"Адам өмірін жақсартатын жаңа кеңістік". Алатау қаласы болашақтың мегаполисіне айнала ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл бұрын болашақ қаласы – Алатау шаһарын салу туралы шешім қабылдаған болатын.

Бүгiн 2026, 07:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 07:30
Бүгiн 2026, 07:30
243
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда жаңа экономикалық және урбанистикалық орталық қалыптасып келеді. 88 мың гектар аумақты алып жатқан Алатау қаласы алдағы онжылдықтарда елдегі ең ірі мегаполистердің біріне айналуды көздейді. Ауқымды инвестициялық жобалар, жаңа өндірістер мен инфрақұрылымдық өзгерістер халық өміріне қалай әсер етеді және бұл жоба расымен «адам өмірін жақсартатын жаңа кеңістікке» айнала ала ма? BAQ.KZ тілшісі шолу жасап, сарапшы Айбар Олжаевтың пікірін білді. 

Қала туралы не белгілі? 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл бұрын болашақ қаласы – Алатау шаһарын салу туралы шешім қабылдады. Ал биыл 8 мамырда Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Конституциялық заңның негізгі мақсаты – Алатау қаласының қарқынды әрі орнықты дамуы үшін жағдай жасау.

Қазіргі уақытта Алатау қаласының аумағы 88 мың гектар. Қала 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытылатын төрт арнайы аймаққа бөлінген. Сонымен бірге шаһардың негізгі даму бағыттары мен кіріс көздері нақтыланып, магистралды инфрақұрылымды дамытуға арналған жол картасы жүзеге асырылып жатыр.

Президент не деді?

2 маусымда Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматы облысына барып, Алатау қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Жиында Президент Алатау қаласына қатысты кез келген мәселені жедел шешу үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

Қазірдің өзінде қаланың сапалы дамуына жол ашатын құқықтық негіз толық қалыптасты деп айтуға болады. Соның аясында салық жеңілдіктері ұсынылды, бақылау және реттеу тетіктері де бизнес жүргізу үшін оңтайлы бола түсті, - дейді президент. 

Сонымен қатар, жалпы Президент Alatau city – шын мәнінде, жан-жақты зерделенген, пысықталған жоба екенін айтты. 

Сол себепті біз де Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз. Бұл істе ең алдымен құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу қажет, - деді президент. 

Кеңесте Мемлекет басшысы жобаға қатысты ескерту де айтты. 

Қала әкімшілігі негізгі реттеу актілерінің барлығын бір жылдың ішінде қабылдауды жоспарлап отыр. Қаланы дамыту жөніндегі кеңес бұл істі мейлінше тез қолға алуы керек. Жұмысты соза беруге болмайды. Әйтпесе, инвестициядан құр қаламыз. Бизнес өкілдері де бізге сеніп отыр, сондықтан, бұл жұмысқа нұқсан келтіруге болмайды. Халықаралық инвесторлар қолайлы жағдай жасайды деп, жылдар бойы күтіп отырмайды. Олар қай жерде мол мүмкіндік болса, соған сай бірден шұғыл шешім қабылдайды. Алатау жобасына қатысты заңнамалық жұмыс жылдам әрі сапалы жүргізілуге тиіс. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет, - деді Президент.

Сарапшы не дейді?

Қаржы саласының маманы Айбар Олжаевтың сөзінше, жалпы Алатау қаласы туралы идея 2008 жылдан бері айтылып келе жатыр. 

Себебі Алатау контрмагнит ретінде қарастырылған. Алматы қаласы үлкейіп, “қысылып”, түрлі проблема басталады. Сондай жағдайда контрмагнит қалалар қажет. Мұндай қалалар біршама жұмыс күшін өзіне тартады және Алматыдағы қысымды азайтады, - дейді маман. 

Шэньчжэн моделі

Сарапшы барлық инвестор Алатау қаласына келіп, жаңа ғылыми-техникалық жаңалықтарды қолдана алатынын айтты. 

