Абзал Құспан «Эйр Астана» компаниясына бірнеше талап қойды

27 Сәуір 2021, 06:20
1856
Бөлісу:
Абзал Құспан «Эйр Астана» компаниясына бірнеше талап қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Адвокат Абзал Құспан «Эйр Астана» компаниясы қызметінің сын көтермейтінін айтып, «Эйр Астана» АҚ президенті П.Фостерке шағым түсірді.

Питер Фостер мырза! Сізге, өзіңіз басқарып отырған компания қызметкерлерінің сапасыз қызмет көрсету фактілері бойынша 2017 жылдан бері жазып келемін. Ол екі арада бірнеше заңгер, адвокат жалдағаныңызға қарамастан, Оғыз Доғанның мүддесі үшін менің тарапымнан берілген талап арыз бойынша, соттан масқара болып жеңілгеніңіз де бар. Осы жолы формальды жауаппен құтылуға әрекет етпеуіңізді, мүмкіндігінше осы арызымды мәні бойынша қарап, нақтылы жауап беруіңізді өтінемін. Олай болмаған жағдайда, өз тарапымнан Сіз басқарып отырған «Эйр Астана» және «FlyArystan» компанияларына наразы көпшілікті жұмылдыра отырып, қарсы акция ұйымдастыруға мәжбүр болатынымды ескертемін, – деп жазды адвокат.

Оның айтуынша, Алматы-Орал бағытында ұшқан «Эйр Астана» компаниясының қызметкерлері тиісті қызмет көрсетпей, керсінше дөрекілік танытқан.

Мен кеше яғни, 24.04.2021 ж., «FlyArystan» компаниясының ұшағымен Алматы-Орал бағытында шығып, орта жолдан бізге белгісіз себеппен ұшақ кері Алматы әуежайына қайта оралды. Одан соң «Эйр Астана» компаниясының ұшағымен қайтадан ұштық. Нәтижесінде, сағат кешкі 12.55-те келуі тиіс ұшақ, Орал қаласына 25.04.2021 жылы, таңғы 6-да келіп қонды. Ол аз болғандай, «Эйр Астана» компаниясының қызметкерлері әдеттегідей өздерін өте дөрекі ұстап, дұрыс, мәдениетті сөйлеспей, менің қазақ тілінде қойған сұрақтарыма орысша жауап беріп, толық мүмкіндіктері бола тұра, не борттағы телевизорды қоспай, не KCTV каналын қоспай жолаушы ретінде менің және басқа да адамдардың жүйкесіне тиді. ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 34-бабына сәйкес, жұмысты орындау (қызмет көрсету) мерзімдері белгіленген. Аталған баптың 1 бөлігіне сәйкес, «Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, орындаушы жұмысты орындау (қызмет көрсету) туралы шартта белгіленген мерзімде жұмысты орындауға (қызмет көрсетуге) міндетті». Одан басқа, осы заң талаптарын сай (Заңның 34,35,36 баптары), Сізге қарасты компаниялар қызмет көрсетуші ретінде, қызмет көрсету сапасын қамтамасыз етуге міндетті, – деп жазды Абзал Құспан.

Сондай-ақ, адвокат азаматтық кодекс талаптарына сәйкес, компания қызметкерлері қызмет бабында компания атынан әрекет ететінін, олардың қызметі үшін компания жауап беретінін айтты.

Алайда осы арызға жалғанған бейнематериалдан «Эйр Астана» бортсеріктері Диананың және аға бортсерік Сәнияның қаншалықты «сапалы» қызмет көрсеткендері көрініп тұр. «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Заңының 10-бабына сәйкес, «Тұтынушылардың тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алу құқығы» белгіленген. Осы заң талаптарын басшылыққа ала отырып, Сізден мыналарды талап етемін:

1. «FlyArystan» компаниясы не себепті өз қызметін аяғына дейін орындамады?

2. Егер ұшақтың техникалық ақауы болса, ол әу баста не себепті және қай қызметтің кінәсінен, біздің өмірімізді қауіпке ұшыратып, Алматы әуежайынан көтерілген?

3. «Эйр Астана» компаниясы не себепті борттағы телевизорды, не KCTV каналын қосуға қарсылық білдірді?

Осы аталған сұрақтарға «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Заңының 10-бабына сәйкес, уақытылы жауап беруді.

4. «Эйр Астана» бортсеріктері Диананың және аға бортсерік Сәнияның тәртіптік мәселесін шешуді, – деді адвокат Абзал Құспан.


Өзгелердің жаңалығы