Адам құқықтары уәкілі туралы жаңа заң Қазақстандағы омбудсмен институтына қалай әсер етеді

30 Желтоқсан 2021, 13:07
1724
Бөлісу:
Адам құқықтары уәкілі туралы жаңа заң Қазақстандағы омбудсмен институтына қалай әсер етеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заңға қол қойды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Парламент Сенаты депутаттарының бастамасымен әзірленген құжат омбудсмен қызметінің заңнамалық негізін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметінде қандай жаңалықтар болады? Ол қазақстандықтардың қорғалу деңгейіне қалай әсер етеді? ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров ҚазАқпаратқа берген сұхбатында осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітті.

- Мемлекет басшысы таяу күндері Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңға қол қойды. Осы заңды қабылдаудың маңызын қалай түсіндіруге болады? Ол Қазақстандағы омбудсмен институтының дамуына қалай әсер етеді?

- Омбудсмен институтының заңнамалық тұрғыда бекітілуі елімізде жүріп жатқан саяси реформалардың ажырамас бөлігі ғана емес, оны іске асырудағы маңызды тұлға болуға да арналған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында бұл институттың әлеуеті жеткілікті деңгейде ашылмағанын атап өте келіп, тиісті заңды әзірлеу және қабылдау туралы тапсырма берген болатын.

Осы уақытқа дейін халықаралық-құқықтық тұрғыда қарағанда іс жүзінде оның қызметінің құқықтық негізі болған жоқ, өйткені ол осы саладағы жалпыға бірдей танылған стандарттарға, атап айтқанда Париж және Венеция қағидаттарына толық сәйкес келе қойған жоқ.

Ол стандарттар ұлттық құқық қорғаушы мәртебесін заңнамалық тұрғыда бекітуді көздейді.

Қалай болғанда да, жеке адамның құқықтары мен бостандықтарына қоғам өмірінің кез-келген саласы, саяси, экономикалық немесе әлеуметтік саланың қай-қайсы да әсер етеді.

Бұзылған құқықтарды анықтау және қалпына келтіру барысында тәуелсіз, объективті әрі теңдей аралықтағы орган қажет.

Омбудсмен институты сондай орган болып табылады. Оны ғасырлар бойғы тарихта жалпыға бірдей мойындалған стандарттар мен қағидаттарды қалыптастырған әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.

Бұл мәселеде омбудсменге заңнамалық тұрғыда толыққанды өкілеттіктер мен құқықтардың берілуі оған еліміздің саяси-құқықтық жүйесінде лайықты орын алуға және өзіне тән функциялар мен міндеттерді тиісінше орындауға мүмкіндік беретіні аса маңызды болып отыр.

- Заңның негізгі жаңалықтары қандай? Бұл заңды қабылдау арқылы осы институттың толыққанды қызметіне кедергі келтіретін қандай нормативтік қайшылықтар жойылды?

- Заңдағы маңызды жаңалықтың бірі - адам құқықтары жөніндегі уәкілдің көптеген адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін сотқа талап арызбен жүгіну құқығына ие болуы, сондай-ақ оған жан-жақты тиіспеу жөніндегі иммунитет беріліп отыр.

Сонымен бір мезгілде оның заңды қызметіне араласқаны не кедергі келтіргені үшін жауапкершілік белгіленетін болады.

Еліміздің барлық өңірлерінде омбудсмен өкілдігі мекемелерінің құрылуы оның халыққа барынша қолжетімді болуына және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруге мүмкіндік береді.

Бұл заңнамадағы ұлттық құқық қорғаушының қызметіне қарқын беретін жаңалықтың аз ғана бөлігі, оның ауқымы елеулі түрде кеңейе береді және нығая түседі.

Бұл ретте омбудсменге теңдесі жоқ өкілеттіктердің берілуімен қатар ол сай болуға тиіс өте жоғары көрсеткіштер белгіленгенін ескеру аса маңызды.

Жаңа заң, шын мәнінде, омбудсмен қызметі жөніндегі бұрын қолданыста болған құқықтық негіздерде орын алған бірқатар қайшылықтарды жоятын болады.

Бұрын оның қызметін тиісті деңгейде реттейтін нормативтік құқықтық актілер болмаған кезде Уәкіл жекелеген актілер арқылы белгілі бір міндеттерге ие болған еді.

Мысалы, Қылмыстық-атқару кодексінде оған азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігінің жұмысын үйлестіру құқығы берілді.

