Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Chess.com ойын платформасында өтіп жатқан Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының үшінші күні аяқталды. Үздік, янғи ТОП 40 құраманың қатарында бәсекені бастаған Қазақстан құрамасы А тобында бірінші орын алып, плей-офқа шықты.
Плей-офф ойындары 13-15 қыркүйек аралығында өтеді.
Олимпиаданың алғашқы күні Қазақстан құрамасы Грузияны сенімді жеңді. Есеп 4,5:1,5. Екінші турда біздің шахматшылар Индонезия құрамасынан 3,5:2,5 есебімен басым түсті. Осыдан кейін үшінші турда румыниялық қарсыластарынан да 4:2 басым түсті.
Ал Олимпиаданың екінші күні ұлттық құрама азулы Қытайды 3,5:2,5 есебімен ұтты. Сонымен қатар бесінші турда Арменияны (3,5:2,5), алтыншы турда Грекия құрамасын (5,5:1,5) сенімді жеңіп, көш басындағы орнын айқындай түсті.
Шешуші үшінші күні Австралияны 3,5:2,5 есебімен жеңгенімен, сегізінші турда Иран құрамасына (2:4) жол берді. Қорытынды тоғызыншы турда отандастарымыз Моңғолия шахматшыларынан (4:2 есебімен) мықты екенін паш етті.
Айта кетейік, топтағы әр ойындағы жеңіс үшін командаға 2 ұпай беріледі. Қазақстан құрамасы А тобында тек бір кездесуде жеңіліп, 16 ұпай жинады.
Негізгі құрам: Ринат Жұмабаев (халықаралық гроссмейстер), Денис Махнев (халықаралық гроссмейстер), Жансая Әбдімәлік (халықаралық гроссмейстер), Динара Сәдуақасова (әйелдер халықаралық гроссмейстері), Рамазан Жалмаханов (халықаралық шебер), Бибісара Асаубаева (әйелдер халықаралық гроссмейстері);
Қосалқы құрам: Рустам Хуснутдинов (халықаралық гроссмейстер), Мұртас Қажығалиев (халықаралық гроссмейстер), Гүлісхан Нахбаева (әйелдер халықаралық гроссмейстері), Гүлмира Дәулетова (Халықаралық әйелдер гроссмейстері), Қазыбек Нөгербек (ФИДЕ шебері), Меруерт Камалиденова (Халықаралық әйелдер шебері);
Команда капитаны – халықаралық гроссмейстер Павел Коцур.
Естеріңізге сала кетейік, осы ойында Жансая Әбдімәлік әлемнің төрт дүркін чемпионын ұтқаны туралы жазғанбыз.