Әбілқасымова екі жыл ішінде қанша проблемалық қарыз есептен шығарылғанын айтты

11 Мамыр 2022, 11:31
1636
Бөлісу:
Әбілқасымова екі жыл ішінде қанша проблемалық қарыз есептен шығарылғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде екі жыл ішінде 648 млрд теңгеге проблемалық қарыздар есептен шығарылды.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған кезде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

2020 жылдан бастап банктер Агенттіктің келісімі бойынша стрестік активтерді азайту жөніндегі жеке жоспарларды әзірлеп іске асыруда. Екі жыл ішінде 648 млрд теңгеге проблемалық қарыздар есептен шығарылды. Осыған байланысты стрестік активтерді нарықтық негізде одан әрі азайту әлі де өзекті, - деді агенттік төрағасы.

Осы заң жобасы 4 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. 

Мәдина Әбілқасымова заңның негізгі бағыттарына тоқталып өтті.

Заң жобасында стрестік активтерді авторизацияланған сатып алушылардың қолданыстағы тізімін жеке инвесторларды қосу арқылы кеңейту көзделеді.

Қазіргі уақытта банктер туралы заңның 36-1-бабына сәйкес авторизацияланған сатып алушылар тізіміне екінші деңгейдегі банктер, банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдары, Проблемалық кредиттер қоры, коллекторлық агенттіктер және басқа да қаржы ұйымдары кіреді. Бұл ретте, тізім кеңейтіліп, банктердің және микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерін жеке инвесторларға сату құқығы беріледі, - деп түсіндірді ол.

Айтуынша, жеке инвесторларға заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің қарыздарын сатып алуға рұқсат етіледі. Қарыз алушы – жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін заң жобасында жеке тұлғалардың кредиттерін инвесторларға сату көзделмеген. 

Өзгелердің жаңалығы