Көкшетау, Baq.kz тілшісі. Танымал қолөнер шебері Шәмшия Айтжанованы Көкше өңірінде білмейтін жан кемде-кем. Бүгіндері тоқсан жасты еңсерсе де өнер иесінің талып-шаршамаған, қажып-қайтпаған қалпы кімді болмасын сүйсінтеді.
Бүгінде өмірінің мәніне айналған ісмерлік, кілем тоқу тәрізді өнерді анасынан үйреніпті.
«Мектепте домбыра оркестріне қатыстым. Жалқауларды сынап, қабырға газетіне өлеңдер жазатынмын. Ісмер, шебер анам тері илеу, ою-өрнек, тігін тігуге үйретті. Анам сұлу, көрікті адам болатын. Алайда мінезді, қатал. Бір үйреткенін екінші үйретпейтін. Ел ішінде пеш те салатын. Ол жұмысына бір тиын да алмайтын», - деп еске алады Шәмшия Айтжанова.
Павлодардың қазақ педагогикалық училищесін, Қарағанды педагогикалық институтын, Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдаған қолөнер шебері еңбектен ешқашан қалған жоқ, арқалап жүріп алты баласын жеткізді.
«Тоқыған кілемін, өрген өрнегін, жазған өлеңін, тауқыметті тағдырын, өр мінезін білеміз. Әңгімесін тыңдап, сырын естиміз. Күнделікті тынымсыз еңбегін, сергек көңілін, ақ ниетін, қам-қаракетін көреміз. Жан жары өмірден ерте озды. Өкініші көп өтпелі кезеңде елге ізгі ізі қалар істермен айналысты. Кәсіптік техникалық училище, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-де қолөнерден сабақ берді. Тоқсаныншы жылдары Көкшетауда «Шәмшия апай» өнер мектебін ашып, тәрбие ісіне үлес қосты. Он жылға жуық уақыт шәкірттеріне кілем тоқудың қыр-сырын үйретті. Мектепте 350 бала оқыды. Шәмшия апай осы уақыт ішінде мыңнан аса портрет, отыздан астам кілем тоқыған екен», - дейді «Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зере Қиықова.
Өмір жолында қоғам өзгеріп, заман ауысып, адам абдырап, дүние абыр-сабыр болып жатса да, жасынан бар қиындықты еңбекпен жеңіп шыңдалған шебер қашанда топ жарып, өз жолын тауып отырды. Өз Елбасымыз, Ингушетияның тұңғыш Президенті Руслан Аушев, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов, Түрікменстан Президенті Сапармұрат Ниязовтардың портреттерін кілемге тоқып дүйім жұртты таң қалдырған. Ал, Ақмола өңірінің қаншама тұлғалы перзенттерінің портреттері қолынан шықты.
«Шәмшия апайдың өмірге құштарлығы, жасымаған жігері жабырқаған әркімнің-ақ жігерін жанығандай. Осынша жасқа келген жанның сергек жүріп, қоғамның көшіне араласып, пікір білдіріп, мінберлерге көтеріліп жүруі кімді болмасын тәнті еткендей. Апыр-ау, тоқсандағы апайың жылт еткен жақсылыққа қуанып, жалындап өлең жазып, елін ерен еңбегімен риза еткен, Отанына еңбек сіңірген жандардың бейнесін кілемге тоқып жатса, қырықтың қырқасына жаңа шыққандардың қамығуы жөн бе?!», – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев.
Көргені мол, тартқан тауқыметі көп шебердің қолы кесте төксе, ойы өлең өреді.
“Өмірде небір қиындықты бастан өткердік. Бар болса барына, жоқ болса жоғына айналдық. Ендеше, жетпесе де, бар болса да көну керек. Ең бастысы, бәріне шүкіршілік жасап, бармын деп асып-тасымау. Адамды жетістікке жеткізетін – ақыл, еңбек, сабыр”, – дейді қолөнер шебері.
Мерейлі мерекеде танымал қолөнер шебері перзентінің бабын тауып, балалығын бақытты еткен ана еңбегінің өлшеусіз екенін жеткізді.
«Әрине, кімге болмасын жарық дүние сыйлаған – ана. Тоғыз ай, тоғыз күн толғатып жүріп көрген қиындығы өз алдына, дәрменсіз шарананы бағып-күтіп, тамақтандырып, түн ұйқысын төрт бөліп өсіргені тағы бір сынақ. Бала күтімін көзінен таса қылмаған қай ананың иығынан үй шаруасы, ерінің ат-әбзелінің дайындығы, қонақ күтуі түсіп еді? Қазіргідей отын-суы дайын үйде отырғанның жөні басқа, бұған дейін, әріректе қазақтың дені ауылдық жерде тұрды, қазір де құтты қоныста отырған жұрт көп. Олардың күйбеңі тіпті көп еді ғой. Ерлері таңның атысы, күннің батысы жұмыста. Әйел-ана үйде. Күл алу, от жағу, кір жуу, тамақ пісіру қайран аналардың мойнында. Сол шаруаның бәрін қабақ шытпай атқарып, талай баласын азамат қып өсірді. Ойлап кетсең қайран қаласың! Не деген қайрат, не деген мұқалмайтын жігер?! Ана тақырыбы –адамзаттың сарқылмас, толас таппас тақырыбы», – дейді Шәмшия Айтжанова.
Саналы, мағыналы ғұмыр кешкен, өмірдің талай қиын қыстау кезеңдерінен жол тауып, сүрінбей өткен сұңғыла жанның жас ұрпаққа айтары көп. Сондықтан, жастардың, оқушылардың онымен жиірек кездесіп, зеріктірмес тағылымды әңгімесін тыңдай бергені абзал-ақ.