Әу бастағы идея бойынша қаланың аты Алатау деп аталған жоқ. Бастапқыда G4 City деп аталған. Бұл қала идеясына 20 жылдай болды. Кейінгі жылдары тек контрмагниттік емес, жаңа қала құрудағы Шэньчжэн моделі алынған. Барлық инвестор келіп, жаңа технологиясын қалыптастыра алады. Аэротаксилер ұшады. Жаңа ғылыми-техникалық жаңалықтарды осы қалада еш алаңсыз қолданып көруге болады. Смарт және жаңа технологияларды ойлап табатындардың қаласы. Бұл біз үшін жаңа модель. Алатау басқаша қала болады. Мұны қала емес, кеңістік деп айтуға келеді, - дейді Айбар Олжаев. 

Сарапшы Алатау арқылы жаңа технологияның ортасына айналуы керегін айтады.

Осы арқылы біздің жасанды интеллект, ұшатын дрондар басқа да жаңа бағыттар арқылы индустриямызды дамыта аламыз, - дейді маман. 

Экономикаға әсері

Сарапшының сөзінше, қаланың дамуы экономикаға үлкен әсер береді. 

Ең алдымен қала толық конституциялық құқығы бар, еркін экономикалық аймақ. Дәл қазір Дубай капиталы мен Қытайдың технологиясын осы қалаға үйіп-төгіп отыр. Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Дубайдан “қашқан” капиталдар осында келе алады, - дейді сарапшы.

Халықтың өміріне әсері бола ма?  

Айбар Олжаевтың сөзінше, Алатау қаласының дамуы жергілікті тұрғындардың да өмірін жақсарта түседі. 

Біріншіден, айналасындағы аймақтарға үлкен бизнес мүмкіндік туады. Қасында Жетіген, Өтеген батыр ауылдары бар. Ол жердегі тұрғындар енді Алматыға барып қатынамай, Алатауда жұмыс істей алады. Инфрақұрылым пайда болады. Адам өмірін жақсартатын жаңа кеңістік пайда болады, - дейді сарапшы. 

Сарапшы Алатау дамуы үшін не қажет екенін айтты. 

Алатау қаласы табысты жұмыс істеу үшін не керегін президент нақты айтты. Тез жұмыс істеп, жер мәселесін шешу керек. Инвесторлардың капиталын тартуда жылдам жұмыс ітеу керек. Одан кейін экономикаға елеулі мүмкіндік беру үшін құрылыс, басқа да салады отандық өнімді пайдалану керек. Қаланы салуда отандық өнімді қолданар болсақ, олардың саны да артады, - дейді сарапшы. 

Алатау қаласы жобасының болашағына қатысты журналист, қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова да пікір білдіріп, бастаманың табысты болуы ауқымды мәлімдемелерге емес, нақты жұмыстың іске асуына байланысты екенін айтты.

Оның сөзінше, Алатау жобасы Алматы маңында жаңа экономикалық орталық қалыптастыруға бағытталған өте ауқымды бастама болып көрінеді. Алайда әлемдік тәжірибеде мұндай жобалардың кейде табысқа жеткенімен, кей жағдайларда инвестиция тапшылығы, тұрғын үй мен кеңселерге сұраныстың төмендігі салдарынан «қағаз жүзіндегі қалаға» айналып кеткен мысалдар бар.

Президент сыны нені аңғартады?

Гүлбану Әбенова жуырда мемлекет басшысының Алатау қаласының даму қарқынына қатысты айтқан сыны маңызды белгі болғанын атап өтті.

Президент жоғары технологиялық қала салу жоспарлары мен шынайы жағдай арасындағы алшақтықты көрсетті. Себебі базалық инженерлік желілердің өзі сын көтермейді, ал тұрғындардың кейбірінде электр қуаты мен су секілді қарапайым жағдайлар жоқ, – дейді ол.

Оның пікірінше, бұл сын биліктің де әдемі тұжырымдаманың жеткіліксіз екенін түсінетінін көрсетеді.

Мұндай жобалар үшін нақты инвесторлар, инфрақұрылым және көзге көрінетін нәтиже қажет, – деді қоғам белсендісі.

Алатаудың дамуы халық өміріне әсер ете ме?

Әбенованың айтуынша, жоба толық жүзеге асқан жағдайда өңір экономикасына елеулі ықпал етуі мүмкін.

Егер жұмыс орындары, кәсіпорындар, логистикалық орталықтар, университеттер және сапалы инфрақұрылым пайда болса, бұл Алматыға түсетін жүктемені азайтып, өңір экономикасына оң әсер етеді. Ал егер бәрі тек тұрғын үй құрылысымен шектелсе, әсері әлдеқайда аз болады, – дейді ол.

Сонымен қатар, ол жаңа қала маңындағы тұрғындардың өмірі міндетті түрде өзгеретінін айтады.

Тіпті IT саласында жұмыс істемейтін адамдардың өзі өзгерісті сезінеді. Себебі сырттан келетін мамандар түрлі сервистік қызметтерге мұқтаж болады. Оның үстіне олардың табысы орташа деңгейден жоғары болуы мүмкін, – деді Әбенова.

IT саласының мамандарына қатысты ол нақты болжам жасау қиын екенін жеткізді.

Барлығы олардың өнімдеріне деген сұранысқа байланысты. Бірақ кем дегенде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор олардың қызметін пайдалануға міндеттелуі мүмкін, – деді ол.

«Жылдам нәтиже күтпеу керек»

Гүлбану Әбенова жобаның нақты қаншалықты тиімді болатынын әзірге бағалау қиын екенін айтады.

Тәжірибе көрсеткендей, ірі жобалар көбіне іске асыра алатын мүмкіндігінен көбірек уәде береді. Сондықтан жетістікті презентациялармен емес, 5–10 жылдан кейінгі жұмыс орындарының санымен, инвестиция көлемімен және халықтың өмір сүру деңгейімен бағалау қажет, – деді ол.

Оның пікірінше, қоғам бұл мәселеде шыдамдық танытуы керек.

Бізге сабыр қажет және жылдам нәтиже күтпеген жөн. Әйтпесе Қарағандыдағы авиациялық зауыт, Ақтаудағы планшет зауыты немесе “30 корпоративтік көшбасшы” жобасы сияқты мысалдар қайталануы мүмкін, – дейді қоғам белсендісі.

Инвесторлар келе ме?

Гүлбану Әбенова Алатауға инвестор тарту мүмкін екенін, бірақ бұл оңай процесс болмайтынын атап өтті.

Инвесторлар түсінікті ережелер, кепілдіктер, инфрақұрылым және пайда табу мүмкіндігі бар жерге келеді. Егер мемлекет осы шарттарды қамтамасыз етсе, Алатаудың табысты жобаға айналу мүмкіндігі бар, – деді ол.

Сонымен қатар, ол инвестор тартудағы негізгі фактор сұраныс екенін айтты.

Инвестор тарту үшін тек жеңілдіктер жеткіліксіз. Өнімге тұрақты сұраныс болуы керек. Негізгі мәселе – осы сұранысты қалай қамтамасыз ету керектігінде, – дейді Әбенова.

Ол сөз соңында Алатау жобасының әлеуеті жоғары екенін, алайда оның тағдыры орындалу сапасына тәуелді болатынын атап өтті.

Алатау – әлеуеті зор жоба. Бірақ оның табысы ауқымды мәлімдемелерге емес, жұмыс сапасы мен жеке инвестиция тарта алу қабілетіне байланысты, – деп түйіндеді қоғам белсендісі.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет Alatau City-дегі аэротакси тарифіне қатысты мәлімдеме жасады.

Тағы оқи отырыңыз: Alatau City-де аэротакси сыналды: 2028 жылға дейін 6 вертипорт салынады 

Президент бастамасы: Алатау Сити Қазақстанның стратегиялық жобасына айналуда 

Наверх