Әбдіқалықова: Әрбір адамның бастау бұлағы – отбасы

12 Қыркүйек 2021, 12:35
14802
Бөлісу:
Әбдіқалықова: Әрбір адамның бастау бұлағы – отбасы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Отбасы күні қарсаңында «Мерейлі отбасы - 2021» байқауының республика бойынша 17 жеңімпазы Мемлекет басшысының дипломымен марапатталып, арнайы сертификат иеленді.

Әрбір адамның бастау бұлағы – отбасы. Сондықтан да данагөй халқымыз «Әке - асқар тау, ана - мөлдір бұлақ, бала - жағасында өскен құрақ» деп, осы қасиетті үштағанды ұлттық тәрбиенің өзегіне айналдырған. Тек берік отбасылық дәстүрге орныққан ел ғана мызғымас мемлекет бола алады. Осы ретте, Елбасы Жарлығымен 2013 жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні ретінде аталып келеді. Ал, 2014 жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қазақтың ұланғайыр даласындағы тағылымы талайға тәрбие болар отбасыларды танытып, отбасылық, адамгершілік, рухани құндылықтарымызды жаңғыртты, - деп жазды Қызылорда облысының басшысы Гүлшара Әбдіқалықова.

Отбасы күні қарсаңында «Мерейлі отбасы - 2021» байқауының республика бойынша 17 жеңімпазы Мемлекет басшысының дипломымен марапатталып, арнайы сертификат иеленді.

Оның ішінде аймақтық конкурста бас жүлде алған шиелілік Әбілдашевтер отбасы да бар. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласына лайықты үлес қосқан Әбілдашевтер отбасы 10 баласынан 42 немере, 12 шөбере сүйіп, бейнеттерінің зейнетін көруде. Биыл - ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі. Тәуелсіздік біздің ең басты байлығымыз десек, сол байлығымызды шашыратпай, еселеп, мәңгі сақтауда ауызбіршілігі мол отбасының ролі зор. Өйткені, Отан – отбасынан басталады. Осы орайда, ел Президентінің қолдауымен мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға тиісті жағдайлар мен қамқорлық жүйелі жасалуда. Ана мен баланы қорғауға арналған мемлекеттік бағдарламалар, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсуде. Атап айтсақ, Сыр өңірінде 2020 жылы әлеуметтік көмекке бюджеттен 5,2 млрд.теңге қаралcа, 2021 жылы бұл қаржы 1,67 пайызға көбейіп, 8,7 млрд теңгені құрап отыр, - деді өңір басшысы.

Бүгінде облыс халқының жалпы саны 821 932 болса, 141 мыңнан астам отбасы бар. Оның ішінде
47 мыңнан астам көпбалалы аналардың 2109-ы батыр аналар.

Осындай қолдаулар мен халықтың жайлы тұрмыс кешуіне бағытталған игілікті шаралардың нәтижесінде аймағымызда демографиялық көрсеткіш пен жас отбасылар қатары көбеюде. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен алтын құрсақты аналарымыздың 7 мыңдайы «Алтын алқа», 10 мыңдайы «Күміс алқа» иегерлері. Бүгінгі мерейлі мереке – Отбасы күнімен баршаңызды құттықтай отырып, әр отбасының керегесі кең, шаңырағы биік, уығы берік болсын, береке-бірлік арылмасын деп тілеймін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры нық, ғұмыры мәңгі болсын, - деп жазды ол.


Өзгелердің жаңалығы