Абиба Әбужақынова Португалия Гран-приінің жеңімпазы атанды

28 Қаңтар 2023, 09:29
1565
Бөлісу:
Абиба Әбужақынова Португалия Гран-приінің жеңімпазы атанды

Әбиба Әбужақынова алғаш рет Гран-При жеңімпазы, Ғалия Тынбаева күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Португалияның Алмада қаласында дзюдодан Гран-При басталды. Жылдың алғашқы бәсекесі қазақ дзюдосының тарихына алтын әріппен жазылды десек, артық айтқанымыз емес. Себебі, алғаш рет әйелдер арасында екі қазақ дзюдошысы финалда күресті. Алтын үшін айқаста Әбиба Абужақынова тағы бір қазақстандық Ғалия Тынбаеваны ұтты, делінген Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Әбиба Абужақынова іріктеу кезеңінде аргентиналық Кейси Перафан мен сербиялық Андреа Стоядиновты жеңіп, жартылай финалға шыққан. Жартылай финалда тәжірибелі израильдік Шира Ришонидің жауырынын жерге тигізді.

Абиба Әбужақынова Португалия Гран-приінің жеңімпазы атанды

Ғалия іріктеуде әуелі француз Мелани Вьені, сосын америкалық Мария Селия Лабордені, ширек финалда испан Лаура Мартинес Абеленданы голден-скорда ұтқан. Ал Ғалия Тынбаева жартылай финалда португалиялық Катарина Костаны жеңді. Екі дзюдошы голден-скорды қоса есептегенде 11 минут 14 секунд күресті. Осы орайда Ғалияның қайсарлығын ерекше атап өткен жөн.

Абиба Әбужақынова Португалия Гран-приінің жеңімпазы атанды

Бүгін татамиге шыққан қалған Ұлттық құрама өкілдерінің нәтижесі мынандай:

Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Мағжан Шамшадин алғашқы кездесуде 18 жастағы жапониялық Ямато Фукудаға есеп жіберді. Осы салмақтағы Қанат Сейілхан үндістандық Виджай Кумар Ядавты ұтқанымен, украиналық Артем Лесюкке қарсы тұра алмады.

Сондай-ақ Сұңғат Жұбатқан мен Айболат Ыстыбай (66 келі), Айгерім Әбілқадырова мен Толғанай Әбеуова (52 келі) іріктеуде қарсыласқа жол берді.

Айта кетейік, Гран-При 29 қаңтарға дейін Тежу өзенінің жағасында өтеді. Мұнда 83 елдің 600-ге тарта татами шебері рейтинг ұпайы үшін таласып жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы