Адамдардың вирус жұқтырғанын сезбей қалу себебі неде?

27 Шілде 2020, 13:24
2517
Бөлісу:
Адамдардың вирус жұқтырғанын сезбей қалу себебі неде?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Кейбір адамдар пневмониямен ауырғанын білмей қалады, өйткені бұл вирус өкпенің жасушаларын зақымдайды. Бұл туралы Алматы қаласы фтизиопульмонология орталығының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, фтизиохирург, пульмонолог Абзал Малбасқанов онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, әдетте адамдар өкпесімен кең тыныстап, ондағы өзгешеліктерге мән бере бермейді. 

Өкпенің белгілі бір мөлшері зақымданғанда науқастар оны сезбейді. Кейін оттегі жетіспеген кезде ентікпе пайда болады. Мін, осы кезде ғана адамдар сырқаттанғанын біледі. Өйткені біз өкпені толығымен қолдана бермейміз, тек спортшылар ғана оны қолданады,-дейді дәрігер.

Сонымен қатар, ол коронавирустың белгілері бірден білінбеуі мүмкін екенін айтты. 

Оның инкубациялық мерзімі 1 күннен 14 күнге дейін созылады. Бір адамда ауру белгісі ерте білінсе, кейбірінде кеш байқалады. Бұл адамның иммунитетіне байланысты. Адам ағзасы сырттан вирус келген кезде оған әсер етіп, онымен күреседі,-дейді пульмонолог. 

Оның айтуынша, салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі спортпен айналысатындарда бұл ауру түрі жеңіл өтеді.

Коронавирус жұқтырғандардың бәрінде бұл ауру ауыр өте бермейді. Мәселен, 100 адамның ары кетсе 15-20-сында ғана ауыр немесе орташа ауыр белгісі болады. Қалған 80 пайызында симптомсыз немесе жеңіл түрінде өтеді. Бұның барлығы иммунитетке байланысты. Ауыр белгісі әсіресе орта жастан асқандар мен 12 жасқа дейінгі балалар арасында болады. Балаларда жоғары иммунитет әлі қалыптаса қоймайды. Ал егде жастағы адамдарда иммунитет баяу қызмет етеді. Бұл топтағы адамдарда инкубациялық мерзім де ұзағырақ болады,-дейді А.Малбасқанов. 

Сөз арасында ол  азаматтарға виурсты жұқтырған кезде өзгелердің айтқанына еріп, өзбетінше емделмеуге шақырды.

Кейбір адамдар өзгелердің кеңесі бойынша үйде өз бетінше ем қабылдайды. Бір адамның емі екіншісіне сай келмеуі мүмкін. Өткенде адамдар арасында үрей туындап, бәрі жаппай дәріханадан антибиотиктерді алып іше бастады. Бұл ауру антибиотикпен емделмейді, керісінше біз өз иммунитетімізді әлсіретіп жатырмыз. Сондықтан дәрігермен кеңесіп, аурудың қандай жағдайда өтіп жатқанын анықтап, қосымша клиникалық рентгенді зерттеулер жасаған соң ғана керекті дәрілерді тағайындау қажет,-деді ол. 

Сондай-ақ ол, вирусты пневмонияның кейін қандай салдары болуы мүмкін деген сұраққа жауап берді.

Вирусты пневмониядан адамдар жазылып шығады, дегенмен өкпенің зақымданған орнында тыртық қалып қояды. Бірақ жазылып шыққан адамдардан қазір дем жетіспеушілігін байқап жатқан жоқпыз. Бұл жаңа ауру болған соң өкпеге қандай әсері болатынын кейін көре жатармыз,-дейді дәрігер.
Өзгелердің жаңалығы