Әбдіқалықова: Домбыраның үні дүниежүзіне тарап, әлем мойындаған құндылыққа айналды

4 Шілде 2021, 10:48
1680
Бөлісу:
Әбдіқалықова: Домбыраның үні дүниежүзіне тарап, әлем мойындаған құндылыққа айналды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қазақстандықтарлы Домбыра күнімен құттықтады.

Сіздерді көнеден жеткен асыл мұрамыз, төл аспабымыз – Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жылдың 13 маусымында қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні ретінде белгілеу туралы Жарлығы жарық көрді.

Сол жылы шілде айының алғашқы жексенбісі 1-і күніне сәйкес келіп, елордадағы «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда 2 мыңнан аса музыканттан құралған домбырашылар оркестрі «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Еркесылқым», «Сарыарқа» күйлерін шабыттана орындағаны есімізде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен айтқанда, «Бұл – Елбасының рухани жаңғыру жолын және салт-дәстүріміздің мән-маңызын дәріптейтін игі бастама. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар».

Бүгінгі күні қасиетті домбырамыздың үні дүниежүзіне тарап, әлем мойындаған құндылыққа айналды. Төрімізде ілулі тұратын домбыраның қоңыр үнін естіген кез келген адамның қаны ойнап, рухы асқақтай түсері сөзсіз.

Тіліміз жетпеген көңіл күйімізді киелі қара домбыраның үні жеткізіп, талай ғасырғы тарихымыздың куәсі, ұлттық руханиятымыздың мәйегі ғана емес, кеудемізде ұлттық құндылықтарымызға деген ұлы сезімді оятар күш беретін бойтұмарымызға айналған секілді!

Қадір Мырза-Әлі ағамыз айтқандай, «Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» Ұлттық домбырамыздың үні асқақтай берсін!

Өзгелердің жаңалығы