Абай ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі – Тоқаев

9 Қаңтар 2020, 12:44
10382
Бөлісу:
Абай ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-ма­ңы­зын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында жазды. 

Біз егемен ел ретінде өсіп-өркен­деуі­міз үшін мемлекеттілігімізді нығай­туымыз керек. Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-ма­ңы­зын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал, - деді Тоқаев. 
Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті.
Ол әділетті қоғам құру идеясын кө­тер­ген. Демек, Абайдың көз­қарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады. Менің "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабыл­даған кезде азаматтардың ұсы­ныс­­тары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қа­­лып­­тас­тырудың бірден-бір шарты деп білемін, - деп жазды президент.
Ұлы ақын "Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды" дегенді бекер айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да аңғартады.
"Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ" замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн. Мемлекет пен қоғам өкілдері түйткілді мәселелерді бірге талқылап, шешімін табу мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Кеңес формальды сипат алып кетпеуі үшін оның мүшелерімен арнайы кездесіп, жұмысын жіті қадағалап отырмын, - деді ол.
Абай шығармаларында меритократия мәселесіне де айрықша мән берілген. Ол адамды мәртебесіне қа­рай емес, талабы мен еңбегіне қарап баға­лаған. Ұлы ақын қазақ жастарына жөн-жоба көрсетіп, бағыт-бағдар берген.
Қазір Қазақстанда саяси жаңғыру үдерісі жүріп жатыр. Елбасының қолдауымен билікке басшылардың жаңа буыны келе бастады. Соған қарамастан, елімізде түбегейлі саяси өзгеріс керек деген ойлар да жиі айтылып жатады. Бірақ бұл мәселе бойынша ұлттық мәмілеге келудің, мемлекет мүмкіндіктерін шынайы баға­лаудың және жүктелген міндетке жауап­кер­шілікпен қараудың маңызы зор. Өзгеріс деп байбалам салатындар еліміздің болашағын байыптамайды, жай ғана популистік идеяларға табан тірейді, - деді мемлекет басшысы.
Популизм теріс тенденция ретінде дүниежүзілік сипат алды. 

Әлемнің түкпір-түкпірінде нақты стратегиясы жоқ, тек жалаң ұрандар арқылы билікке жеткісі келетін топтардың дауысы жиі естілуде. Осындай даңғазаға құмар адамдар туралы Абай: "Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып", – дейді. Расында, бұл – кез келген елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті үрдіс. Бізге, Абай айтқандай, артық мақ­танға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет. Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал. Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық. Осындай саясат жүргізген кезде ғана барлық стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізіп, Қазақстанды озық дамы­ған мемлекеттердің қатарына қоса аламыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Өзгелердің жаңалығы