- Мұқаба
- Жаңалықтар
- "Адам өмірі маңызды ма, әлде бизнестің пайдасы ма?": Мәжілісте депутаттар айтысып қалды
"Адам өмірі маңызды ма, әлде бизнестің пайдасы ма?": Мәжілісте депутаттар айтысып қалды
Депутат Еділ Жаңбыршин экологиялық тексерулерге қатысты сынға жауап беріп, қауіпті кәсіпорындарды бақылауды күшейтуді қолдады
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
Бүгiн 2026, 11:29
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жасады. Алайда талқылау барысында кей депутаттар бірқатар нормаларға қарсылық білдіріп, пікірталас туды.
Осыған байланысты Еділ Жаңбыршин әріптестерінің сынына жауап берді.
Мен әріптестеріме бір затты түсіндіріп айтқым келеді. Бүгін заңның концепциясын қарап отырмыз. Депутаттар бұны білуі керек. Бұл – бір. Екіншіден, бізге Конституцияда не деп жазылған? Бірінші бапта адамның өмірі мен құқығы ең жоғары құндылық деп көрсетілген. Президент те соны айтып отырған жоқ па? Қоршаған ортаны қорғау, адамның өмірі мен әл-ауқаты – бәрі негізгі басымдық. Ол Конституцияның преамбуласында да көрініс тапқан, – деді депутат.
Жаңбыршин өндіріс орындары экологиялық талаптарды толық сақтауы тиіс екенін айтты.
Егер құс фабрикасы, шошқа фабрикасы немесе кез келген өндіріс орны болса, дұрыс жұмыс істесін, заңды сақтасын, қоршаған ортаны бүлдірмесін. Сонда ешқандай сұрақ болмайды, – деді ол.
Сонымен қатар депутат кей әріптестерінің заң жобасын толық оқымағанын айтты.
Сіздер заңды да, поправканы да дұрыс оқымаған сияқтысыздар. Оқып қараңыздар: онда бәрі нақты жазылған, процедурасы анық көрсетілген. Біріншіден, прокуратура хабардар етіледі, – деді Жаңбыршин.
Депутат экологиялық апаттар кезінде шұғыл әрекет ету қажеттігін ерекше атап өтті.
Ертең Атырауда АМӨЗ сероводород шығарып жатса, біз не, үш күн күтіп отырамыз ба? Бүкіл Атырауды улатып қойып, содан кейін ғана әрекет етеміз бе? Немесе Маңғыстауда азот немесе басқа да газдар шығарылып жатса, немесе битум зауыты түнгі сағат үште зиянды заттар тастаса, біз прокуратурадан рұқсат күтуіміз керек пе? – деді ол.
Оның айтуынша, кей кәсіпорындар қазіргі процедуралық талаптарды пайдаланып отыр.
Кеше үш адам қаза тапқан авария болды. Сонда кім жауап береді? Кім оның қанын мойнына алады? Сіздер ме, осы жерде отырған депутаттар ма? Адамның өмірі маңызды ма, әлде бизнестің пайдасы ма? – деді депутат.
Жаңбыршиннің сөзінше, экологиялық талаптарды сақтайтын кәсіпорындарға ешқандай қысым болмайды.
Егер бизнес дұрыс жұмыс істесе, барлық технологияны сақтаса, өз міндеттемесін орындаса – онда ешқандай сұрақ болмайды. Бірақ егер бизнес өз міндетін орындамаса, алдын алу шараларын сақтамаса, технология енгізбесе, суды, ауаны, жерді бүлдірсе – онда міндетті түрде сұрақ туындайды, – деді ол.
Депутат экологиялық бақылау төрт санат бойынша жүргізілетінін түсіндірді.
Оның айтуынша, бірінші және екінші санаттағы аса қауіпті нысандар ғана қатаң бақылауға алынады.
Үшінші және төртінші санаттағы бизнеске мұндай қатаң тексеріс жүрмейді. Сондықтан “бәріне қысым жасалып жатыр” деу – дұрыс емес, – деді Жаңбыршин.
Сонымен қатар ол мұнай-газ саласындағы улы заттардың қауіптілігіне тоқталды.
Мен эколог ретінде бұл саламен ұзақ жылдар жұмыс істедім, сондықтан салдарын жақсы білемін, – деді депутат.
Ол радиациялық қауіпсіздік пен тамақ қауіпсіздігі мысалында бақылау не үшін күшейтілетінін түсіндірді.
Біз шахталарда адамдар қаза тапқаннан кейін ғана әрекет етпеуіміз керек. Тамақтан улану, өндірістік апаттар болғаннан кейін ғана тексеру басталмауы тиіс, – деді ол.
Жаңбыршин кей жағдайларда экологиялық инспекторлар өндіріс орындарына бірнеше күн бойы кіре алмайтынын айтты.
Кей кәсіпорындар тексерушілерді үш күн бойы кіргізбей қояды. Ал сол аралықта не болып жатқанын ешкім көрмейді, – деді депутат.
Сөз соңында ол төтенше жағдай кезінде бақылау органдары жедел әрекет етуі керек екенін тағы да қайталады.
Егер түнде немесе демалыс күні апат болса, біз рұқсат күтіп отырамыз ба? Сондықтан мәселені дұрыс түсіну керек. Біз ешкімді қинап жатқан жоқпыз. Добросовестный бизнеске ешқандай сұрақ жоқ, – деді Еділ Жаңбыршин.
Оның айтуынша, екінші оқылымға дейін заң жобасындағы барлық даулы мәселелер нақты пысықталады.
Еске сала кетейік, бұған дейін экологиялық тексерулерге қатысты жаңа норма Мәжілісте дау тудырған еді.
Ең оқылған:
- АҚШ пен Иран келіссөздері тағы да тоқырауға ұшырады
- Қазақстан күрестен жастар арасындағы Азия чемпионатынан 22 медаль жеңіп алды
- Көк кілем, домбыра және мемлекеттік протокол: Астанада Владимир Путинді қалай қарсы алды
- Арқалықтағы жылу мен электр желілерін жаңартуға 5,8 млрд теңге бөлінді
- Әзербайжанда қарбыздардың ішінен ірі көлемдегі есірткі партиясы табылды