Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Адамды бірден арықтататын таблетка шықты – мамандар не дейді?

25 Шілде 2025, 13:29
792
Бөлісу:
 Freepik
Фото: Freepik

Уругвайлық ғалымдар тәбетті төмендетпей және дене жаттығуларынсыз арықтауға мүмкіндік беретін ерекше SANA атты таблетканың клиникалық сынағының алғашқы кезеңі сәтті аяқталғанын хабарлады. Зерттеу нәтижелері Nature Metabolism журналында жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

SANA – май жасушаларын қайта бағдарламалап, оларды калорияны көбірек жағуға бейімдейтін, креатин алмасуының арнайы жолын белсендіретін әлемдегі алғашқы таблетка. Бұған дейінгі арықтататын дәрілерден айырмашылығы – олар көбіне тәбетті басса, ал SANA ағзадағы ішкі термогенезді күшейтеді, яғни май жасушалары тіпті тыныш күйде де энергияны көп жұмсай бастайды.

Зерттеуге 44 ерікті қатысты. Екі апта бойы жоғары дозада қабылдағаннан кейін, олардың дене салмағы орта есеппен үш пайызға төмендеді. Бұл ретте бұлшықет тініне зиян келмеген, ал қандағы глюкоза деңгейі мен инсулинге сезімталдық көрсеткіштері жақсарған. Ешқандай айтарлықтай жағымсыз әсерлер де, тәбетке ықпал да байқалмаған.

Препаратты Уругвайда құрылған Eolo Pharma стартапы жасап шығарған. SANA – AGAT деп аталатын негізгі ферментпен ковалентті байланысқа түсіп, май жасушаларының жұмысын ұзақ мерзімге өзгертетін механизм арқылы әсер етеді. Келесі кезең – 2-типті қант диабетімен ауыратын науқастар қатысатын кең көлемді сынақтар, олар 2025 жылдың соңында басталмақ.

Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңа тәсіл семіздікке қарсы бұрыннан бар әдістермен бәсекелеспейді, керісінше, оларды толықтырады. Ең бастысы – бұл әдіс тамақтану шектеулеріне емес, ағзаның энергия жұмсау қабілетін арттыруға негізделген.

Айта кетейік, бұған дейін зерттеушілер салмақ тастау кезінде белгілі бір кезеңде нәтиженің тоқтап қалуы – қалыпты құбылыс екенін атап өткен болатын. Әдетте, арықтау бағдарламасы бастапқыда жақсы нәтиже бергенімен, белгілі бір уақытта салмақ "плато" деңгейіне жетіп, тоқтап немесе сәл көтерілуі мүмкін.

Бұған дейін сәнге айналған ота, яғни арықтау үшін асқазанды кішірейту туралы жаздық. Сонымен қатар арықтауға көмектесетін ең оңай тәсіл белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы