Adal партиясы AMANAT-қа қосылуы мүмкін

16 Наурыз 2022, 15:18
2822
Бөлісу:
Adal партиясы AMANAT-қа қосылуы мүмкін
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Adal партиясы Саяси кеңесте  үндеу жариялады. 

Қазір бүкіл әлем жаһандық экономикалық және геосаяси дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Аумалы-төкпелі кезең бәрінен жылдам бейімделуді қажет етеді.

Украина-Ресей қақтығысы мен одан кейінгі геосаяси текетірес, Еуропа территориясындағы гуманитарлық катаклизмдер қазірдің өзінде доллардың өсуіне, логистикалық дәліздерді қайта құрылымдауға, энергия тасымалдаушылардың рөлін қайта қарауға алып келді.

Партия өкілінің мәлімдеуінше, Ресейге қолданылған қатаң санкциялар біздің елге де тікелей әсер етуде.

Өкінішке қарай, қақтығыстың салдары халықтың табысының төмендеуіне әкеліп соғады. Сыртқы саясаттағы осындай қауіп-қатердің кезінде, кей мәселелерге қатысты пікір қайшылығын қойып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірге қадам жасайтын кезең туды. Дәл қазір, тірліктің күші де, береке көзі де — бірлікте. Adal партиясының бүгінгі күнге дейінгі тың идеялары мен заманауи технологиялық көзқарастары Президентімізге салмақты қолдау бола алады деп есептейміз, -дейді ол.

Сөзінше, кез келген өзгерісте сабырлы қалпымен салмақты шешім қабылдайтын Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс стилі өте жақсы.

Ол қазір әділетті мемлекет құруды көздеп отыр. Мемлекет басшысының бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауы аясында айтқан саяси реформалары соның тағы бір дәлелі. Бірақ бұл айтылған реформалар қалай жүзеге асырылады? Мәселе осында. Ол үшін бүкіл қазақ қоғамы бірігуі қажет. Президент реформаларының жергілікте жерде тиісті деңгейде іске асырылмай қалу қауіпі жоғары. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «Достарға – бәрін, қалғанына заң бойынша» деген қағидамен келген қоғамның өткенін ұмытпауымыз керек. Сол үшін, біз, адалдықтар Жаңа Қазақстанды құруға белсенді қатысып, еліміздегі оң өзгеріске үлес қосқымыз келеді, -деді Adal партиясының хатшысы Жұмағазиев Эльдар.

Оның айтуынша, партияластарымен ақылдаса келе, бүгін Adal-дың Саяси кеңесінде президенттік Amanat партиясына қосылу туралы бірауыздан шешім қабылдаған.

Партия жанашырларына айтарымыз, осы уақытқа дейін халықтың табысын арттыру, әр ауылдың мамандану картасын әзірлеу, әкімдерді әдістемелік қолдау және басқа да партия мүшелерінің алдында алған міндеттемелерімізді толық орындаймыз. Оған күмән болмасын. Билік партиясымен біріккеннен кейін бастамаларымыз тың серпін алып, халық игілігін көреді деп сенеміз. Біздің шешімімізге өзге де әріптестеріміз бен партияластарымыз, партия жанашырлары қолдау білдіреді деп үміттенеміз! «Amanat»-пен бірге алар асуымыз алда!, -деп мәлімдеді Аdal партиясының хатшысы.

Өзгелердің жаңалығы