Осы тетік бойынша ауқымды объектілер аясында, оның ішінде пенитенциарлық мекемелерде, психоневрологиялық диспансерлерде, балалар үйлерінде және басқа жерлерде адам құқықтарын қамтамасыз ету жұмыстарын атқару көзделіп отыр.

Осындай жағдайда жоғарыда аталған иммунитеттерге қоса барлық мемлекеттік органдармен және лауазымды тұлғалармен құқықтық қатынастардың реттелген тәртібімен жұмыс істеу берік әрі нақты құқықтық негізді талап ететіні даусыз.

- Сіздің ойыңызша, қабылданған заң Қазақстанның халықаралық аренадағы орнына әсер ете ме?

- Қазақстанның жалпыға бірдей мойындалған құндылықтар мен қағидаттарды ұстанатыны, әрине, оның халықаралық беделін нығайтады.

Президенттің бастамасы бойынша осы бағытта қабылданған нақты қадамдар халықаралық қоғамдастықта оң бағаға ие болып отыр. Қазақстан халықаралық істерге белсене араласады.

Біздің еліміз БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшелігіне сайланды, Қазақстанның өкілі ЕҚЫҰ аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары лауазымына ие болды.

Қабылданған заңның бұл тұрғыда ерекшелігі жоқ. Бұрын заңнамалық тұрғыда омбудсмен мәртебесінің болмағаны оған халықаралық тұрпатта толыққанды әрі неғұрлым тиімді атсалысуға және өзара іс-қимыл жасауға, мәселен Ұлттық құқық қорғау мекемелерінің жаһандық альянсы және өзі мүшесі болып табылатын Азия-Тынық мұхиты форумы аясындағы қызметіне мүмкіндік бермеген болатын.

Халықаралық саясат пен мемлекетаралық қатынастардағы гуманитарлық өлшем мен адам құқықтары мәселелерінің рөлі арта түскенін ескере келгенде, жоғарыда аталған жағдай кері әсер еткені белгілі болды.

Енді қазақстандық омбудсменнің аталған ұйымдарда дауыс беру құқығы көзделетін «А» мәртебесін алуға дәлелді негіздері бар.

- Заң жобасын әзірлеу ісіне сарапшылар тартылды ма? Процесс қалай өткенін айта кетсеңіз?

- Заң жобасы омбудсмен жанындағы сарапшылық кеңесінде, халықаралық және отандық құқық қорғау ұйымдарының қатысуымен Парламенттің қос палатасында дөңгелек үстелдер аясында ауқымды репрезентативтік негізде жан-жақты әрі жария талқыға салынды.

Уәкілдің заң жүзінде белгіленген тәуелсіз мәртебесін, сондай-ақ оның қызметінің негізі болған заң үстемдігі қағидатын құптаған Еуропа кеңесінің құқық арқылы демократияға Еуропалық комиссиясының (Венеция комиссиясы) жалпы оң қорытындысын алу ерекше назар аударуға лайық.

Заң жобасын әзірлеушілер осы ұйымның мүшелерімен және сарапшыларымен бірқатар консультациялар өткізді, онда жекелеген ұсынымдар берілген болатын.

Олардың бір бөлігі ескерілді, қалғандары назарға алынды және тараптардың өзара уағдаластығы бойынша Қазақстанда омбудсмен институтының қалыптасуына қарай қаралатын болады.

- Осылайша, қол қойылған заң - жалпы еліміздегі реформалардың күн тәртібіндегі мәселенің бірі ме?

- «Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заңның қабылдануы, Мемлекет басшысының жаңғыру жөніндегі күн тәртібінің басқа да тармақтарын іске асыру сияқты, Қазақстандағы демократия қағидаттарын дамытудағы саяси нық ерік-жігер ретінде қабылдануы тиіс.

Омбудсмен туралы заң жобасын Сенат депутаттары Парламенттің төменгі палатасындағы әріптестерімен бірлесіп әзірлегені белгілі.

Осыған байланысты, ағымдағы шақырылған сессия барысында сенаторлар 25 заң жобасы бойынша бастама жасауды жоспарлаған болатын, оның 11-іне Президент қол қойды.

Бұл заң жобалары депутаттардың парламенттік бақылау аясындағы Үкіметке жолдаған үндеулерімен бірге ауқымды мәселелерді қамтиды және елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістерді заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Өзгелердің жаңалығы