56 оқушы «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтау қаласында «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсы өз мәресіне жетті.
Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткерінің мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға әр облыстан 160-тан астам 8-11 сынып оқушылары қатысты.
Конкурс 4 бағыт бойынша өтті:
• Ә.Кекілбаевтың шығармаларынан иллюстрациялық сурет салу,
• проза, поэзиясынан мәнерлеп оқу,
• шығармашылық зерделеу жоба,
• сахналық қойылым.
Үш бағыт бойынша 21 жеңімпаз анықталып, сахналық қойылымнан құрамында 35 оқушы бар 7 команда үздік атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің диплом, грамоталарымен марапатталды.
Байқау аясында қатысушылар Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап, жазушының шығармашылығымен танысып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Естеріңізге салсақ, «Әбіш оқулары» 2018 жылдан бері республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсы ретінде өткізіліп келеді.