Адамдардың жеке деректерін пайдаланғанда оларға хабарлануы керек

11 Ақпан 2020, 19:38
2147
Бөлісу:
Адамдардың жеке деректерін пайдаланғанда оларға хабарлануы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әрбір азаматты оның жеке деректерінің пайдаланылғаны туралы хабардар ету, цифрлық құжаттарды заңдастыру және азаматтарға биометрикалық деректердің көмегімен мемлекеттік қызметтерді алуға рұқсат ету.

Осы және басқа да жаңашылдықтар цифрлық технологиялар мәселелерін реттейтін заң жобасында ұсынылды.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов ҚР Парламенті Мәжілісінде заң жобасын таныстыру барысында бұл түзетулерді енгізу заман талабы екенін айтып өтті.

Ұсынылған негізгі жаңашылдықтардың бірі қазақстандықтардың жеке деректерін қорғауды күшейтуге қатысты.

Бұл заң жобасына біз азаматтарды жеке деректерінің пайдаланылғаны туралы хабардар ететін арнайы сервис енгізуді ұсынамыз. Яғни, әр азамат өзінің жеке деректерін кімнің, не үшін сұратқанын және пайдаланғанын білетін болады. Бұдан басқа, жеке деректерді қорғау жөніндегі уәкілетті органды айқындау маңызды деп санаймыз. Осылайша, мемлекет азаматтарымыздың жеке өміріне қол сұқпауды қамтамасыз ете алады,- деп атап өтті Абылайхан Оспанов.

Заң жобасына 6 негізгі бағыт бойынша 252 түзету енгізілген, олар Қазақстанда цифрлық технологияларды қолдану мен одан әрі енгізу үшін құқықтық негіз құруға бағытталған. Мысалы, жұмыстың өзекті бағыттарының бірі-цифрлық құжаттарды заңдастыру.

Аталған заң жобасында біз мобильдік үкімет базасында цифрлық құжаттар сервисін енгізуді ұсынамыз. Бұл механизм республика азаматтарына өзімен бірге куәландыратын құжаты болмаған жағдайда да мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметтерді алуына мүмкіндік береді. Біз бұл жаңашылдықты енгізуге дайынбыз және "eGov mobile" қосымшасында аталған сервисті іске қостық, - деп атап өтті Абылайхан Оспанов.

Азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алуда өздерінің биометриялық деректерін пайдалану мүмкіндігін ұсынбақшымыз. Пилоттық режимде бұл тәсіл Нұр-Сұлтан, Алматы және Қызылорда қалаларындағы бірнеше Халыққа қызмет көрсету орталықтарында пайдаланылуда. Енді биометриялық деректерді жинау және пайдалану тәртібін заңды түрде бекітуді ұсынамыз.

Бұл жаңашылдық заңға енгізілген жағдайда Нұр-Сұлтан, Алматы және Қызылорда қалаларындағы бірнеше ХҚКО-да ғана емес, "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының республика бойынша барлық бөлімшелерінен азаматтар өзінің саусақ іздері мен бейнесін пайдалана отырып, қызмет түрлерін алу мүмкіндігіне ие болады. Яғни азаматтарға таңдау ұсынылады: дәстүрлі төлқұжат, жеке куәлік, ЭЦҚ-ның көмегімен немесе заманауи, жеке басын өзінің саусақ ізімен растай отырып, телефондағы TouchID және Face сияқты сервистердің көмегімен алу, - деді вице-министр.

Цифрлық технологияларды енгізу кезінде ұсынылатын тәсілдерді іске асыру мемлекеттік басқарудың ашық жүйесін құруға, сондай-ақ деректерді талдау негізінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді нақты жоспарлау мен болжау есебінен экономика секторларын дамытуға ықпал етеді. Бұл шаралар, өз кезегінде ІТ саласындағы инвестициялық ахуалды жақсартуға, дербес деректерді қорғауды күшейтуге және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықпен тиімді кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы