Абайдың 175 жылдық мерейтойы: 500-ден астам шара өтеді

21 Қаңтар 2020, 16:09
2702
Бөлісу:
Абайдың 175 жылдық мерейтойы: 500-ден астам шара өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында халықаралық, республикалық және жергілікті деңгейді 500-ден астам шара ұйымдастырылмақ.

2020 жылдың 30 мамырында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге іс-шаралар жоспарын құру туралы Үкіметке тапсырма беріп, арнайы Жарлық шығарған болатын. 

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мерейтойдың ашылу салтанатында жоспарланған шаралар жоспарымен бөлісті. 

Биыл ұлы ойшылдың мерейтойында халықаралық, республикалық және аудандық деңгейде 500-ден астам іс-шара өтеді. Маңызды шаралардың бірі – тамыз айында өтетін Семей қаласында өтетін ғылыми-практикалық конференция. Сонымен қатар, қазанда елордада ауқымды халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың мұрасы мен тұлғасы жан-жақты айшықтала түседі деп сенеміз, - деді мәдениет және спорт министрі Абайдың 175 жылдық мерейтойының ашылу салтанатында. 
Ақтоты Райымқұлова мемлекет басшысы Абайды жаңа Қазақстанның символы ретінде таныту туралы айтқанын атап, оның шығармалары шет елдің он тіліне аударылатынын, Абай туралы деректі фильмдер шығатынын айтты. 
Соған сәйкес ақынның өлеңдері мен қара сөздері он шет тіліне аударылады. Бұл ретте, біз аударма ісінің сапалы орындалуына басымдық береміз. Сондай-ақ, Абай туралы бірнеше деректі фильм және телесериал түсіру жоспарланып отыр. Мерейтой аясында шет елдерде бірқатар маңызды шара өткізіледі. Қазақстанның елшіліктері жанынан "Абай орталықтары" ашылады. Бұл – әлемге ақынның еңбектері мен ұлттық құндылықтарымызды қатар таныту деген сөз. Ақынның ғибратты ғұмыры халқымыздың төл өнері – айтыс арқылы да кеңінен насихатталады, - деді ол.

Үкімет өкілі мерейтой аясында шығындардың бос жұмсалмайтынын бақылап, Абай туған өңірде мәдени туризмді дамытудың қолға алынғанын атап өтті.

Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандыруды қолға аламыз. Сол арқылы ұлы ақынның рухына тағзым етіп келетін жұртшылыққа лайықты жағдай жасаймыз. Мұндай қадам өңірде мәдени туризмнің дамуына тың серпін береді. Мерейтойға байланысты бұдан басқа да көптеген мәдени іс-шара өтеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ең басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау екеніне зор мән беріп отыр. Іс-шараларды өткізу кезінде ысырапшылдық пен науқаншылдыққа жол берілмейді. Жалпы, біз Абайдың мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын өте маңызды шара ретінде мән береміз. Абай мұрасы – жаңа Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Ұлы ойшылдың өсиетіне әрдайым берік болсақ, ел ретінде еңселене түсеміз. Абай мерейтойы – Елбасымыз бастаған Рухани жаңғыру бағдарламасының өте бір маңызды бөлігі. Халқымыздың бойтұмары – Абайдың өнегесін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – баршамызға парыз. Сондықтан ұлтымызды ұлықтайтын осындай игі бастамаға жұрт болып жұмыла білейік, - деп аяқтады сөзін ведомство басшысы.
Айта кетсек, қазір елордадағы "Астана Опера" театрында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының салтанатты ашылуына орай өтіп жатқан кешке ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Абай Құнанбайұлының рухын асқақтату үшін ұйымдастырылған шара екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы