзі әлі жасалған жоқ. Сондықтан бүгінгі таңда бұл сапар арман болып қала бермек. Жақын болашақта басқа планетаға тұрамыз деп айта алмаймын.

Әйгілі кәсіпкер Илон Масктың ниеті қандай екенін білмеймін. Ол адамзатты ойлап уайыммен жасап жүрме, әлде әлде басқа ма, оны өзі біледі. Дегенмен кәсіпкер адамзат үшін тамаша серпіліс берді. Жалпы Марсқа жүк жеткізетін ракета жасап шығудың өзі қиын. Ең қызығы, сол ракеталарды жасау үстінде көптеген жаңа технологиялар ойлап табылып жатыр. Жалпы, адамзаттың дамуы тікелей ғарышқа зерттеумен байланысты десек болады.

 - Жерге ұқсас планеталар туралы не айтасыз? 

Жерге ұқсас планеталар табылып жатыр деп естіп жатамыз, алайда олардың көбі кемі 700- 800 жарық жыл алыста орналасқан. Біздің қазіргі ғарыш кемелері оған мүлдем дайын емес. Сондықтан қоныстану үшін алыстан емес, жақын орналасқан планеталарды қарастыруымыз керек. Үстінде айтқанымдай, Марсқа жетудің өзі оңай емес, жаңа техниканың өзімен бірнеше жыл жүріп барамыз. 

Біз адам денесі мен ағзасы жердің гравитациясына бейімделгенін ескеруіміз керек. Адам ғарышқа ұшқанда салмақсыздық болады, ал салмақсыздық болған кезде ағзада қан айналымы дұрыс болмайды. 

Осылайша егер адамды Марсқа жіберетін болсақ, ол жартылай денсаулығынан айырылып қалады. Марсқа түскен соң оларды кім емдейді? Ол да қарастырылмаған. Сол себепті қазіргі таңда мұның алдын алу үшін, адамның ғарышта ұзақ жүре алуын қамтамасыз ететін биологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр.

 - Астрономдар өзге ғаламшарлықтарды көп жыл зерттеп келеді. Тіпті арнайы саласы бар. Бүгінгі таңда қандай да нәтиже берді? 

Астрономдардың жерден тыс ақыл иелерін іздеуге арналған SETI (Search for ExtraTerrestrial Intelligence) атты ғылыми зерттеу бағдарламасы бар. Алайда ол бағдарлама бүгінге дейін нақты дәлел тапқан жоқ. Бізге әлі де белгісіз. Тіпті болған күннің өзін де бұл әлемнің кеңдігі сондай, біз 1 секундқа татымайтын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Біздің 100 жылымыз біз үшін бір ғұмыр болғанымен, ол ғаламда секундқа да жарамайтын уақыт. Сондықтан ғаламда ақыл иесі пайда болып, кенет жоғалып кетуі мүмкін. Болмаса, ол жақтан келе жатқан сигналдар бізге жеткенше біз де, планетамыз да жоқ болып кетуі мүмкін.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы