Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбекте ашаршылыққа қатысты 1928-1934 жылдар аралығындағы тарихи құжаттар мен деректер жинақталған.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа еңбек университеттерге, ғылыми институттарға, орталық және өңірлік кітапханаларға жіберілетінін, сол арқылы ашаршылық туралы архив материалдары көпшілік үшін қолжетімді болатынын жеткізді.
Өз кезегінде кітаптың жауапты редакторы, белгілі ғалым, тарихшы, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы бұл еңбектің осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететінін атап өтті.
Біз ашаршылықтың себептері мен трагедиялық салдары туралы бұрын жарияланған және осыған дейін еш жерде жарық көрмеген материалдарды салыстыра отырып, талдау жүргіздік. Соның арқасында республикалық, өңірлік және шет елдердегі архивтерде сақталған деректердің ауқымды қорын жасақтадық. Бүгін жарық көріп отырған кітапты ашаршылық тақырыбы бойынша Қазақстанның бірыңғай және жүйелі базасын қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам деп қабылдауға болады, – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Сенатта «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа үш томдық жинақ жарық көрді.