Қазақстандық астрофизик Бекдәулет Шүкірғалиевпен бірге жазылған подкастта ғарыш саласындағы ең өзекті мәселелер қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әңгіме барысында Айды игеру, ірі державалар арасындағы бәсеке, жасанды интеллекттің рөлі және адамзаттың ғаламдағы орны сияқты маңызды тақырыптар талқыланды.
Подкаст авторлары ең алдымен адамзаттың Айға қайта оралуының себебіне тоқталды. Сарапшының айтуынша, бұл тек ғылыми қызығушылықпен шектелмейді.
Бекдәулет Шүкірғалиевтің сөзінше, Ай – болашақ ғарыш инфрақұрылымының кілті болуы мүмкін. Сондықтан бұл бағытта тек зерттеу емес, стратегиялық және геосаяси мүдделер де қатар жүр.
Подкастта NASA, Қытай және Ресей арасындағы ғарыштық бәсекеге де ерекше назар аударылды. Сарапшы қазіргі таңда бұл елдер Ай бағдарламаларын белсенді түрде дамытып жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, алдағы жылдары Айға база салу мәселесі тек ғылыми жетістік емес, жаһандық ықпал құралына айналуы мүмкін.
Сонымен қатар подкаст барысында Айдағы пайдалы қазбалар тақырыбы қозғалды. Ғалымдар Ай бетінде сирек кездесетін элементтердің болуы ықтимал екенін айтып, бұл ресурстар болашақта үлкен экономикалық мәнге ие болуы мүмкін екенін жеткізді.
Тағы бір маңызды мәселе – Байқоңыр ғарыш айлағына деген халықаралық қызығушылық. Сарапшылардың айтуынша, әлемдік компаниялар, соның ішінде SpaceX, бұл инфрақұрылымның әлеуетін жоғары бағалайды.
Подкаст соңында ең күрделі сұрақтардың бірі көтерілді: адамзат ғаламда жалғыз ба? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ, алайда ғылым бұл бағытта ізденісті тоқтатқан емес.