«Абылай ханның қара жолы» экспедициясы жалғасады

29 Шілде 2021, 18:41
2500
Бөлісу:
«Абылай ханның қара жолы» экспедициясы жалғасады

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Көкшетаудан бастау алып, еліміздің бірнеше өңіріне бағытталған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы биыл да ұлы бабамыздың жорықты жолдарымен жүріп өтпек ниетте.

Енді биыл «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы Баянауыл, Қарқаралы, Семей, Тарбағатай өңірлеріне бағыт алмақшы. Жолдың жалпы ұзындығы 7000 км.

Экспедиция 1-15 тамыз аралығында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Абылай ханның туғанына 310 жыл толуына орай республикада тұңғыш рет Ұлы ханның тікелей басшылығымен әрі қатысуымен өткен тарихи маңызы зор ұлт азаттығы үшін шайқастар болған жерлерге барып, Ұлы даланың ұлы есімдері туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. 2018-2020 жылдары екі рет ұйымдастырылған тарихи-танымдық сапар барысында көптеген мәлімет жинақталды. Энциклопедиялық жинақ та басылды. Үш жүздің басын қосып, Қазақ елінің шекарасын шегендеп, біртұтастығын бекемдеу жолында шайқасқан бабаның салған сара сүрлеуі бойында әлі танылмай жатқан деректер жетерлік, - дейді экспедиция жетекшісі, жергілікті қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлы.

Құрамында Мемлекет тарихы институты ғалымдары, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, БАҚ өкілдері бар экспедицияға Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының зерттеушілері де қосылмақ.

Маңызды да мазмұнды шараның бастауы ретінде экспедицияның бір топ мүшелері жақында Айыртау өңіріндегі қасиетті мекен Сырымбетке барып қайтты. Ондағы мақсат – қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлға, ғалым Шоқанның балалық шағы өткен жерден бір уыс топырақ алып, экспедиция маршрутына кіретін, Алматы облысы аумағындағы Алтын емелдегі ағартушы, ғалымның бейітіне апару. Сырымбетте Шоқанның әжесі Айғаным ханша кесенесі бар екенін қалың оқырман жақсы біледі және ел билеген жанның мәңгілік мекені – кесенесі де сол жерге тұрғызылған. Экспедиция мүшелері кесенеге арнайы барып, Құран бағыштап, бір уыс топырақ алды. Сырымбеттің орталық көшесінде орналасқан Шоқан Уәлиханов музейінің экспонаттарымен танысты, - дейді экспедиция жетекшісі.

Экспедиция Біржан сал, Бұланды аудандарына да барып қайтты. Біржан сал ауданындағы Мәдениет ауылының маңында мәңгілік мекенін тапқан Торайғыр би Едігеұлына төбенің биік басына ескерткіш тас қойылған екен. Бұл төбені Торайғыр төбесі деп те атайды. Экспедиция мүшелерінің қатарына жергілікті жердің азаматтары, аудан әкімі Достанбек Берікұлы да қосылып, қолдау білдірді. Осы өңірде Абылай ханның қара жолы бойында мәңгілік тыныстап жатқан Салық баба, Байгөбек қажы басына құран бағышталды.

Тағы бір құнды дерек, Біржан сал ауданында, Бурабайдан шамамен 60-70 шақырым жерде Абылай ханның сарбаздары жерленген қорым бар екен. Бұл экспедицияның тың дерегі. Ауыл тұрғыны Жанболат Қарпықұлының айтуынша, көнекөз қариялар осы жерге келіп, құран бағыштап жүреді екен және жастарға бұл жерді басқызбайтын көрінеді. Шамамен қанша адам жерленгені белгісіз. Тек екі құлпытас алыстан көзге шалынады. Жақындап баруға болмайды. Жерін қорғаймын деп шаһит болған сарбаздар рухына бағышталып, құран оқылды, - дейді Мұрат қажы Ыдырысұлы.

Экспедиция мүшесі, тарихшы Дулат Мәліковтің ойынша, Абылай өзінің әскерін 40-50 шақырым жерде ұстаған. Соғысқа аттанып кеткенде шамалы гарнизонын қалдырып отырған. Жараланған сарбаздарды емдеген, жарақаттан жазыла алмағандарын сол жерге жерлеген. Сондықтан болашақта республика деңгейінде ескерткіш кешен ашу қажет екенін айтады тарихшы.

Экспедиция мүшелері Бұланды ауданына қарасты Тастөзек ауылының маңында, қалың ағаш арасында орналасқан қазақтың халық композиторы, жауырыны жерге тимеген батыры Балуан Шолақтың кешеніне барды.

Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. Бірақ, аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, балуанның бар өмірі Көкшетау өңірінде өткен. Ауыл ақсақалдары батырдың келімсектермен күресте жараланып, көз жұмғанын және аруағын қорламасын деп жерленген жерін жасырын ұстауды аманат еткенін айтып отыратын. Балуан Шолақты орман ішіне, адам іздесе таба алмайтын жерге жерлегені де ақиқат. Кешенінің де осы маңда бой көтергені сондықтан, - дейді Сағадат Қабдуллин есімді ауыл тұрғыны.

Астрахан ауданына қарасты Жалтыр станциясында XVIII-ші ғасырдың көне жәдігері, мемлекет қарауына берілген «Әулиелер ордасына» да экспедиция мүшелері ат басын тіреді.

Сонау атеистік дәуірде ауыл ақсақалдары бұл жерге баратын жолды ұмытпай, жасырын түрде жақындарына көрсетіп жүріпті. Көне қорымда тек қана қажылар, отызға жуық адам және өз заманының атақты ғалым-хазреттері жерленген екен. Олар Қошқарбай батыр асырап алған Жақып молданың ұрпақтары деседі. Ішіндегі ең танымалы 9 әулие. Әулиелер ордасына жол көрсетіп, бізді бастап апарған жалтырлық азамат Нұрғали Салықовтың айтуынша, сонау тың игеру науқаны кезінде осы қорымды сырып тастауға бекінген шолақбелсенділердің бірінің техникасы сынып, енді бірінің есі ауысып, тіпті жынданып кеткені бұл жердің қаншалықты қасиетті әрі киелі екенін білдіреді. Бүгінгі күні жергілікті азаматтар әрі жоғарыда аталған қажы-хазіреттердің ұрпақтары зираттың маңайын абаттандырып, халық тәу етіп келетін орынға айналдыруды мақсат тұтып отыр, - дейді экспедиция мүшесі, журналист Гәкку Бәйішева.


Өзгелердің жаңалығы